• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Есірткі 23 Сәуір, 2025

Келешекке балта шабатын кесел

90 рет
көрсетілді

Кейінгі бес жылда есірткіге тәуелді жастар көбейіп барады. Деректерді сарала­сақ, құрамы құбыл­ған синтетикалық өнімдерді тасымалдаушылар 16 мен 32 жас аралығындағы аза­маттар болып шықты. Қазір олардың шамамен 1 200-і осы қылмысы үшін темір торға тоғытылған.

Оңалту орталықтарының жұмысы қаншалықты тиімді?

Негізі елімізде нашақорлыққа қарсы түрлі деңгейдегі іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Жастарды есірткі өнімдерінен қорғау, оның алдын алу, көрігі қызған көлеңкелі бизнес­пен күрес сынды лозунгтерге әбден көз үйренді. Жасалған жұмыстың нәтижесі де анау айтқандай болмай тұр. «Google»-ді ақтара қалсаң, шыға­тын статистикаға да іштей күйіне­сің.

Мәселен, ақыл-есі сау адамды ессіз күйге түсіріп, есіртіп-еліртетін синтетикалық өнімге бүгінде 20 мыңға жуық адам құрсаулы. Ең өкініштісі, олардың 1 500-ден астамы – әйел, 100 шақтысы – бала. Ішкі істер министрлігі тәуелділер саны ресми тіркеудегіден әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Себебі апиынға арбалып, марихуанаға масайрағандардың көбеюіне мүдделі қылмыстық топтар қалтасын қампайту үшін неше түрлі айла-әдісін мемлекеттің жүйесіне: сот, прокуратура, ішкі істер саласына сәйкестендіріп әзірлейді. Яғни бұл қылмыс пирамида секілді жұмыс істейді. Алдымен «инеге отырмасаң болды, иіскеп көрген нашақорлыққа жатпайды» деп шырмауыққа түсіреді. Шындығында оның дәмін бір рет татқан соң, адам сол кеселдің тұтқыны болып шыға келетінін аңғармайды.

– БҰҰ статистикасында Қазақстан әлемдегі есірткіні тұтынушылар саны бойынша 8-орында тұр. Тіпті Ауғанстан мен Колумбия бұл рейтингте әлдеқайда төмен орналасқан. 2022 жылы жастар арасында жаппай сауалнама өткіздік. Бұдан біз нашақорлық жасарып бара жатқанын аңғардық. 2019 жылы есірткі тұтынатын адамның орташа жас портреті 25 жастағы ер адам болса, 2022 жылдың орташа тұтынушысы 17 жастағы қыз болды. Мен өз көзіммен оңалту орта­лық­тарында 13 пен 15 жас аралы­ғын­дағы балалардың синтетикалық есірткіден емделіп жатқанын көрдім, – деді «Esbol qory» төрағасы Жандос Ақтаев.

Ол бұл орталықтарда емделу­ші­лер­ді тексерудің, лицензиялаудың механизмі жетілмегенін айтты.

– Бұл кемшілікті қонышынан басып, кей адамдар өздері «ойыншық» орталық ашып, ауруларды емдеудін орнына зиянын тигізіп жатыр. Сондықтан оңалту орталықтарының тиімділік деңгейі шамамен 30% дер едім. Яғни 100 тәуелді адамды 1 жылдық курсқа жіберсек, шамамен тек 30-ы бастапқы 5 жылда қайта тұтынбайды. Қалған 70-і орталықтан шыққан сәтте-ақ баяғы әдетке басады. Демек салдармен емес, оның алдын алуға көбірек мән беру керек. Өйткені халықты есірткіге тәуелді қылу – бұл прагматикалық бизнес. Мақсаты – азаматтарымызды әлсіз қылып, есірткіден бодан жасап, мемлекетке әсер ету. Осылайша, егемендікке, тұтас ұлттың тағдырына балта шабу. Есірткіге тәуелділерді емдеу, қылмыскерді іздеу мен ұстау қыруар қаражатты талап етеді. Тәуелділер ақша табу үшін ұрлық пен жезөкшелікке барып қоғамдық тәртіп пен денсаулыққа зиян келтіреді. Есірткіні сатып алушылар мен сатушылар өз ақшасын көлеңкелі нарыққа салып, экономикаға кері әсер етеді. Одан қалды, тәуелділер отбасын құра алмай, құндылықтар да белгілі бір деңгейде зардап шегеді. Сәйкесінше, ұлттық қауіпсіздікке қатер төніп тұрған соң, мемлекет аталған мәселелерді жүйелі шешу үшін қаржы бөлуге мәжбүр болады. Сарапшыларымыз профилактикаға жұмсалған 1 доллар мемлекетке 120 доллар үнем болатынын санап шықты. Негі­зінде бұл қаражат жаңа жолдар мен мектептер ашуға, зауыт пен фабрикалар салуға жетер еді, – дейді Ж.Ақтаев.

Жақында «Amanat» партиясы жанындағы білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі респуб­ли­калық кеңес отырысында да тәуел­ділікті емдеу және психикалық бұзы­лыстармен күресу жағдайы талқы­ланды. Жиында медициналық лицензиясы жоқ, бірақ әлеуметтік және психологиялық оңалту қызметтерін көр­сететін жекеменшік орталық­тардың проблемасы көтерілген еді. Ашық дереккөздерге сүйенсек, бүгінде елімізде осындай 66 ұйым бар.

– Қазақстанда 20 облыстық психикалық денсаулық орталығы, 83 қа­ла­лық психоневрологиялық орта­­лық және аудандық ауруханалар жанындағы 207 психологиялық көмек кабинеті жұмыс істейді. Елде психикалық ауытқуларға байланыс­ты динамикалық бақылауда 110 мыңға жуық адам тұр. Оның ішінде 91 мыңы – алкогольге, 18 мыңнан астамы – есірткіге тәуелді. Жекеменшік оңалту орталықтарының қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін бақылауды күшейту, лицензиялау талаптарын енгізу және әлеуметтік-психологиялық оңалтудың тиімділігін қамтамасыз ететін қатаң стандарттар әзірлеу қажет. Қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігімен бірлесіп, тиісті норма­тивтік-құқықтық актілер енгізу бо­йынша жұмыс жүргізіп жатыр, – дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев.

 

Әдеттің жасырын күші

«Сен» және «Мен» кітабының авторы, елге белгілі коуч Азамат Сқақов «YouTube» платформасын­да мидың мүмкіндіктері турасындағы бір подкас­тында кез келген жақсы не жаман әдет адам өзін соған сен­діргенінің, сана-сезімінің арқасында қалыптасатынын, құмар­лыққа өрши­тінін ашып түсін­діріп берді.

– Әдет – екі нейронның арасындағы байланыс. Бізде шамамен 100 млрд нейрон бар. Сол нейрондарды бір-біріне жалғау, яғни бір ақпарат мида тұрақтауы үшін күш салу қажет. Мәселен, бір адам екі жыл қатарынан энергетикалық сусын не темекі тұтынды делік. Алғаш темекі шеккенде қандай эмоцияда болды, кіммен бірге көрді деген секілді факторлар оның өнімді тұрақты тұтынуына, әдет болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Біз екеуміз кездескен са­йын темекі шексек, мен келесі жолы сізді көрген кезде, миымдағы темекі туралы нейрондар белсенді жұмыс істей бастайды. Кейде тіпті оны көңіл күймен де байланыстырып қоясыз. Мысалы, ашуланып тұрсаңыз, темекі тұтынасыз. Бұл жиі қайталана берген сайын мида жатталып, ақпарат орныға береді. Себебі темекі мен жоғарыда аталған себептер тығыз байланысып, нейрондар өзара қабысып, тұрақтап қалады. Сәйкесінше, оны есте сақтауға ми көп энергия жұмсамайды. Ал ми көп нәрсені әдет қылып алғысы келеді. Неге? Өйткені ағзаны қорғау үшін ол ең алдымен энергияны үнемдеуге бейім болады. Шешуші не күрделі кезеңдерде жұмсаймын деп қор жинақтай береді. Демек құтылудың бір ғана жолы – миға жаңадан тапсырма беру. Ал кез келген ақпарат мида орнығуы үшін 21-90 күн аралығы қажет, – дейді А.Сқақов.

Көп психологтердің де сөзі осыған саяды. Демек бізге ғылыми дәлел­ден­ген әрі тиімді профилактика керек. «Біз есірткіге қарсымыз» деп ұрандатып жай ғана спорттық шараларды өткізу енді тиімсіз екенін түсіну қажет. Байқап қарасақ, бүкіл өркениетті әлемде тәуелділіктің алдын алуда мемлекет арнайы қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс істейді. Ал бізде кеселмен күресте бұл жұмыс та қалыпты өрлемей тұрған сыңайлы.

– Мемлекеттік не жекеменшік болсын, заманауи тәуелділіктерді ем­деудің бір жолы ғана бар – психолог-аддиктологтермен жұмыс. Бұрын дәрі егіп емдесе, қазір адам­ның сана-сезімімен жұмыс істеп, тәуелділікті жеңуге көмек береді. Бұл – мәселені шешудің ең тиімді жолы. Алайда Қазақстанда әлі де аддиктолог мамандығы жоғары оқу орындарында жоқ, сәйкесінше елімізде шетелдік мамандардың қаптап кетуі де орынды. Ал біз қазір демеушілерсіз, Қазақстан халқын нашақорлық пен лудомания тәуелділіктерінен қорғауда өз күшімізбен жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен, жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін «Mergen» атты компьютерлік бағдарламаны жасап шығардық. Ол интернеттегі вирустық-есірткі контентін тауып, бұғаттайды. Күні бүгінде қосымша арқылы 4 мыңнан аса онлайн есірткі дүкені бұғатталды. Негізі бұл мемлекетке миллиардтаған қаржыны үнемдеуге септесетін бағдарлама. Оны әрі қарай дамыту үшін бізге тек демеушілер қажет. Астана қаласы бойынша есірткі қылмысының цифр­лы картасын да жасадық. Ол арқылы әрбір белсенді азамат кез келген есірткі қылмысы туралы шағымды анонимді түрде бере алады. Ал біз оны құқық қорғау органдарымен бірігіп саралаймыз. Бұл картаның тиімділігі азаматтық белсенділікті ілгерілету ғана емес, анализ жасай отырып, қала­ның нақты аймақтары қандай әлеуметтік инфрақұрылымды немесе іс-шараларды қажет ететінін көрсету. Жоба қанатқақты режімде еліміздің кей аймақтарында 10 ай бойы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта барлық өңірді қамту жоспарда бар. Жақында Аустрияның Вена қаласындағы БҰҰ-ның Есірткі заттары жөніндегі комиссиясының (CND) 68-сессиясына қатысып, отандық тәжірибені таныстырдық. Халықаралық байланыстар орнаттық. БҰҰ-ның Есірткі мен қылмыс басқармасы жастар арасында нашақорлықтың алдын алуда әлемдік стандарттарды енгізді. Осы маңызды құжатты қазақ тіліне аударып жатырмыз, – дейді «Esbol qory» төрағасы.

 

Жаза жеңілдей ме?

Жалпы, адам есірткіні немесе сол тектес затты аса ірі мөлшерде сақтап, өткізбекші болған, дайындаған немесе бұл әрекетін адамдар тобымен сөз байласып істеген не қоғамдық орында, электрондық ақпараттық ресурсты пайдаланып жасаған болса, Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотталады. Жаза – 10-15 жылға бас бостандығынан айыру.

Осы үкімнің ізімен 14-32 жас ара­лығындағы жастардың есірткі тасы­малымен 10-15 жылға қамалып жат­қаны қорқынышты. Біреулер бұл қадам­ға білместікпен барады, ал енді бірі жұмыс іздеп жүріп әккілердің арбауына түсіп қалады. Әрине, заңды білмеу жауапкершіліктен құтқар­майды. Бәрі де мұның парқын түсінуге тиіс. Бірақ қоғамда бұл жаза қатаң дегендер көп болды.

Артынша, осыдан үш жыл бұрын Мәжілісте жұмыс тобы құрылып, есірткі туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, әзірленді. Құжатта халықтың біраз бөлігінің пікірі ескеріліп, есірткі өткізумен бір рет айналысып, ұзақ жылға қамалған адамдардың жазасын жеңілдету жайы қарастырылды. Талқылау барысында бұл ұсынысты қолдамағандар да болды. Мысалы, депутат Мұрат Әбенов: «Бүгінде есірткіге тәуелді адамдар онсызда көбейіп кетті, ал таратқан адамдардың жазасын жеңілдету мәсе­лені ушықтырып жібереді, есірт­кімен күреске кесірін тигізеді», деп ойын ашық жеткізді. Біраз сын-пікір айтылған соң заң жобасының Мәжі­лістегі бірінші оқылымындағы нұсқасында жоғарыда аталған бапқа өзгеріс енбей қалды.

Кейін Ұлттық құрылтайда Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі қылмысына, оны тұтыну­­шы­лар­дың көбеюіне алаңдау­­шылық біл­діріп, жаңа құжат әзірлеуді нақ­ты тапсырды. Араға уақыт салып, түзеліп, 2024 жылы 27 жел­тоқсанда Президент «Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бо­йынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Міне, бұл заң өткен айдан бастап қана кү­шіне енді. Осылайша, есірткі қойып кетушілерге жаза жеңілдетілді. Баса мән беретіні – құқықбұзушылардың жағдайы мен жасы ескеріледі, егер олар заңды алғаш рет бұзғандар болса, түсіністікпен қаралады.

Өскелең ұрпақтың санасын у­лап, болашағына балта шабатын дүние­лермен үздіксіз күрес керек-ақ. Сондықтан бұл елімізге қажет өзгеріс­тердің тек басы десек, алда «Нашақорлық пен есірткі бизнесімен күрес» бойынша кешенді жоспарды талқылау бар. «Esbol qory» төрағасы Жандос Ақтаев бұл жолы мемлекет ғылыми сараланған профилактикаға көбірек көңіл бөледі деген үмітте.