• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Экономика 21 Сәуір, 2025

Тері мен жүн экспортына кедендік баж салығы салынбайды

0 рет
көрсетілді

Еліміздегі өңдеушілер мен фермерлердің өтініші қолдау тауып ұсақ мал терісі мен жүнін экспорттауға салынған кедендік баж салығы алынып тасталды, деп жазады Egemen.kz.

Бүгінде елімізде тері мен жүн өңдеу саласы кенжелеп тұр. Өткен жылы өндірілген 9 млн-нан астам терінің небәрі 6 пайызы ғана өңделген. Ал өндірілген 35,5 мың тонна жүннің тек 29 пайызы ғана қайта өңдеуден өткен. Мамандардың айтуынша мұндағы мәселе шикізаттың жетіспеушілігінен туындап отырған жоқ,  ынталандырудың жоқтығынан дамымай отыр. Фермерлер тері мен жүнді экспортқа шығаруға қомақты салық төлейтін болғандықтан аталған шикізаттарды тапсыру оларға тиімсіз. Сондықтан шаруалар мал терісі мен жүнін пайдаға жарамсыз етіп тастай салады, ал мұның салдарынан өңдеуші кәсіпорындар толық жұмыс істей алмай отыр.

«Біз миллиондаған теңге, тоннамен өлшенетін шикізат пен мыңдаған жұмыс сағатынан қағылып отырмыз. Баж салықтарын уақытша болса да тоқтатсақ, жағдай оң бағытқа қарай өзгерері сөзсіз. Фермерлерге сұраныс артып, өңдеушілерге - шикізат, ал экономикаға экспорт арқылы қаржы түседі», деді Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров.

Депутаттың айтуынша 2023 жылы тері экспортына салынатын баж уақытша 200 евродан 100 еуроға дейін төмендетілген кезде экспорт көлемі бірден 38,5 пайызға артқан.

Қазір елімізде тері өңдейтін 9 кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ, жүн өңдейтін 9 кәсіпорын бар, олардың жүктемесі бар болғаны 29 пайызды құрайды. Ал өндірілген өнім, оның ішінде «ветблю» мен «топс» шикізатқа қарағанда екі-үш есе жоғары бағамен экспортқа шығарылады.

«Өңдеушілер мен фермерлердің жанайқайы енді ғана қолдау тауып отыр.  Бүгін мал терісі мен жүнін экспорттауға салынған кедендік баж салығы алынып тасталды. Сонымен қатар өндірушілерді ынталандыру және өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін қамтамасыз ету мақсатында өңдеуге өткізілген шикізатқа субсидия беру секілді мемлекеттік қолдау көрсетілмек»,  деді Айдарбек Қожаназаров.

Жалпы бұл саланың әлеуеті зор. Баж салығы енгізілгенге дейін тері экспорты жылына 1,6 млн данаға дейін жеткен. Ал жоғары сапалы жүн әлем бойынша пальто мен костюм маталарын шығаруда қолданылады. Ал 2016 жылдан бастап елімізде ірі қара және ұсақ мал терісін экспорттауға кедендік баждар салына бастады. Осы уақытқа дейін баж мөлшері 500-ден 100 еуроға дейін өзгеріп отырды. Соңғы жылы ол тоннасына 200 еуро көлемінде болды. Тері мен жүн Ресей (84,3 пайыз, 180,5 мың дана), Түркия (7,8 пайыз, 16,7 мың дана), Нигерия (7,6 пайыз, 16,3 мың дана) және Қырғызстанға (0,3 пайыз, 675 дана) жөнелтілді. Ал ұсақ мал терісі толығымен Өзбекстанға экспортталады.