Бойындағы нәзіктігін болаттай мықтылыққа ұштастырып, ауыр жұмыстың жүгін арқалап жүрген аруларымыз да бар. Өндірісі өркендеген өңірде де жұмысшы қыздардың үлесі әжептәуір. Шахтаға түсіп, кен қазып, домна пешінде болат балқытып, ауыр техника жүргізген қыз-келіншектердің қажыр-қайратына қалай таң қалмаймыз? Бір қолымен шаңырағының отын жағып, бір қолымен қара еңбектің қазанын қайнатқан олардың қай-қайсысы да мақтауға лайық.
Абыройлы краншы
«Қазақмыс» корпорациясы құрамындағы «Maker» ЖШС-KLMZ компаниясы деген атпен отандық өнім шығаратын іргелі зауытта Алтын Абдрахманованың жұмыс істеп жүргеніне жеті жыл болды. Бұған дейін басқа кәсіпорында, өндіріс орнында, құрылыс компаниясында еңбек еткен аспалы краншы зейнет жасына да келіп қалды. Арнайы кәсіптік-техникалық училищеде «краншы» мамандығы бойынша білім алған Алтын апай техниканы 19 жасынан бері тізгіндеп келеді.
Кранның техникалық жағдайын тексеріп алып іске кірісу – Алтын апайдың жұмыс күніндегі әуелгі әдеті. Бұдан кейін өндіріске келген вагоннан аса ауыр салмақтағы металл, темір-бетон секілді заттарды техниканың көмегімен түсіріп, қажетті жерге жайғастырады. Кәсіпорында дайын болған дәл осындай ауыр техника саймандарын вагонға артады.
«Ауыр жүкті дәл көтеріп, алаң ішіндегі қауіпсіздікті сақтау – басты міндетім. Әр қозғалысым – есеп, әр сәтім – жауапкершілік. Әр көтерілген жүк – механизмнің маңызды бөлшегі, өндірістің жүрегі. Жұмысымызда ер адамдармен қатар бірнеше әйел адам қызмет етеді. Қиындыққа қарамастан жұмысты жоғары деңгейде атқарамыз. Қолымызда темір мен жүк көтергіш болса да, әйелдің мейірімділік пен жұмсақтығы, әдемі болмысын әсте ұмытпаймыз», дейді краншы Алтын апай.
Металлург Маненова
Теміртаудағы металлургия комбинатының жүрегі – домна пеші. Оның үздіксіз жұмыс істеуіне сапалы шикізат қажет. Осы маңызды міндетті абыроймен атқарып жүрген Гүлмира Маненова – қара металлургияның, өндірістің қыр-сырын меңгерген жан. Еңбек жолын конвейер машинисі ретінде бастап, бүгінде өз ісінің білікті маманына айналған ол отыз жылдан бері өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп келеді. Қарапайым еңбек адамының қажыр-қайраты мен адалдығының айқын үлгісі болған Гүлмира «Еңбек даңқы» орденінің иегері.
– Негізгі мамандығым – құрылысшы, осы салада бірнеше жыл еңбек еттім. Кейін бала күтімімен демалыста отырған кезімде құрбым агроөндірісте жұмыс істеуді ұсынып көрді. Алғашында бұл жерге уақытша келемін деп ойлаған едім, бірақ 1995 жылы кәсіпорын табалдырығын аттаған сәттен бастап, осы сала менің тұрақты жұмыс орныма айналды. Қара металлургияның негізі агроөндірістен басталады, менің басты міндетім – оның қалыпты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, – дейді Гүлмира.
Айтуынша, алғашында кәсіпорында конвейер машинисі болып еңбек жолын бастаған. Алайда уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, кәсіби шеберлігін шыңдап, осы саланың білікті маманына айналған.
– Жұмысқа кіріскенде маған ұстазым Ольга Беседина көп нәрсе үйретті, ең алдымен, жұмыстың басты қағидаларын түсіндірді. Жалпы, жұмысым үлкен жауапкершілікті, еңбекқорлықты талап етеді. Өндірістің үздіксіз жұмыс істеуі мен апатты жағдайлардың алдын алу үшін қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет, – дейді металлург.
Кенші келіншек
Жеті қат жер астынан қара алтын шығару ерлікке пара-пар. Тау-кен өндірісіндегі қара нардың жүгін көтеріп жүрген қарағандылық қайсар арулардың бірі – Костенко атындағы шахтаның жерасты кеншісі Зарина Әлпиева.
Заринаның әуелгі қызметі банктегі экономист маманы еді. Кейін шахтаға түсуге шешім қабылдаған ол тау-кен колледжіне оқуға түсіп, білімін жетілдіріпті.
– Бұл кәсіпке келуіме ешкім итермелеген жоқ. Экономист қызметінен кетіп, тау-кен колледжіне оқуға түстім. Табандылығымның арқасында кенші мамандығын алып шықтым. Жалпы, кенші отбасында дүниеге келгенмін. Оқушы кезімде-ақ көмірді зерттеуге ынтық болдым. Міне, осы құштарлық кенішке жетелеп әкелді. Еңбек ошағымыз – жерасты өткелінде. Айнала қараңғылық. Кеншінің бас киіміне орнатылған түймедей шам болмаса, қара түнекте ештеңе көрінбейді. Кеншілер жұмыс орнына маңдайдағы шамның жарығымен бір шақырым жер жүріп барады. Мен де солардың қатарындамын, – дейді кенші Зарина Әлпиева.
Заринаның шахтада еңбек етіп жүргеніне 13 жылға жуықтап қалыпты. Негізгі міндеті – жер қойнауынан 690 метр тереңдіктен алынған көмір сынамасын зертханаға апарып, тексерістен өткізеді. Осы арада зертханалық қорытынды жасалып, жаңа қазба жұмысына жоспар жасалады.
– Қазіргі міндетім осы зертханамен байланысты. Бала шақтағы көмір қызуын зерттесем деген арманым осылайша орындалды, – дейді кенші қыз.
Қарағанды облысы