Елімізде жеке сот орындаушыларына қатысты азаматтардың шағымы екі есеге артқан. Жұрт көбіне құқықтарының бұзылатынына, қаражаттың кеш аударылатынына, сот орындаушыларының әрекетсіздігіне наразы болған. Әділет министрлігінің мәліметінше, былтыр мұндай 89 мыңнан аса шағым түскен. Аталған мәселе Мәжілісте өткен Үкімет сағатында жан-жақты талқыланды.
«Қазақстандағы жеке сот орындаушылары институтының проблемалары мен даму перспективалары» тақырыбына арналған жиынға Мәжіліс спикерінің орынбасары Дәния Еспаева төрағалық етті. Басқосуға депутаттардан бөлек, салаға қатысты министрлік өкілдері, заңгерлер қатысты.
Жиынды ашқан Дәния Еспаеваның айтуынша, былтыр алимент борышы бойынша қозғалған сот істерінің саны 12 мыңнан асып жығылған. Яғни елімізде баласына «қарыз» ата-ана көп. Былтырғы қорытынды есепке көз салсақ, берешек сомасы 17-18 млрд теңгеге жеткен.
– Төлемеудің негізгі себептері – борышкерлердің тұрақты жұмыс орны мен табыс көзінің болмауы, кірісін жасыру фактілері. Жеке сот орындаушыларының кадрлық құрамы сапасы да сын көтермейді. Бүгінде республика бойынша 2 110 жеке сот орындаушысы жұмыс істейді. Олардың іс жүргізуінде жалпы сомасы 15,9 трлн теңгені құрайтын, 5 миллиондай атқарушылық құжат бар. Оның 50%-ы шағын несиелерді өндіріп алуға қатысты. Бұл тағы да халықтың шамадан тыс несие алатынын дәлелдейді. Негізі 2022 жылы осыған ұқсас тақырыпта Үкімет сағаты өтті. Алайда жиында айтылған сот орындаушыларының соттарда шағым жасалатын әрекеттерінің тізбесін қысқарту, борышкерлерді іздестіру тиімділігін арттыру, борышкерлер мен өндіріп алушылардың дербес деректеріне заңсыз қол жеткізуді болдырмау секілді ұсыныстар әлі орындалған жоқ, – деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.
Өз кезегінде Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары алимент төлемеу мәселесін толығымен шешпейтінін айтты.
– Жыл басында алимент өндіруге қатысты 283 мың құжат болған. Оның 12 835-і немесе 4 пайызы проблемалы санатқа жатқызылған және ол бойынша алимент төленбей жатыр. Атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ететін мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылады. Жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыру секілді жүйелі жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Балаларын асырауға ниеттің болмауы, алимент төлеуден жалтару отбасылық-неке қатынастары дағдарысының салдарын байқатып отыр. Бұған дәлел – былтыр тіркелген 61 080 ажырасу санын құрайтын статистикалық көрсеткіш. Бұл көрсеткіш неке қию санының (124 774) жартысына жуығын құрады. Осы тұста отбасы институтын нығайту және балалардың мүдделерін қорғау бойынша жауапты мемлекеттік органдардың кешенді жұмыс жүргізуі қажет деп санаймыз, – деді министр.
Ал Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева борышкерлердің казино мен букмекер кеңселерінде ұтыс тігуіне тоқтау болмай тұрғанын, көбіне сот орындаушысы ең алдымен өзіне пайда әкелетін құжаттарды орындауға тырысатынын айтып сынады.
– Әлеуметтік сипаттағы құжаттарға аз уақыт пен күш жұмсайтын үрдіс әлі де жалғасып келеді. Мұндай істер бойынша сот орындаушысы борышкерді іздеуге асықпайды, әңгімелесуге шақырмайды, мүлік пен ақшаны өндіріп алу үшін тексеру және іздеу бойынша шаралар қабылдамайды, тыйым салуды уақтылы қолданбайды. Былтыр прокурорлар борышкерлердің алименттерді, жалақыны және мемлекет пайдасына сомаларды орындаудан жалтаруының 6 210 фактісін анықтаған. Мысалы, 325 млн қарызы бар 484 борышкер Қонаев пен Щучинск казиносында 147 млн теңге жұмсаған. 236 млн қарызы бар 117 борышкердің өз шоттарынан 2 млрд теңгені еш кедергісіз шешіп алған. «Осы кезде неге сот орындаушы әрекетсіздік танытты, қайда болды, неге дереу шаралар қабылдамады?» деген заңды сұрақ туындайды, – деді Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы.
Сондай-ақ С.Имашева жеке сот орындаушылардың қызметтері пайдаланылмаса, оларға сыйақы төлеу тетігін алып тастауды ұсынды. Жалпы, борыш сомасы 60 АЕК-тен аз болса, сот орындаушысына 25% төленеді. Көбіне бұл – айыппұл, салық, шағын займ берешектері. Алайда көптеген азамат жеке сот орындаушыларының қызметтеріне ақы төлеу оларды орындау үшін қабылданған шараларға сәйкес келмейді деп санайды. Осы ретте Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жеке сот орындаушылары алатын сыйақының ең жоғары шегін 25 пайыздан төмендетуге әлі ерте деген пайым айтты.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек те жеке сот орындаушылары жасаған өрескел әрекеттерді жіпке тізгендей баяндап берді.
– «Отбасы банктің» материалдары бойынша, 3 жеке сот орындаушы азаматтардың жинақтаған қаражатынан түрлі сылтаулармен 3 млрд 442 млн теңге жымқырған. 2023 жылы жеке сот орындаушылар 4 740 есептен шығару актісі арқылы 1 млрд 721 млн теңгеге қалтасына салған. Ал 2024 жылы 8 995 акт арқылы 1 млрд теңгеге жуық ақша шешіп алған. Бұл алаяқтықты іске асыру үшін жеке сот орындаушылар жылжымайтын мүлікті сату, жалға алу агенттіктерімен, риэлторлармен, нотариустармен ауыз жаласқан. Бәрі бір қылмыстық топ болып жұмыс істеген, – деген депутат жеке сот орындаушылардың ашық тізбесін енгізуді ұсынды.
Үкімет сағатының қорытындысы бойынша мәжілісмендер атқарушылық іс жүргізу тараптары құқықтарының бұзылуына жол бермеу, сондай-ақ атқарушылық құжаттардың жекелеген санаттары бойынша (мемлекеттен өндіріп алу, талап қоюды қамтамасыз ету туралы сот ұйғарымы және басқалар) оңайлатылған іс жүргізуді қолдануды кеңейту үшін жеке сот орындаушыларының тәртіптік жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтты. Жеке сот орындаушыларының кәсіби кадр құрамын күшейту мақсатымен аттестаттаудан және тағылымдамадан өтпей жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына лицензия алатын тұлғалардың тізімін қысқарту керек екенін жеткізді. Депутаттардың Үкіметке берген негізгі ұсыныстарының бірі – ата-анасы алимент төлеу жөніндегі міндеттен жалтарған кәмелетке толмаған балаларға алимент төлеу үшін мемлекеттік алимент қорын құру.