Биыл күллі адамзаттық ауқымда ойлау биігіне көтерілген қазақ халқының дана перзенті, кемеңгер Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Бұдан тура бес жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев хакімнің 175 жылдық мерейтойына орай «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақала жариялаған еді. Мұнда дала данышпаны ілімін қазіргі заман мен қоғам талабына сай жаңа ұстаныммен, тың көзқараспен жеткізген тағлымы мол, маңызы терең һәм өзекті тұжырымдама мәртебесінде халыққа ұсынылды.
Бірегей еңбектегі Мемлекет басшысының халыққа, қоғамға бағытталған ойлары мен идеяларының өзектілігі уақыт өткен сайын күшейе түспесе, әсте кеміген жоқ. Өйткені автор айтқандай – «Абай сөзі әрдайым ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет. Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы».
Расында, мәңгілік ескірмейтін Абай мұрасы біздің заманымызда қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді, оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Демек, хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі, деп тұжырымдайды Президент. Сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек Абайды оқуға, ақын өлеңін жаттауға кеңес береді. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Осылайша ақын мұрасын бүгінгі ел халқына жаңа ұстаныммен, бұл жолы өзіміз өмір сүріп отырған замана талабына барынша бейімдеп жеткізуді мұрат тұтқан салмақты еңбек қазіргі қоғам қажеттілігін қамтыған бірқатар тұғырнамалық өзекті бағдарларды алдымызға тартады.
Жаңғыру. Өткеннен қол үзбей жаңа құндылықтарға ұмтылу. Дей тұрсақ та, өткеннің бәрі таза, кіршіксіз, айырылуға қимастай ардақты бола бермейтіні белгілі. Сол себепті алдымен Абайдың өзін ашындырған, таптаурын, жадағай, жағымсыз әдеттерімізден бас тартуымыздың қажеттілігі Президент мақаласында тайға таңба басқандай айтылған. Өйткені қазіргі әлем көзді ашып жұмғанша өзгеріп жатыр. Өмірдің барлық тұсында жаңа міндеттер мен талаптар қойылады. Ғылыммен, ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Замана керуеніне ілесіп, ілгері жылжу үшін сананың ашықтығын қамтамасыз ету, өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білу талап етіледі. Мұндай кезде таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет, дейді мақала авторы. Ендеше, дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас мүшесі ретінде Қазақстан жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арыла отырып, ұлттың дамуына кедергі жасайтын өткеннің кертартпа тұстарын мансұқтау арқылы жан-жақты жаңғыра алады. Өткен кезеңдерде әбден қанға сіңгендей қасіретке айналған сыбайлас жемқорлық, ысырапшылдық, орынсыз даңғазалық пен үнемсіздік елдің өркендеуіне кедергі келтіреді. Демек өркениетілікке емес өзімшілдікке, зиялылыққа емес зияндыққа, парасаттылық емес пасықтыққа жетелейтін мұндай «ғұрыптардан» арылып, нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстану, кәсіби өнерді игеру, «бес дұшпаныңды біліп, бес асыл іске көнуді» көздейтін ұлттық прагматизмге шақырады. Осы бағытты алғанда, Абайдың аса терең, ауқымы өте кең ұлағатының бірі – Толық адам. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған жан. Абай айтып отырған «Толық адам» ағылшын тіліндегі «A man of integrity» түсінігіне сай келеді екен. Яғни өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адам. Демек, ұлы ұстазымыз бұдан екі ғасыр бұрын бүгінгі заманның талаптарын көзбен көргендей айқындап берген. Біздің қоғамда ғана емес, анығы барша әлемде мұндай ұғым мен өлшем азайып бара жатқандай. Десек те, ақ жүректі, асыл текті халқымыз заманның ең бір қиын кездерінде осынау өмірлік философиясынан айырылмағаны қуантады және ел келешегінің кемел екендігіне қапысыз сендіреді. Мұның жарқын дәлелдерінің бірі ретінде жаһандық ковид індетінің ауыр сынағынан өту, одан кейінгі жойқын су тасқынының әкелген зардабы кезінде қарапайым қауымның ауызбірлік танытып, өзара көмек пен құтқару жұмысына жаппай кірісіп, ізгіліктің биік белгісін, жалпыұлттық тұтастығын жариялай білген биік парасатын айтуымыз лазым.
Өткен отыз жылдық кезеңде халқымыз ғасырларға лайық белестерден өте білді. Дей тұрғанмен, белгілі себептерге байланысты негізгі күш-жігер экономикалық, саяси салаларға ойысып, темірқазығы Абай деп танылған рухани құндылықтар екінші қатарда қалып отырды. Ішкі саясатта ұлттық жаңғырудан бұрын ұлтаралық келісім жоғары тұрды. Ел тұрғындары бүтіндей бір кезең үкіметінің мемлекеттік тілде сөйлемеуіне де толеранттылық танытып келді. Алайда қазақ қоғамының өзекжарды ой-пікірлері тиісті орындарда естілмей қала беруі ұлттық жаңғыруға емес, әсіресе жас буын арасында көңіл толмаушылық күйге ұласып, теріс әлеуметтік әрекеттерге, соның ішінде шет елдерден келген жат діни ағымдар мен идеологияның қармағына іліну қаупі, лайықты көзқарас пен жұмыс табылмағандықтан, шет елдерге еңбек мигранты ретінде үдере көшу үрдісі байқалды. Осындай өкінішті салдарларды өз заманында сезгендей, ұлы Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге, елдікті қадірлеуге шақырды. Ақын мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Президент Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі деп мәлімдеді.
Мемлекет ісіне мүдделестік. «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» тұғырнамасында халықтың, қоғамның назарына тартылған күретамырлы жайттардың бірі – егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайту қажеттілігі. Бұл бағытта заң үстемдігін орната отырып қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екені нақты көрсетілген. Өркениетті елдердегідей халықтың билікке деген құрметі қалыптаспаса, елдігімізге сын. Мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының іргетасын құрайтын осынау ұлы талап – екіжақты сипатқа ие. Яғни мақала авторы нақты атап көрсеткендей, заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады. Ал әділеттік дәстүр қалыптасқан елдің билігіне халықтың құрметі табиғи түрде орнайды. Демек, елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктеткен ұлы Абайдың әділетті қоғам құру идеясы ХХІ ғасырдағы Қазақстан үшін аса құнды әрі өркениетті мемлекет қағидаларымен толық үндестігін мәлімдеген Президент өзі жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынғанын жеткізеді. Расында, Абай мұрасына зейін қою арқылы азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың, әділеттілік қағидатын ұстанудың мән-маңызын ұдайы һәм үздіксіз түсіндіру қажет.
Дей тұрғанмен, қазіргідей қым-қуыт заманда санаулы адамдар болмаса, Абай кітабын көп ешкім қолына ала қоймайтыны белгілі. Ендеше бұған ынталандыру, тіпті өркениетті жолдармен мәжбүрлеу тәсілдерін қолданған орынды сияқты. Оның бір жолы – барлық мемлекеттік қызметкерлердің жұмысқа орналасуда және кейіннен мерзім сайын тапсыратын тест кезіндегі том-том заңдардың санын сәл азайтып, оның орнына Абайдың 4-5 өлеңін, қара сөздерін жатқа білу, жалпы ұлттық көркем әдебиеттен хабардар болу талабын енгізу. Негізі, Абай мұрасы арқылы қазақ көркемсөзі мен мәдениеті арқылы ұлттың жаңа сапасы қалыптаспақ.
Абай және әлемдегі Қазақстан. Президент Қ.Тоқаев жоғарыда аталған мақаласында ұлы ақынды халықаралық ауқымда таныту мен насихаттаудың маңыздылығына ерекше назар аударады. Өзінің жеке тәжірибесімен бөлісе отырып автор «қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз. Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?» – деп атап өтті. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе екендігін ескертіп, ақын туындыларын шет тілдерге аудару, Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құру туралы мәлімдеді.
Мемлекет басшысының қазіргі кезеңде барынша өзекті болып отырған қоғамдық тұрақтылық, отансүйгіштік, ұлттық тұтастық пен рухани қуаттылықты арттыруды, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы орны мен беделін нығайтуды көздейтін нақты ұстанымдарын, соның ішінде бұған Абай мұрасы арқылы қол жеткізудің маңыздылығы туралы ой-тұжырымын жүзеге асыру барынша маңызды екені анық. Мысалы, мемлекеттік мекемелерде 2025 жылды «Абай жылы» деп жариялай отырып, оның аясында қызметкерлердің, әсіресе орта және жас буын өкілдерінің Абай шығармаларын оқуын, ақын өлеңдерін жаттауын ынталандыру өзекті. Республика күні мемлекеттік мейрамы қарсаңында Абай шығармаларын оқу іс-шараларын өткізуге болар еді. Бұдан бес жыл бұрын Мемлекет басшысы қатысқан Абай өлеңдерін оқу челленджін шетелдік дипломаттар мен лауазымды адамдарға тапсыра отырып жалғастыру да нәтижелі болар еді. Ақын шығармаларын әлемнің кең таралған тілдеріне, соның ішінде көршілес, бауырлас елдердің тілдеріне аудару дәстүрге айналғаны абзал. Осылайша, мақала авторы ұсынғандай шетелдіктердің Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуімізге нақты іс-қимыл жасау қажет.
Ресей, Франция, Ұлыбританиядағы елшіліктер жанынан ашылған Абай орталықтарының атқарып жатқан жұмыс тәжірибесі негізінде аталған орталықтарды ашуды өзге мемлекеттерде жалғастыру, олардың формальды түрде емес, нақты жұмыс істеуіне қол жеткізген жөн. Бұл орайда Қырғызстанның Ош мемлекеттік университеті жанынан ашылған «Абай аудиториясы» және «Қазақ тілі мен мәдениеті орталығында» қазіргі уақытта 90-нан астам студент қазақ тілі мен әдебиетін, Абай шығармаларымен тереңдей танысып, олардың арасында жыл сайын сәуір айында «Мекенім» атты поэзия байқау дәстүрлі түрде өткізіледі. Жергілікті жастар Абай, Махамбет, Мағжан, Мұқағали өлеңдерін жатқа оқиды. «Абай аудиториясы» жұмысының аясында заманауи қырғыз поэзиясы дипломаттардың қатысуымен қазақ тіліне, сондай-ақ қазақ тіліндегі «Әке туралы ой-толғау» кітабы жергілікті кәсіби мамандардың күшімен қырғыз тіліне аударылып жақын күндері жарық көреді. Сонымен бірге биылғы Абай жылында Ош қаласында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалының ашылуы көзделіп отыр.
Мемлекет басшысы – Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттау, өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен бағалайтынын, олай болса, Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы, деп атап көрсетті.
Мемлекет басшысының «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласында ортаға салынған ордалы ойдың бірі – Абай жылы барысында бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдында есеп беруі. Бұл өте терең мағыналы жайт. Расында, біз осы уақытқа дейін Абай өсиетіне қаншалық құлақ астық, қай шамада орындадық, нені түсініп, нені түсінбедік, қай кемшілігімізді, мінімізді, осалдығымызды түзей алдық. Міне, осы сұрақтарға ұлт ұстазының алдында есеп беретін сәтіміз келді. Ол үшін, әлбетте Абай сөзін игеріп, Абай мұрасын ұғынып, абыздың жанын түбегейлі түсінгеніміз абзал.
Мұхтар Кәрібай,
дипломат
Ош қаласы