Былтырдан бері Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық экологиялық акциясы ұйымдастырылып келеді. Бүгінде ол халқымыз түгелдей қатысатын ауқымды іс-шараға айналды.
«Таза Қазақстан» акциясы – жай ұран емес, еліміздің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама. Табиғатты аялау оның байлығын болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік берсе, таза қоршаған орта – халық денсаулығының кепілі. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ маңызды экологиялық бастаманы жүзеге асырды. Қор өкілдері «Эко Nomad» жобасы бойынша Алматы қаласындағы «Оңтүстік» саябағында тазалау жұмыстарын жүргізді. Экологиялық әрі әлеуметтік маңызы жоғары іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ еншілес компанияларында жұмыс істейтін 200-ден астам қызметкер белсене қатысып, 3 тонна қоқыс шығарды.
«Самұрық-Қазына» қоры «Taзa Қазақстан» акциясын алғашқылардың бірі болып қолдады. Өткен жылы қор компаниялар тобы 360-тан астам экологиялық ауқымды іс-шара ұйымдастырды. 100 мыңнан астам жасыл желек отырғызып, 200-ден астам сенбілік өткізді. Экологиялық ағарту жұмыстары күшейтіліп, ондаған акция мен лекция өтті. Біз осы жылға да кешенді жоспар құрып отырмыз. Олардың қатарында, еліміз бойынша 137 мыңнан астам ағаш отырғызу, 100-ден астам жаңа постамат орнату, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы ағартушылық жұмысты жүргізу сынды шаралар бар. Біз табиғатты аялауды тек науқан ретінде емес, күнделікті өмір салтына айналдыруға шақырамыз», деді «Самұрық Қазына» АҚ Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
«Эко Nomad» жобасының мақсаты – қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қарау құндылықтарын қалыптастыру, халықты азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетке тәрбиелеу. Игі бастама – табиғатқа қамқорлық жасап, қоршаған ортаны жақсартуға және экологиялық тұрақтылықты қалыптастыруға қосқан үлес қана емес, сонымен қатар өскелең ұрпаққа үлгі болатын іс-шара.
«Бүгінгі өткен сенбілік ерекше маңызға ие болды. Жастар тарапынан жоғары белсенділік байқалды. Бұл – біздің табиғатқа деген жанашырлығымыз бен азаматтық жауапкершілігіміздің айқын көрінісі. Осындай іс-шаралар қоршаған ортаны қорғаумен қатар ұрпақ тәрбиесіне де оң әсер етеді. Біз, жастар әрдайым табиғатты аялауға, таза әрі жайлы қала қалыптастыруға дайынбыз. Алдағы уақытта да экологиялық бастамаларға белсенді атсалысамыз», дейді «Самұрық-Қазына» АҚ Алматы қаласы бойынша жастар қанатының төрағасы Перизат Нәби.
Табиғатқа құрмет – өзіңе құрмет. Берекелі, жасыл болашақ үшін бірге еңбек етейік!
Майнұр ЖАНАҚОВА