• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Кітапхана 23 Сәуір, 2025

Ғылыммен тыныстайтын ғимарат

20 рет
көрсетілді

Астананың қарбалас ор­талығынан сәл шет­кері жатқан Жеңіс даң­ғылында саябыр өмір, тым-тырыс тыныс тұрақтаған. Дәл осы көше бойында ескі ғимарат Республикалық ғылыми-техникалық кітапхана (РҒТК) орна­ласқан. Сырты қара­пайым, дабырасыз. Бірақ ішінде – жылдар мен ізденістің иісі бар.

1965 жылы «совнархоздың» кітапханасы ретінде негізі қаланған бұл орын – бүгінде еліміздің ғылыми-техникалық ақпарат кеңістігіндегі маңызды құрылым. Ішке енген сәтте тыныштық жайлайды. Дыбыссыз әрі байыпты жұмыс жүріп жатқанын бірден байқайсың. Кітап сөрелері қатар-қатар тізілген. Көзге бірден қалың түптелген ғылыми еңбектер, салалық журналдар түседі.

Кітапхананың бөлім басшысы Тұрар Вахитовна бізді жылы қарсы алды. Ол бұл мекемеде 30 жылдан бері жұмыс істейді. Әңгімесін тыңдап отырып, кітапхананың жылнамасын парақтағандай әсер аласың.

– Бұл көркем әдебиет емес, тек ғылым мен техника саласына арналған мамандандырылған кітап­хана. Мұнда студенттер, оқыту­шылар, ғалымдар, инженерлер – бәрі кәсіби ақпарат алуға келеді.

Кітапхана қорында 42 мыңнан аса кітап бар. Қор жыл сайын жаңарып отырады. Бірақ жаңа әдебиеттер алу оңай емес. Ба­ғасы қымбат, қаржы шектеулі. Себебі мекеме коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде тіркелген.

– Бұрын кітапхана тегін болатын. Кеңестік кезеңде мыңдап кітап алатынбыз. Қазір, өкінішке қарай, келушілер саны күрт азайған. Бір себебі – қызметтің ақылы болғаны.

Расымен де, бүгінде оқу залында студенттердің қарасы аз. Оқырман бір кітаппен жұмыс істеуі үшін 840 теңге төлеуі керек. Ал ғалымдардың бір күндік ізденісіне байланысты баға 800 теңгеден 21 500 теңгеге дейін жетеді.

Бір кездері 22 адам жұмыс істеген ұжымда қазір небәрі 4–5 адам қалған. Бірақ жұмыс тоқтаған емес. Ғылыми мекемелермен, кәсіпорындармен электронды пош­та арқылы байланыс орнатылған.

– Бізде сұранысқа ие бағыттар – ауыл шаруашылығы, менеджмент, дәнекерлеу, электр жүйелері, психология, тамақ өнеркәсібі. Әр сала маманы өзінің нақты ақпаратын іздеп келеді. Міндетіміз – сол ізденісте жәрдемші болу, – дейді кітапхана қызметкерлері.

Цифрландыру мәселесі – тағы бір өзекті тақырып. Қазір толық электронды база жоқ. Бірақ кітаптардың бір бөлігі электронды форматта қолжетімді. Егер қаржы табылса, бұл бағытта үлкен жұмыс атқаруға дайынбыз дейді олар.

Кітапхана 1960 жылы Қазақстан Компартиясы ОК қаулысы және Қазақ КСР Министрлер Ке­ңесінің өкімімен қаланған. Уақыт өте келе кітапхана құрылымы өзге­ріп, өңір­лерде 18 филиалы ашылды. Ке­ңестік кезеңде ол 429 кәсіп­орын кітапханасын біріктірген ақпарат­тық орталыққа айналды. Алайда 90-жыл­дардағы дағдарыс бұл жүйені әлсіретті. Қазір РҒТК-ның 7 өңірлік филиалы мен 4 пай­­­даланушы орта­лығы жұмыс істейді.

Кітапхананың бүгінгі миссиясы – ғылыми-техникалық мамандар мен кәсіпорындарды сапалы, сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету. Бұл – тек кітап сақтайтын қойма емес, ғылыми ізденіске бастар көпір. Жаңа дәуірде РҒТК зерттеу бағытына бет бұрып, пайдаланушы сұранысын зерделеуге кіріскен. Электронды жеткізу жүйесі енгізіліп, шалғайдағы пайдаланушыларға да жедел ақпа­рат ұсынуға мүмкіндік туған.

– Біз үлкен арманмен өмір сүріп келеміз. Ұлттық кітапхана секілді заманауи ғимаратта, кең кеңселерде жұмыс істеуді қалаймыз. Бірақ қазіргі жағдайымызға да шүкір дейміз. Себебі ең бастысы – біздің жұмысымыздың мәні мен қажеттілігі. Егер ғылыми-техникалық атауымызға сай бол­ғымыз келсе, заманауи инфра­құрылым, ақпараттық технология­лар, кең көлемді цифр­лық база қажет-ақ. Өйткені бұл – астаналық ғылыми-техникалық кітапхана. Елдің интеллектуалдық әлеуетін көтеруге үлес қосуға тиіс мекеме, – дейді бөлім басшысы.

Айтқандай, мұнда кітапха­нашыларға арналған оқыту курс­тары да бар. Кітапхана жанынан жұмыс істейтін Кәсіби даму мектебі еліміздің түкпір-түкпірінен келген мамандарға бағыт-бағдар беріп отыр.

– Бүгінде көптеген кітап­хана­шылар біз ұйымдастырған оқу­лардан кейін өз мекемелерінде нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Кә­сіби даму мектебінде курс бағдар­ла­малары әрбір кітап­хананың нақты қажеттілігіне қарай бейімделеді. Қаласаңыз – стандартты форматта, ал қажет болса – толықтай жеке тапсырма негізінде дайындалған авторлық бағдарлама ретінде ұсы­нылады. Бұл жерде оқытудың не­гізгі бағыттары – кітапхана ісінің негіздері, инно­вациялық технологиялар, ақ­параттық-коммуникация­лық құ­ралдарды қолдану, патенттік ақ­паратпен жұмыс істеу, сондай-ақ кітапхана өнімдері мен қызмет­терін насихаттау сияқты маңызды тақырыптарды қамтиды, – дейді мектептің бастамашысы әрі РҒТК президенті Маринат Бапиева.

Мұнда жай ғана тренингтер емес, тәжірибеге негіз­делген кешенді курстар ұсы­нылады. Қазір мектеп ұжымы оқытудың жаңа форматына көшіп, онлайн-консультациялар мен ортамерзімді курстарға басымдық беріп отыр

Бұл жерге келген әр адам – жауапты бір миссияның жолаушысы секілді. Ғылым жолын таңдаған жанның аялдайтын бекеті де осы шығар.