• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:12

Оқушы биопакет ойлап тапты

10 рет
көрсетілді

Қоршаған ортаны қорғау – бү­гінгі қоғам ал­дын­дағы ең өзек­ті мін­деттің бірі. Бұл бағытта тек ғалымдар мен экологтер ғана емес, жас буын өкілдері де тың идеяларымен үлес қосып ке­леді. Соның жар­қын дәлелі – алма­тылық 10-сынып оқушысы Мөлдір Кенжебайдың эко­­логияға зияны жоқ биопакет ­ойлап табуы.

Жас өнертапқыш өз жо­ба­сын әзірлеу бары­сын­да заманауи тех­но­логияның мүмкін­дігін тиімді пайдаланған. Атап айтқанда, жасанды интеллект көмегіне жүгініп, түрлі ғылыми деректерді сарала­ған, экологияға қауіпсіз әрі табиғи құрамдарды анықтаған. Соның нә­тижесінде толықтай табиғи заттардан тұра­тын, қоршаған ортаға залал келтір­мейтін биопакет жасалып шыққан.

Мөлдірдің айтуынша, ойлап тапқан биопакет небәрі 45–50 ми­нуттың ішінде толықтай еріп кетеді. Ал бұл – полиэтилен пакет­тер­мен салыстырғанда орасан зор айыр­машылық. Ғалымдардың дере­гіне сүйенсек, кәдімгі полиэтилен қал­дықтары табиғатта 500 жылға дейін ыды­рамай жатады. Осы уақыт ара­лығында топырақты, суды және тірі ағзаларды улап, экожүйеге айтар­лықтай зиян келтіреді.

«Табиғатты аялау бәрімізге ортақ міндет. Қоршаған орта­мыз­дың таза болуы біздің болаша­ғымызға әсер етеді. Бұл істі әркім өз басынан бас­таса, табиғат таза болар еді»,  дейді Мөлдір Кен­жебай.

Елімізде экология мәселесінің өзекті­лігі күн өткен сайын артып келеді. Ресми мәліметтерге сүйен­сек, елімізде жыл са­йын 5 миллион тоннадан астам тұр­мыс­тық қоқыс шығарылады. Оның басым бө­лігі – пластик пен полиэтилен қалдық­тары. Бұл жағдай қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіріп қана қоймай, болашақ ұрпақ­тың денсаулығына да кері әсер етуі мүмкін.

Осы тұрғыда Мөлдір Кенже­байдың ­бастамасы – қоғамға ой салатын, маңызы зор жоба. Жасанды интеллект пен ғылым­ды ұштастыра отырып жасалған био­пакет өндірісте қолданысқа енгі­зілсе, эко­логиялық ахуалды жақ­­сартуға үлкен үлес қоса ала­­ты­ны сөзсіз. Сонымен қатар бұл жоба жасөспірімдердің ғы­лымға, ин­новацияға деген қызы­­ғу­­шылығын арттырып, ел бола­шағына бейжай қарамайтын саналы ұрпақ қалыптастыруға жол ашады.

Жас өнертапқыштың табан­ды еңбегі мен ізденісі – «табиғатты қорғау жасқа қа­рамайды» деген ойдың айқын дәлелі. Егер осындай бастамалар қолдау тауып, кеңінен жүзеге асса, экологиялық таза Қазақстан құруға бір қадам жақындай түсеріміз анық.

 

Алматы 

Соңғы жаңалықтар