Кейінгі жылдары асқан жылдамдықпен жасанды интеллект ғасырына өткен секілдіміз. Осы өзгерістер кезеңінде кез келген салада қолданылатын әрбір құрылғының «жүрегі» іспетті микрочипті жасау көп елдің сауда-экономикалық бәсекедегі әлеуетіне ықпал етіп қоймай, саяси, қорғаныс бағытында қауіпсіздіктің кепілі болып отыр. Неге? Себебі микрочип – жасанды интеллектінің «миы». Ал жаңа дәуірде ақыл-ойдың күші өзіңде болғаны – түптеп келгенде тәуелсіздіктің кепілі.
Ел ғалымдары сол микрочип технологиясына, бәлкім өндірісіне алғашқы қадам жасады. Бұл жаңалықтың басы-қасында компьютерлік инженерия бойынша (PhD) философия докторлығын АҚШ-та қорғап келген Нұрсұлтан Қабылқас жүр. Ол Америкадан 2021 жылы елге оралған соң, көп ұзамай осы шаруаны қолға алуды ойлаған. Сөйтіп, шетелде докторантурада 6 жыл бойы жинаған білімі мен тәжірибесін қазір өзі еңбек ететін Назарбаев университетінің мүмкіндіктерімен үйлестіру арқылы ойындағысын іске асыруға көшкен.
«Біз секілді дамушы елде микрочипті өзіміз өндірмесек те, дизайнын жасауға болатынын білдім. Сондықтан микрочиптердің сұлбасын жасауды үйрететін адам, орта іздей бастадым. Жалпы, микрочиптер Америкада өткен ғасырдың 60-жылдары басталды десе де технологиялар біраз әлсіз болды. Қазір көп жаңарды. Сол себепті елімізде осы өндірістегі алыптарды басып озбасақ та соған ілесіп кетеміз деген үмітім бар. Біз отандық микрочиптің дизайнын жасап шықтық. Әлбетте әлемдік микрочип өндірісінде бұл ешқандай жаңалық емес, жай ғана дүние жүзінде бірнеше жыл бұрын жасалып қойған дүниенің қалай әзірленетінін үйрендік. Сондықтан микрочип өндірісін дәл қазір бастап кетеміз демеймін, дегенмен осы дизайн негізінде белгілі бір стратегиялық маңызы бар, айталық, әскери саладағы жобаларға ескі технологияларда чип шығаратын жаңа зауыт ашсақ болады. Мұны Үкіметке айтсаң, бірден шығынды есептей бастайтыны белгілі, өйткені чип шығару арзан емес, бірақ чиптің дизайнын өзіміз жасағанымыз қауіпсіздік тұрғысынан құнды болар еді. Осыны ескерген жөн», дейді ғалым.
Нұрсұлтан Қытайдағы маманмен әріптестік байланыс орнатып, ешқандай шартсыз, екі ғалымның қол алысқан қарапайым келісімінің күшімен микрочип жасауды басынан бастап дайындағанға дейін толық үйренді. Бастапқыда чипке байланысты шығындардың барлығын өз қалтасынан жауып жүрді. Бір жылдан кейін «Qazinnovations» инновациялық экожүйені дамыту орталығынан 16 млн теңгелік қайтарымсыз грант ұтып алды. Соны докторанттарға төлеп, студенттерді тартып, топ жиған. Кейіпкеріміз бастаған ұжымның коммерциялық өнім емес, сынақ жүзінде, үлгі ретінде әзірлеген микропроцессоры 28 нанометрлік технологиясымен жасалды. Мұны 5 жыл бұрынғы технология деуге болады. Бүгінде қолданылып жүрген компьютерлердегі, телефондардағы микропроцессорлар 5 нанометрлік өлшемде. Әлемдегі көптеген ел өз микрочиптерінің дизайнын жасап, өндіру үшін осы күні тіпті атом деңгейіне өтіп кеткен 3 нанометрлік микрочиптерді шығаратын Тайваньдағы ең үздік технологиялары бар ірі зауытқа жолдайды. Микрочиптер негізінен көлемі кішірейген сайын жылдамдығы жоғары болады. Отандық ғалымдар да бірден заманауи 5 нанометрлік микрочип дизайнын жасап шыға алады, технологиясын үйренген соң қолдан келеді, мұнда мәселе қаржыға тіреледі.
«Енді Қытайдағы бізді үйреткен әріптестермен бірлесіп, салалық министрліктермен жиналып, микрочип жасауды еліміздің стратегиясына енгізуді ойлап жүрмін. Бұл істі мемлекет қолға алмаса, дамымайды. Тайвань тарихына үңілсек, олар да бірден осы индустрияда алпауытқа айнала салмаған, сонау 60-жылдары Америкада чипті ойлап тауып жатқанда соны өндіретін зауыт ашуды, сол арқылы өркендеуді өздерінің стратегиясына, жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізген. Кеш шығар, бірақ бізге бастау керек, қазір қолға алмасақ, тіпті артта қалуымыз мүмкін. Осыған қоса еліміздегі ІТ-саласына маман даярлайтын әдетте тек бағдарламалауды үйрететін университеттерге де чипті жасау курсын енгізу керек. Бұл бағытта тәжірибем де бар, себебі әуелде микрочип жасауды студенттеріме сабақтан тыс қалуына қарай үйретіп жүріп, кейін арнайы курс аштым. Курс бойынша бүгінде 40 студент оқып жатыр», дейді Н.Қабылқас.
Шын мәнінде, бұл оның бала арманы еді. Өйткені кейіпкеріміз кішкентайынан бағдарламалауды ұнататын. Одан түрлі оқушылар байқауына қатысып жүрді. Ұнайтын істі меңгеріп алғанда тағы бір қызығушылықтың тууы оны әрі қарай дамуға жетеледі. Осылайша, ол компьютерлердің жады (процессоры) қалай жұмыс істейтінін зерделей бастады. Бірақ қиындау болған, десе де сағы сынбай, керісінше жігерін жанып, өзіне жұмбақ әлемнің есігін ашты. Компьютер қолданатын емес, жасайтын адам болуды қалаған бала арманмен «Болашақ» бағдарламасының стипендиясын иеленіп, бакалавриатты оқу үшін Америкаға аттанды. Бес жыл бойы компьютер инженериясына оқып, елге оралды.
«Сол уақытта Назарбаев университеті енді қалыптасып жатты, «teaching assistant» қызметінде профессор, ғалымдармен бірге жүріп ғылымның не екенін түсіндім. Студенттермен жұмыс істеу, оларға білгенімді үйретуден шабыт алатынымды ұқтым, сондықтан өзімді осы жағынан жетілдіруді көздедім. Сөйтіп, бакалавр дипломымен қайтадан АҚШ-қа, бірақ басқа университетке, бұл жолы «Болашақ» бағдарламасынсыз бірден докторантураға түстім. Американың жүйесінде докторантураға магистратурасыз-ақ түсуге болады. Менің докторантурадағы ғылыми бағытым индустрияға бағытталғандықтан, жаз сайын бір компанияда жұмыс істеп жүрдім. Сол себепті докторлығымды 6,5 жыл дегенде қорғадым, мұның 2 жылы теория тұрғысынан оқу, қалғаны нағыз зерттеу жұмысы болды. Бәрін бітіргенге дейін университет толық грантпен қамтамасыз етіп отырды», дейді Н.Қабылқас.
Нұрсұлтан микропроцессорды верификациялау тақырыбында PhD диссертациясын сәтті қорғап шықты. Себебі ол процессорларды өңдеу барысында дизайн пайда болғаннан кейін оны тексерудің тиімділігін арттырды, зерттеу арқылы бұрыннан қалыптасқан әдіснамасын жетілдірді. Сол еңбегін ірі корпорациялар, ІТ-индустриядағы ірі компаниялардың басшылары қатысқан беделді «Micro» ғылыми семинарда таныстырып, баяндама жасады. Зерттеуімен танысқан бір компания ғалымның ғылыми жұмысы негізінде қайта жазылған процессорларды тексерудің әдіснамасы арқылы өздері өндірген өнімнің ақауын тауып, қаншама миллиард қаржысын үнемдеп қалған. Процессорларды өндіретін өндіріс орындары әуелі тауардың дизайнын жасап, тексеріп, содан соң ғана бірнеше жүз мыңдаған данамен шығаруға жібереді. Егер дизайны әуелде дұрыс әдіснамамен тексерілмесе, зауыт шығынға ұшырап, қаншама мың дана өнім ақаумен «туады». Осындай нәтижесімен елімізге қайтып келген отандасымыз диссертациясына арқау болған зерттеуін елде қолданбалыға айналдырды, яғни докторантурада микропроцессордың жұмысын жөндеп тексеретін әдіснама жазған ғалым енді сол микропроцессордың өзін жасауға бет алды.
«Елде жарыммен бас қосып, Америкаға докторантураны оқуға екеу болып аттанып, Отанымызға бесеу болып оралдық. АҚШ-та балаларымыз дүниеге келді. Әрине, сол жақта қалуға болушы еді, алайда біз туған жерді, туғандарды сағындық. Болашағымызды осы жерде көргіміз келді», деген кейіпкеріміз көпті ойландырады. Дәл осындай елім дейтін ерлерге мемлекетін дамытуға, байытуға мүмкіндік берсек, демеу бола алсақ қане...