• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Тағзым 23 Сәуір, 2025

Өңір мәдениетін көтерген майдангер

90 рет
көрсетілді

Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасында Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, I дәрежелі «Отан соғысы» орденінің және жауынгерлік, еңбек, мерекелік медальдар­дың, екі мәрте Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Құрметті грамотасының иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Ұлытау, Ақтоғай аудандарының және Жезқазған қаласының құрметті азаматы Қалкен Мәкенбайұлының өнегелі өмір жолына арналған «Ерлікке өрілген өмір» атты тағзым кеші өтті.

Қалкен Мәкенбайұлының қайраткерлік ғұмыр жолының көбі Ұлытау-Жезқазған жерінде өтті. Ол майдангер ғана емес, өңірдің рухани, мәдени тамырына қан жүгіртіп, үлес қосқан, ғибратты ғұмыр кешкен тұлға болды.

Кеш кезінде Қалкен Мәкенбай­ұлының қолдауы­мен ашылған Жезқазған музы­ка­лық кол­ледж студенттерінің күм­­бірлеген күйі­м­ен басталды. Өз зама­нын­да еліне еңбегі сіңген ардақ­ты ақсақалдың ғұмыр­на­ма­сынан бір үзік сыр шертетін «Тұғыры биік тұлға» атты бейнебаян көрсетілді.

1924 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Сарыарқаның ерекше өңірі Қызыларай шыңының баурайында дүниеге келген Қалкен Мәкенбайұлының жетінші атасы Арқадағы тарихи тұлғалардың бірі – Сеңкібай. Ақсораңның биігіне қарап, ширығып ер жеткен Қалекең өзінің Сеңкібай мен Шойбектей батыр бабаларының, Қараменде, Жанғұтты сынды білікті билер мен шешендердің үлгі-өнегесін зердесіне құйып өссе керек.

Ол Сталинградты қорғау жолын­дағы шайқаста ауыр жараланып, елге оралған. 1943–1950 жылдары мектеп директоры, 1950–1973 жылға дейін партия, кеңес органдарында жауапты қызмет атқарған. 1973 жылы Жезқазған облысы құрылып, білікті басшы-ұйымдастырушы­лар қа­жеттілігі туындаған кезде пар­­­тияның Орталық комитеті Қалкен Мәкенбайұлын Жезқаз­ған облысының Мәдениет бас­қар­масының бастығы етіп жібе­­реді. 13 жыл облыстық Мә­де­ниет басқармасын бас­қар­ған­да, мәдени-рухани салада айтулы істер атқарылды. Қалалар мен аудандарда мәдени-демалыс бақтары, аттракциондар іске қосылды, облыс­тық Қуыршақ театры ашылып, шығармашылық үйі жұмыс істей бастады. Облыс бойынша 150-ден аса мәдени ошағын, кітапхана, клуб, мұрағат, музей ашты.

Атқарылған осындай игі істердің нәтижесінде өнер ұжымдарының жұмысы да жанданды. 1974 жылы «Ұлытау» этнографиялық-фоль­к­­­лор­лық ансамблі құрылды. Осы жылы республикалық комсомолдар съезінде алғаш өнер көрсеткен ансамбль кейін Мәскеуде, Германияда, ГФР-да, Литвада, Испанияда, Мәскеу Олимпиадасы төрінде, Грузияда өнер көр­сет­ті. Аталған ансамбльдің ізін баса облыстық мәдениет бас­қар­ма­­сының қолдауымен «Тау гүлі» (Ұлытау ауда­­ны), «Жезді жұл­­­дыз­­дары» (Жезді ауданы), «Тоқы­­­ра­уын толқындары» (Ақтоғай ауданы) ансамбльдерін құруға Қалкен Мәкенбайұлы ұйтқы болды. 1974 жылы Жезді ауданында Тұрсынбек Қайсыновтың жетек­­ші­лі­гімен өнерпаз жастар арасынан «Жезді жұлдыздары» халық ән-би ансамблі құрылды. Бұл ансамбль Жезді кен­­ті­нің мәдени-рухани дамуына қосқан үлесі орасан зор.

Жоғарыда аталған тағзым кешін­де жақсы адамның көзін көр­­­ген замандастары атынан сөз алған Жезқазған қаласының және Ұлытау ауданының құрметті азаматы, Ұлы­тау облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов: «Қалкен Мәкенбайұлы – Ұлытау өңірін мәдени, рухани жағынан дамытуға зор еңбек сіңірген тұлға. Мен 1974 жылы Жезқазғанға келдім. Сол жылы Ұлытау хореографиялық ансамблі құрылып жатты. Бірде Қалекеңмен үстел басында қатар отырып қалған екенмін. «Келе салып осындай жұмысты қолға алған ауыр сияқты» деп айтып қалдым. Сонда Қалекең: «Аруақ жебеп, үлкен облыс болып жатыр. Біз барынша осы жерді дамытуға адамдарды тартуға үлес қосуға тиіспіз. Әлі-ақ дүркіреп кетеміз», деді. Айтқанындай мамыр айын­­да ансамбль Алматыда өнер көрсетті. Қалекең әңгімені майын тамызып айтатын көшелі ақсақал болды. Нарманбет, Алаш қайраткері Әлихан, Сеңкібай батыр жөнінде әңгіме айтқанда теледидардан тыңдап отырғандай әсерге бөленетін едік. Ғылыми танымдық мақа­лалар да жазды», деп ағынан жарылды.

Шәкірттері атынан сөз сөйлеген әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов мына бір қызық оқиғаны баяндады: «Мен 1992 жылы Тайжан Қалмағанбетов атындағы Жезқазған мемлекеттік филармониясына директор болып келдім. Бұл жылы Қалкен аға зейнетке шыққан. Бір күні келіп: «Сен Мақпал Жүнісованы неге өнер көрсетуге шақырмайсың?» деді. Мен оның тұрмысқа шыққанын, күйеуінің айтулы адам екенін білесіз ғой дедім. Мақпалдың телефонын сұрады. Телефон нөмірін тауып бердім. Ол кісі Мақпалға қоңырау шалып «Мақпалжан, амансың ба? Мен Қалкен деген әкең боламын. Жезқазғаннан хабарласып тұрмын. Үйде күйеубала бар ма?» деді. Заманбекпен сөй­лесіп, «Жезқазған төңірегіндегі қайынатаң боламын. Жөн білетін азамат деп ойлаймын. Тотықұсты торға қамағанды қайдан көріп едің? Екі-үш күнге жібер қызы­мызды. Жерге қаратпаймыз, елміз ғой. Мен зейнеттегі адаммын. Осы телефонға хабарлас. Филармонияның директоры Серік көтереді», деді. Менің зәрем ұшып кетті. Ертеңінде таңғы 7-де жұмысқа барып отырдым. Сағат 7.30-да телефоным шыр ете қалды. Арғы жағынан З.Нұрқаділовтің қабылдауында отырған хатшы қыз Заманбек ағаға қосты. Амандасқан соң «Қалкен ағамыз қатты сөз айтты. Ақылды адам екен. Мақпал бір жетіден кейін барады. Дұрыстап күтіп алып, шығарып салыңыздар», деп телефон құлағын қоя салды. Сөйтіп, елде тоқырау болып жат­қан кезде Мақпалды алдырып, жұрт өнерін тамашалаған. Мәде­ниет басқармасының құлағы­­на алтын сырға, алдағы уақытта Қал­кен Мәкенбайұлы атындағы бір сыйлықты тағайындау керек сияқ­­ты», деп орынды ұсыныс айтты.

Кеште «Жезді жұлдыздары­ның» байырғы әншілері Зұлқия Мекебаева, Гүлнәр Нысанбаева, күйші Махмуд Аймағанбетов, «Тау гүлі» ансамблінің мүше­лері Қазақстанның еңбек сіңір­ген ­қай­раткері Марат Шоқтаев және Тентек Жұмаділдақызы, Мира Бәкі­баева өнер көрсетті.

Қалкен Мәкенбайұлы от кешкен майдангер ғана емес, мәдениет пен өнерді өрге сүйреген рухани қайраткер екеніне көз жеткіздік.

 

Ұлытау облысы