• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Ата заң 22 Сәуір, 2025

Конституциялық заңдылықты нығайту жолдары талқыланды

30 рет
көрсетілді

Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Өскемен қаласында «Конституциялық заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету құқықтық мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі ретінде» тақырыбында өткен халықаралық конференцияға қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Іс-шара Конституцияның 30 жылдығына арналған Үкіметтің «Ата Заң – тәуелсіздік тірегі» жоспары аясында С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ұйымдастырылды.

Конференция жұмысына Мәжіліс депутаты Е. Сайыров, Бас Прокурордың кеңесшісі Т. Адамов, өңірлік мемлекеттік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының жетекшілері, адвокаттар мен нотариустар қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік ғылыми сарапшылар қатысты. Жиын барысында 2022 жылы жүзеге асырылған конституциялық реформа нәтижелері мен оны «Заң және тәртіп» қағидатына сүйене отырып, іс жүзінде жүзеге асыру жолдары жан-жақты талқыланды.

Б. Нұрмұханов өз баяндамасында: «Қазіргі таңда еліміздің азаматтары қолданыстағы заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеру тетігін белсенді пайдалана бастады. 2023 жылдан бері Конституциялық Сотқа 10 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарынан – 458 өтініш тіркелді. Соңғы екі жылда Сот 70 нормативтік қаулы қабылдап, Парламентке еліміздегі конституциялық заңдылық жайында екі жолдау жолдады», деп атап өтті.

Жиын аясында Конституциялық Сот Аппараты мен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті арасында ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат тараптардың құқықтық мәдениетті дамыту, конституциялық заңдылықты нығайту, сондай-ақ ортақ ғылыми-тәжірибелік іс-шараларды ұйымдастыру және аналитикалық ақпараттармен алмасу бойынша бірлескен жұмысты көздейді.