• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет 18 Сәуір, 2025

Ән көмкерген ақтық сөз

0 рет
көрсетілді

Ақтық сөзін, соңғы тілегін, арман-аңсарын айта алмай кеткен жан аз дейсіз бе өмірде? Арманда кеткеннен сақтасын, әрине. Ол жеке бас­тың, жалғыз-жарым пенденің тілеуі ғана емес, туған халқының, асыл өнердің шын мұратын көксеген өнер иесінің соңғы арызы болуы да мүмкін ғой. Ел-жұртының арман-тілегін арқалап, кейінгі ұрпаққа аманат­таушы өнер иелерінің соңғы сөзі немесе назы айтылмай арманда кетсе, нағыз қасірет сол шығар. Онда ұлт мұратының бір шеті кетіл­генмен пара-пар ғой.

Дүние дүниеде қалады, ал халықтардың арман-мұраты аласарса, жұқарып, мұқалса – шын қасіреттің өзі. Адамзат алға баспай, кері кете бастады деген сөз. Мәселен, «Біржан сал» фильмінде әбден қапа болған сал түн ортасы үйге сыймай, тысқа шығып күйінетін тұсы есіңізде болар? Соңынан жеткен серігі Байкенжеге «...Алаш қартайыпты! Бәрі пәс, бәрі еңкіш, төмен. Аяқ-табақ жалаған сарай ақын, сарай әнші төрге оза ма деп қорқам» дейтін еді ғой. Ал ол кезде сарайлар мен ордаларды кім басқарып отырғаны белгілі емес пе? Шылымын бұрқырата шекесінен қараған орыстың ұлығы әділдік іздеп келген қазақтарға «біз сендерге бостандық бердік» деп кекете күледі. Біржанға бат­қан қапа мен шер-шеменнің бір ұшы осын­да жатқан жоқ па? Ақын мен жырау, сал мен сері қазақтың рухы мен ар-на­мысы. Олар бұлай тапталған соң не деу­ге болады.

«Біржан сал» киносында байлау­да жатқан сал «бұл менің қолыма түс­кен арқан емес» дейді. Қазақтың еркіндігіне, ақыл-ойына салынған тұ­сау­лы шынжыр. Ақыры қол-аяғы ар­қандалған даланың үнпаз ұлы сол кісен салған жараның кесірінен өлгені кімді де болса бейжай қалдырмауға тиіс қой.

«Біржан қазақтың ондай «шы­лығын» ескермей, араз деген ауылдарға ба­рып, ән салып, қыдырып қайтады. Қайтып келген соң ағайын-тумалары оны ортаға алып сабап, басына зақым келтіреді. Әңгіменің басында айтылған Азнабайдың поштабайының қамшысынан бастап, Біржанның басына тиген таяқтың осындай трагедиялық салдары болады. Оған дәлелдің бірі – Біржанның байлаулы жатқандағы бір шумақ өлеңі. Онда аурудың қалдығы анық айтылады.

«Арқаның түгел көрдім кәрі-жасын,

Ұмытпас құрбы-құрдас, замандасым.

Ойланам, ауруымның түрі жаман,

Біржанның кім ұстар деп

домбырасын», дейді.

Біржанның байлаулы кезінде аурудан қайтыс болғанын бір әңгімесінде Теміртас та айтқан көрінеді.

...Өзі кеткелі жатса да, балаларының тілегін тілеп, солардың адам болуын ойлап, оның ішінде Теміртасты бөліп айтады. Солай өлең-әннен маржан тіз­ген сал Біржан үш жылдай байлаулы жатады. Арқан кескен жердің жарасы ұл­ғайып, асқынып (гангрена болып), ақыры 64-ке келгенде, 1894 жылы қай­тыс болады», деп жазады Ахмет Жұбанов.

«Ағаш үй от жаққаным қобылан пеш,

Құдай-ау, ғапу етіп күнәмді кеш!

Теміртас, Асыл, Ақық – қарақтарым,

Байлаулы арқандағы қолымды шеш» дейді сал ақтық әнінде. Біржанның ғана емес, күллі ұлттың қасіреті осы «Темір­тас» әнінде тұрғанын аңғару қиын емес.

Осыған параллель тағы бір туынды Ақан серінің «Шырмауық» әні. «Шыр­мауық» – серінің басындағы тағдыр-тақсіреті ғана емес, сол кездегі ұлт мой­нына түскен қылбұрау. «...Ахау, дүние жалған, бітер ме арман? Сұм тағдыр шырмауықтай шырмап алған» – қайыр­масы. Шырмауық деген атында тұр. Қазақ даласында қасында не болса соған оратылып, шырмап, буындырып бас салатын өсімдік. Шөптесін болса да, бір оралған нәрсені шырмауы­нан жұлып алу қиынға соғады. Күштегенде бырт-бырт етіп зорға үзіліп, жұлынады. Ал қалың өскен жеріне кезіксе, әлгі зат­ты біраз тер төгіп, орауынан боса­ту­ға тура келеді. «Шырмауықты» тың­датарда білмей­тіндерге әуелі осыны ұғын­дырып алмаса, ән далаға кетті дей бер. Демек серіні осылай шырмап, буын­дыруға айнал­дырған бұғау ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басын­да ұлттың да өне бойын­да тұрға­нын білеміз. Ақан сері бұл әнді шығар­ған­да 58 жаста екен. Соңғы әні болуы да мүмкін ғой. Кесіп айтудан аулақ­пыз, бірақ. Қазақ өнерінде Ақан, Біржан деп қатар аталған қос тұлғаның ақтық ән­дері де өзектес туғаны әлі талай естіге сөз болары хақ.