• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Сәуір, 2025

Өңірді ілкімді істер ілгерілетеді

0 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болып, өңір­дің әлеуметтік-экономикалық дамуы­мен танысты.

Үкімет басшысына Жамбыл облысы­ның әкімі Ербол Қарашөкеев негізгі эконо­микалық көрсеткіштер туралы баяндады. Жалпы, өңірлік өнім өткен жылдың со­ңында 2,2 трлн теңгені құрады. Өнеркәсіп өні­мі­нің көлемі 188 млрд теңгеге жетсе, оның 122,5 млрд теңгесі өңдеу саласына тиесілі.

Премьер-министр «Алатау» индустрия­лық сауда логистикалық кешенін мысалға ала отырып, өңірде экономиканың жаңа өсу бағыттарын қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді.

Қордай ауданында Қазақстан тарапын­дағы «Қарасу» және Қырғызстан тарапы­нан «Ақ-Тілек» өткізу бекеттеріне іргелес жатқан индустриялық сауда-логистика­лық кешеннің (ИСЛК) аумағын аралады. Аталған жоба екі мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров қойған өзара тауар айналымын 3 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі міндет­тері аясында жүзеге асырылып отыр. Елі­міздің Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рәпіл Жошыбаев пен Қырғыз Республикасының экономика және ком­мерция министрі Бақыт Сыдықов жүргізіліп жатқан бірлескен жұмыстар туралы айтты.

Бүгінде сүт, ет, жеміс-жидек, тоқыма, фар­мацевтика және басқа да өнім­дер өнді­рісі саласындағы кооперациялық жобалар­ды жүзеге асырып, инфрақұрылымды қа­лып­тастырып отыр. Жаңадан тауарлар өн­діру және оларды халықаралық тауар өт­кізу жү­йелеріне тиімді интеграциялау ар­қылы әрі қарай сату – басты мақсат.

«Romsey Holdings KZ» ЖШС индуст­риялық кешен компаниясының басқару­шы директоры Абзал Мыңбаев индус­т­рия­лық сауда-логистикалық кешен (ИСЛК) аумағына инвестиция тарту бо­йынша жүргізіліп жатқан жұмыстар және Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін, пластик ыдыстарды қайта өңдеу, кабельдік өнімдер мен фарфор ыдыстарын дайындайтын өндіріс орындарын ашу туралы жоспарларын баяндады. Аталған жобалар бойынша инвестициялардың жал­пы сомасы шамамен 40 млрд тең­гені құрайды. Сонымен қатар ИСЛК-ті «Jibek Joly» арнайы экономикалық айма­ғы­ның қосалқы аймағы ретінде қайта ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, ин­вестициялық тартым­дылықты арттырады.

«Мемлекет басшысы таяуда өткен кеңесте ел экономикасының өсу қарқыны мен тартылған инвестиция көлемін төмендетпеу міндетін қойды. Ауқымды индустриялық сауда-логистикалық кешеннің құрылуы өнеркәсіптік өндірісті дамытуға, дайын өнімді өткізудің тиімді жүйесін құруға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл бағытта инвестициядан бастап жеткізуге дейінгі барлық тізбек бойынша белсенді жұмыс істеу маңызды. Жобаға жәрдемдесу үшін инженерлік инфрақұрылым мәселе­лерін мүмкіндігінше қысқа мерзімде шешу қажет», деп атап өтті О.Бектенов.

Сондай-ақ «Korcem» ЖШС цемент зауытында Премьер-министр өңірдің құры­лыс индустриясының дамуымен таныс­ты. Былтыр іске қосылған кәсіпорын­ның өндірістік қуаты жылына 1,3 млн тонна цементті құрайды. Өнімдер ішкі нарықта сатылады, сонымен қатар Өзбекстан, Ресей, Қыр­ғызстан елдеріне экспортталады. Зауыт­та халықаралық стандарт­тарға сәй­кес DCS интеллектуалды жүйесі енгізілді. Бар­лық технологиялық цикл механикалық үде­ріс­терді басқаруға мүмкіндік беретін орталық басқару пультінен жүзеге асырылады.

Сонымен қатар Премьер-министрге «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы­ның аумағында химия, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, металлургия салаларындағы инвестициялық жобалар­дың жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ қажетті инфрақұрылымның дамуы туралы баяндалды. Мұнда барлығы 18 қатысушы тіркелген. 2024 жылдың қорытындысы бо­йынша өңірге салынған инвестициялар кө­лемі 506 млрд теңгені құрады, 2025 жылы 9 жобаны салу нәтижесінде шамамен 850 млрд теңгеге дейін артуға тиіс.

Сондай-ақ Үкімет басшысы жаңадан қолға алынған өнеркәсіп нысандарының, атап айтқанда, толық циклді металлургия­лық кешен мен жүгеріні терең өңдейтін зауыт құрылысының барысымен танысты. Аталған жобалар былтырғы қараша айында Олжас Бектеновтің ҚХР-ға жұмыс сапары аясында өткен кездесулер мен қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде жүзеге асырылып отыр.

Қытайлық инвестор «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясының қа­ты­суы­­мен жалпы құны шамамен 1,2 млрд долларды құрайтын еліміздегі ең ірі металлургия зауыттарының бірінің құрылысы басталды. Жобаны қаржыландыру инвес­тор­дың өз қаражаты есебінен жүзеге асыры­лады. Кәсіпорын арматура, созба сымдар, жолақ және профильді болат, сондай-ақ металл өнімдерінің басқа да түрлерін шығарады.

Қазақстан темір рудасының қоры бо­йынша әлемде 9-орын алады. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, өндіріс көлемі 37 млн тоннаға жетті. Толық цикл­ді металлургия кешенінің жаңа жобасы отандық металлургияның дамуына айтар­лық­тай үлес қосып, экологиялық таза тех­но­логияларды қолданудың үлгісіне айналады.

«Аталған жоба еліміздегі темір рудасын терең өңдеудің толық циклі бар қара металдар мен металл өнімдерін шығаратын ірі өндірушілердің біріне айналады. Үкімет бұл зауыттың құрылысына жан-жақты қолдау жасап, оның сәтті іске қосылуына қажетті көмек көрсетеді»,  деп атап өтті О.Бектенов.

Сапар аясында Премьер-министр жүгеріні терең өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаның құрылыс алаңына барды. Инвестиция көлемі 800 млн долларды құрайды. Және өндірістік қуаттылығын жылына 1 млн тонна жүгеріден әрі қарай 3 млн тоннаға дейін ұлғайта отырып, тігінен интеграцияланған өнеркәсіп паркін құру жоспарлануда.

Жобаны биоферментация индустрия­сындағы әлемдік жетекші қытайлық «Fufeng Group» компаниясы жүзеге асырып отыр. Өнеркәсіп кешен құрамына крахмал зауыты және үш биоферментация кәсіпорны кіреді. Зауытта лизин, глутамин, глутамин қышқылы, лейцин, треонин, жем және тағы да басқа жоғары қосылған құны бар өнімдер шығарылуға тиіс.

Өнеркәсіп паркінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін инвестор көмір жылу электр стансасы мен ағын суды тазарту стансасын салуды да жоспарлап отыр. Әрі қарай тұз қышқылы мен сұйық аммиакты қоса алғанда, химиялық компоненттер шығаратын зауытты іске қосу қарастырылғаны атап өтілді. Негізгі нысандарды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған. 1,5 мыңға дейін жұмыс орнын ашу көзделген.

Премьер-министр Сарысу ауданында «Qazaq soda» ЖШС кальцийленген сода шығаратын зауыт құрылысының барысын тексерді. 42 гектар алқапта бірінші кезеңде қуаттылығы жылына 500 мың тонна өнім өндіретін өндіріс кешені іске асырылып, кейіннен 1 млн тоннаға дейін ұлғайтылады. Жергілікті шикізат пайдаланылатын болады. Өндіріс үдерісінде қалдықтарды нөлдік деңгейде қамтамасыз ететін технологияларды қолдану жоспарланып отыр.

Кальцийленген сода металлургия, шыны, тамақ, тоқыма және химия өнер­кәсібінде, сондай-ақ тұрмыстық химия өндірісінде қолданылады. Бүгінде еліміздің содаға деген қажеттілігі жылына 350-400 мың тоннаны құрайды. Жобаны жүзеге асыру импортты толық алмастыруды қам­та­масыз етуге, ТМД елдері мен Қытай­ға экспортты бастауға мүмкіндік береді.

Қазірде құрылыс-монтаждау жұмыс­тары 30%-ға орындалды, негізгі жабдық­тарды жеткізу жүзеге асырылып жатыр. Зауытты пай­­далануға беру 2026 жылдың тамыз айы­­на жоспарланған. Жоба аясында 1 мың жұ­мыс орны, оның ішінде 400 тұрақты жұ­мыс орны ашылады. Инвестициялардың жал­пы көлемі шамамен 400 млн долларды құрайды.

Премьер-министр Қазақстанды әлем­дегі жетекші кальцийленген сода өндіру­шілердің қатарына қосатын, импортқа тәуелділікті төмендететін және еліміздің химия өнеркәсібін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатын жобаны уақтылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Еліміз аталған жобаны жүзеге асыра отырып, Қытай, Түркия, АҚШ, Ресей сияқты әлемдегі жетекші сода өндіруші­лерінің қатарына қосылады деген жоспар бар.

 

Жамбыл облысы