Егемендік алғалы бері қылмыс саны екі есе төмендеді. Кісі өлтіру фактілері 4,5 есе қысқарған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде «Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбында өткен көшпелі Үкімет сағатында айтылды. Жиынға Мәжіліс спикерінің орынбасары Дания Еспаева төрағалық етті.
Отырысты ашқан Дания Еспаева Мемлекет басшысы өз Жолдауында Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап шетелдіктердің заңсыз көшіп келуі және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті деп атап өткенін еске салды. Осыған байланысты Мәжіліс жауапты мемлекеттік орган – Ішкі істер министрлігін тыңдау туралы шешім қабылдаған.
– Парламент заң шығарушы орган ретінде заңдылық пен тәртіпті нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Кейінгі жылдары депутаттар уәкілетті органдармен бірлесіп, қылмыстық заңнаманы күшейту бойынша айтарлықтай жұмыс атқарды. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, есірткі қылмысы, бұзақылық, вандализм үшін жаза күшейтілді. Қылмыстық заңнама қылмыстың жаңа түрлерімен толықтырылды, олар – дропперлік, некеге мәжбүрлеу, сталкинг және басқалары, – деді Д.Еспаева.
Сондай-ақ Мәжіліс вице-спикері есірткі қылмысы, бұзақылық, қарақшылық көбейіп, ұсақ ұрлық, есірткі заттарын заңсыз пайдалану сияқты қылмыстық теріс қылықтар жиі тіркеліп жатқанына назар аударды. Сондықтан Үкімет сағатының негізгі міндеті құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйіне талдау жасау, яғни қоғамды не алаңдатып отырғанын анықтау және полицияның осы бағыттағы жұмысына баға беру екенін айтты.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қылмыстың экономикалық, көші-қон, мәдени, демографиялық және басқа да үдерістерге байланысты екенін, қылмыскерлердің 80 пайызы жұмыссыз, үштен бірі бұрын сотты болған, 30 пайызы мас күйде қылмыс жасағанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол қылмысты тұрақты түрде азайту үшін барлық мемлекеттік орган мен қоғамның күш-жігері қажет екенін жеткізді.
– Жалпы, елде жағдай тұрақты. Бұл нәтижеге ауқымды профилактикалық жұмыс нәтижесінде қол жеткіздік. Кісі өлтіру, ұрлық, киберқылмыс, интернет-алаяқтық, есірткі бизнесі, адам саудасы, экстремизмге қарсы күрес және колониядағы жағдайды жақсартуға бағытталған нақты бағдарламалар іске асырылып жатыр. Оң нәтиже биыл да сақталып, қылмыс 7 пайыз азайды, – деді Е.Сәденов.
Министр өз баяндамасында көшедегі қауіпсіздікті күшейту, жасөспірімдер қылмысының алдын алу, есірткі және киберқылмысқа қарсы күрес, миграциялық бақылау, заңсыз жолаушы тасымалы және басқа да құқықбұзушылықтар бойынша жұмыс қарқынды жалғасып жатқанын атап өтті.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева қосымша баяндамасында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде айтарлықтай жүйелі проблемалар әлі де бар екенін айтады. Оның айтуынша, жұртшылықтың полицияны жабық та жауапсыз құрылым ретінде қабылдауы полицияға деген сенімді қалыптастырудың қиындығын білдіреді.
– Азаматтарды құқықбұзушылықтың алдын алу мен жолын кесуге тарту да күрделі міндет. Азаматтардың айтарлықтай бөлігі қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының міндеті деп санайды. Қоғамның серіктес болуы үшін оларды ынталандыру және полицияны одан әрі жаңғырту қажет, – деді комитет төрағасы.
Снежанна Имашева сонымен қатар кешенді әлеуметтік шараларсыз қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін еместігін баса айтты. «Құқық бұзушының портреті» зерттеуі қылмыстардың басым бөлігін жоғары білімі жоқ, жас, жұмыссыз ер адамдар жасайтынын көрсеткен. Яғни алдын алуды білім беру, жұмысқа орналастыру және әлеуметтік қолдау жүйелерінен бастау керек.
Талқылау барысында мәжілісмендер өзге де мәселелерді ортаға салды. Олар интернет-алаяқтық, киберқылмыс, есірткі бизнесімен күрес, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның құрбандарын қорғауды күшейту шараларына назар аударды. Сондай-ақ қоғамдық орындарда, соның ішінде ойын-сауық орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік қауіпсіздігі, өңірлердегі учаскелік полиция қызметкерлерінің тапшылығы көтерілді. Бұған қоса депутаттар әскери қызметкерлерге қатысты қиянат жасау фактілері, мұндай келеңсіздіктердің алдын алу, әскери басшыларды дайындауды жетілдіру мәселелеріне де тоқталды.
Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары қоғамдық қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша уәкілетті органдарға бірқатар ұсыныс жобасын даярлады. Атап айтқанда, учаскелік полиция қызметкерлерінің тиімділігін сараптап, елді мекендерді жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауды, аудан орталықтарында Жедел басқару орталықтарын құруды ұсынды. Азаматтарды киберқылмыстан қорғауға және заманауи технологияларды пайдалана отырып, полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға баса назар аударылды.
Үкіметке құқықбұзушылықтарды болжау және жедел шешімдер қабылдау үшін қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында тиімді аналитикалық инфрақұрылымды дамыту ұсынылды. Депутаттардың ұсыныстары Бас прокуратура, Денсаулық сақтау, Білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне және басқа да органдарға қатысты болды.
Жиын аясында Ішкі істер органдары қолданатын арнайы техника, арнайы жасақтағы қару-жарақ пен киім үлгілері қойылған тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Жедел басқару орталығында депутаттарға қоғамдық қауіпсіздіктің цифрлық жобалары көрсетілді.