Мемлекеттік орталық музейде бейнелеу өнерінің нәзік әрі күрделі саласына жататын акварель шеберлерінің қолтаңбасын насихаттайтын сурет көрмесі есік ашты. «Акварельді фреш-III» деп аталған дәстүрлі өнер жәрмеңкесіне еліміздің барлық өңірінен 56 суретші үн қосқан.
Акварель бояуы – кескіндемедегі ең күрделі әдістердің бірі. Ол минималды құралдар мен максималды мәнерді пайдалана отырып, әлемді барлық түстерде, нәзік әрі шынайы түрде көрсете алады. Осынау жеңіл әрі қозғалмалы кескіндеме техникасы ерекше шеберлік пен шыдамдылықты талап ететіні тағы бар. Ұйымдастырушылар дәстүрлі жобаның аясы жылдан-жылға кеңіп, ұсынылған жұмыстардың мазмұн-мәнері салмақтана түскенін айтады.
«Кейінгі кездерде жер-жерде бейнелеу өнерінің барлық саласын қамтыған жеке адамдардың көрмелері яки топтық көрмелер үздіксіз өтіп жатыр. Бұл – халықтың өнерге деген құлшынысын, әлемге деген көзқарасын қалыптастыратын дүниелер. Көрме өткізушілер санға емес, сапаға жұмыс істей бастады. Көрмеге қойылған жұмыстардың арасынан көңілге қонатын, жүректі қозғайтын туындыларды кездестірдік. Мұнда кәсіби шеберлер де, өнерден өрнек іздеген жас таланттар да бар. Майлы бояуда кеткен қателіктерді қайта түзеуге болады, ал акварельде ол мүмкін емес, бір детальдан ауытқып кетсең, қайта жазуға тура келеді. Бұл жанр сонысымен күрделі. Бояудың үйлесімін сезінбесең бәрі бекер», дейді суретші Тоққожа Қожағұлов.
Елімізде акварель көрмелері сирек ұйымдастырылады. Соған қарамастан оған келушілер мен акварель шеберлерінің шығармашылығына қызығатындар аз емес. Акварельдік кескіндеменің сан алуан жанрлары мен мәнерінің тұтас спектрін көрсететін жоба сәуірдің соңына дейін жалғаспақ.
«Бұл – музеймен бірлескен жобамыз. Көрмеге 110 жұмыс қойылды. Ең егде суретшіміз 84-те болса, көрмеге қатысушылардың ең жасы он сегізде. Оларды біріктіретін ортақ құндылық – өнерге деген сүйіспеншілік. Алматыда қанат қаққан жоба тұтас республиканы қамтып отыр. Тәуелсіздік алғаннан бері акварель мен кескіндемеге аса мән берілген жоқ. Сондықтан да бұл салаларға сұраныс та аз болды. Көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз осынау ерекше жанрдың өрісін кеңейтуге бағытталып отыр», дейді жоба жетекшісі, «Суретшілер академиясы» ҚҚ вице-президенті Марлан Нысанбаев.
Көрмеге қатысушылардың қатарында белгілі суретшілер, өнер қайраткерлері, Өнер академиясының академиктері мен суретші-педагогтер бар.
АЛМАТЫ