Биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Ақшаны бояу» жобасын қолға алды. Агенттіктің Атырау облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жобаны «Цифрлық теңге» платформасы аясында іске асыру көзделіпті. Елімізде алғаш рет іске асырылатын тың жобаның қандай тиімді тұсы бар?
Жоба ауыл шаруашылығы, автомобиль және теміржол құрылысы секілді стратегиялық маңызы бар салаларда сыналып көрмек.
«Бұл бюджет қаржысының жұмсалуына бақылауды күшейтуге ықпал етеді. Қаржыны игеру кезінде ашықтықты қамтамасыз етіп, жемқорлық қаупін азайту үшін маңызды құралға айналады. Бюджеттен қаржы бөлуден бастап, оны толық игергенге дейінгі кезеңді бақылауға мүмкіндік береді. Әр теңгеге бірегей цифрлық белгі қойылды. Енді қаржыны жымқыру мүмкіндігі болмайды», дейді Н.Жахин.
Оның дерегінше, «Ақшаны бояу» жобасы Атырау облысындағы Мұқыр – Құлсары бағытындағы жолды жөндеу жобасында қолданылмақ. Аталған жолды жөндеуге 2,1 млрд теңге бөлінген. Ал жолды жөндеуге «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тапсырыс беріп отыр. Мердігерлікке «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС таңдалыпты.
«Жобаға бөлінген қаржының 100 млн теңгесі цифрлық белгімен таңбаланды. Бұл сома ұлттық валютаға айырбасталды. Шартқа сәйкес құрылыс материалдарын жеткізетін «Нақзат» ЖШС-ның есепшотына аударылды», деп мәлімдеді Н.Жахин.
Жол жөндеуге қажетті құрылыс материалдарын теміржолмен Мұқыр стансасына жеткізу көзделген. Осы айда стансаға 45 вагонға тиелген материалдар жеткізіледі. Қазір бұл стансада 30 вагонға арналған теміржол тұйығы, жұмыс күші, арнайы техника бар. Материалдарды түсіруге арналған аумақ жарықтандырылып, қоршалған. Нысан құрылыс техникаларымен қамтамасыз етілген.
«Шарт 2024 жылғы қарашада жасалды. Жұмыстың аяқталу мерзімі 2025 жылдың соңына жоспарланып отыр. Жол құрылысы мамыр айында басталады. «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес бұл жоба өңірлік департаменттің бақылауына алынды. Өйткені цифрлық теңге платформасы бюджет шығысының ашықтығын қамтамасыз етеді. Қанатқақты жоба материалдарды жеткізушілер мен жұмысты орындайтын мердігерлерге дейінгі барлық кезеңде бюджет қаржысын мақсатты пайдалануға кепілдік береді. Ең бастысы сыбайлас жемқорлық қаупінің алдын аламыз», дейді Нұрлан Жахин.
Басшы орынбасарының пікірінше, таңбаланған цифрлық теңге тек көзделген жұмыстарды орындауға жұмсалады. Мұндай қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыруға, өзге қажеттіліктерге қайта бағыттауға жол берілмейді. Ал бұл жол 1989 жылы пайдалануға берілген. Содан бергі 30 жылдан астан мерзімнен бері жөндеу көрмеген. Екі ауданның аралығын жалғайтын жолдың жалпы ұзындығы –136 шақырым, ені – 7 метр. Жол жөнделгеннен кейін Қызылқоға және Жылыой ауданының аралығына тікелей қатынауға болады.
Қызылқоға ауданының тұрғындары Құлсары қаласына бару үшін Мақат ауданындағы Доссор кенті арқылы өтетін жолмен қатынаушы еді. Ақтөбе мен оңтүстік, шығыс және солтүстік өңірлерінен Маңғыстауға баратын жүргізушілер Доссор кенті арқылы айналып жүреді.
«Жолды толық жөндегеннен кейін Ақтөбе облысы бағытынан келе жатқан көліктер Мұқыр ауылы арқылы Құлсары қаласына тіке шығады. Бұл әсіресе жүк көліктері үшін тиімді бағыт болады. Жолда жүру ұзақтығы кем дегенде 2 сағатқа қысқарады», дейді жол саласының мамандары.
Жүргізушілер де аталған жолдың тезірек жөнделгенін қалайды. «Мұқыр-Құлсары» бағытындағы жолдың бойында екі елді мекен бар. Бірі – Қоңыраулы, екіншісі – Тасқұдық. Екі ауыл да Қызылқоға ауданының әкімшілік аумақтық бөлінісіне кіреді. Қоңыраулыны мекен еткендер төрт түлікпен күн көріп отыр. Тасқұдық елді мекенінің кейбір тұрғыны мұнай тасымалдау компаниясында жұмыс істеп жүр.
Атырау облысы