• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Өнер 18 Сәуір, 2025

Сәнге айналған құрақ

0 рет
көрсетілді

Ұлттық өнер, ұлттық нақыш, ұлттық бояу – сандаған жыл өтсе де әр халықтың табиғатымен бірге жасайтын құндылықтар. Әсіресе бүгінгідей жаһанданған қоғамда тарихтан тамыр тартатын ұлттық белгілер де заманға сай жаңаша түрленіп, жаңаша қалыпқа еніп келеді. Тіпті ұлттық нақыштағы дүниелер қазір сәнге айналды десек болады.

Иә, қай салада да қазіргі уақыт­тың тынысы мен талабын ескермеуге әсте болмас. Осы орайда Әбіш Кекілбаевтың «Дәстүр-әдеппен, әдет-ғұрыппен, мың жылдап қалыптасқан дағдымен күресу – есуастық. Бірақ оның бә­рін жаңа жағдайға лайықтамай, жаңғыртпай, сол қалпында ұста­нуға тырысу – өз аяғыңды өзің тұсап, өз қолыңды өзің кісендеумен бара-бар» деген ойлы сөзі еріксіз еске түседі. Қарыштап дамы­ған қоғамда әр ұлт өзіндік өрнек­тері­мен, халықтық сипатымен ерек­шеленеді. Қазақтың ұлттық өнері де дәстүр-салты­мен астасып, жаңғырып келеді. Мәселен, хал­қымыздың қолөнерін қайта жандандырып жүргендердің бірі – этнодизайнер Ырза Тұрсынзада. Шебер кесте тоқу, сырмақ сыру, құрақ құрау секілді салтымызды заманауи технология тілімен шебер үндестіріп жүр. Әлқисса.

Әже тәрбиесінде өскен шебер ұлттық өнерге бала кезінен қанық. Жастайынан көне дүниеге, көркемдікке жаны құмар. Алғаш­қы топтамасы алты құрақ көрпе мен алты жастықтан тұрған Ырза Тұр­сынзада бастаған шеберлер толықтай қазақы нақышта үй сәндейді, қыздың жасауын, кестелі ұлттық киімдер тігеді. Мұның бәрі қазіргі заман стилімен ұштасады. «Оюлы әуендер», «Шатқалдағы суреттер», «Көктем вальсі» сынды бірегей топтамалары – осы шы­ғармашылық еңбектің жемісі.

Иә, бүгінде басқа әлемнен оқшау өмір сүру мүмкін емес. Жер-жаһандағы өзгерістер мен жа­ңа­шылдықтардың бәрі біздің қоғамға тез-ақ сіңіп үлгеріп жатыр. Өзге жұрттың таңсығына еліктеу бар екені де рас. Жан-жақтан жүгіре жарысқан жат мәдениет. Десек те Ырза Тұрсынзаданың ай­туын­­ша, тарихи тамыры болма­ған­­­дықтан, жат дүние тез шарша­тып,­ оның ғұмыры ұзаққа бармай­ды. Сондықтан, қайткен күнде де ха­­лық ұлттық құндылықтарға бет бұ­­­рып, өз дәстүріне қайтып ора­лады.

«Шекара ашылып, әлемдегі барлық жаңалық қазақ жеріне ке­ліп жатыр. «Land Cruiser» қазақ­тардың ұлттық көлігіне айналды де­сек болады. Бұл біз үшін әдеттегі жағдай болып отыр. Сән әлеміндегі түрлі брендтер де біздің қоғамды жаулап алды. Бірақ бәрібір оның барлығы жат қой, өзіміздікі емес. Тарихи тамыр, ұлттық рең жоқ. Оның бәрі әдемі, жылтыр, бірақ біз­дікі емес. Мысалы, кәуапты қанша жесек те, бесбармаққа еш­теңе жетпейді ғой. Халық әбден тойды. Ежелден қазақтың тұр­мы­сында болған жабдықтар, жи­һаз­дар мен бұйымдар жоғалған жоқ және өзек­тілігін де жоғалтқан жоқ. Оны тек қазіргі уақытқа бейімдеу керек, мұны істеп те жатырмыз. Мен халыққа ұлттық дүниенің қа­жет еке­нін түсіндім де, бұл іске бел ше­шіп кірісіп кеттім», дейді ол.

Қолөнерші бұл кәсібіне көп күш пен қаражат жұмсаған. Ісмерлікті табысқа кенелу үшін ғана емес, ата-бабадан асыл мұра болып қалған ұлттық қолөнерді жан қалауы, өмірлік шешімі деп білді. Ісмерлік өнерге деген ынта-ықыласы бүгінде қолөнершіні орасан табысқа жеткізіп отыр. «Алтын орда» авторлық дизайн үйін құрудан басталған қадам қазір шетелдік көрмелерге жиі шығады. Этнодизайнердің «Deluxe» санатындағы көздің жауын алатын дүниелеріне сұраныс та күшті.

«Шынын айтқанда, қазақ жерін­де көрпенің бағасын көтер­ген мен. Басында айна­лам­дағы ауқатты, сәнқой, қазіргі заман тілімен айтқанда, соңғы тренд­терден хабардар әйелдер түсінбестік танытты. «Не істемек­шісің? Бұл кімге керек? Ешкім сатып алмайды» дегендер болды. Ал мен: «Сатып алмай-ақ қойсын. Өзім үшін істеп жатырмын. Бекер сөйлемеңдер, менің дүниелеріме кезекке тұратын уақыт әлі келеді» дейтінмін. Қазір мені: «Кәдімгі көрпеден өзіне имидж жасап алды» дейді. Мен мұндай мақсатты тұтқан жоқпын. Әрі бұл кәдімгі көрпе емес», дейді шебер.

Иә, Ырза Тұрсынзаданың жеке имиджіне айналған құрақ көрпе – қарапайым көрпе емес. Ең алдымен, бұл – мәдениетіміздің бір бөлшегі, сандаған ғасыр жасаған ата-баба дәстүрі. Ғасырлар қой­науынан жеткен қолөнер. Ше­бердің айтуынша, ұлттық дүние­нің адам жанына шипа болатындай да қасиеті бар. Мысалы, құрақ көрпе адамның энергетикасын тазартады.

«Шетелде біздің өнерге қызығу­шылық үлкен екені рас. Алысқа жиі шығамын, көр­­мелерге көп қатысамын. Сондай кездерде көп сұрайды, қатты қызығады. Фэшн-индус­трия майталмандарының біз­дің ұлттық киімдерге таңдай қақ­қанын талай көрдім. Қазақы дүние­­лердiң көп элементтерiн өз үлгiлерiнде көрсеткiсi келетiндер де бар. Турист шетелдіктер үшін эксклюзивті дизайндар жасап жүрмін. Қысқасы, ұлттық ерекшелікпен, ұлттық әдемілікпен таңғалдырғым келеді», дейді Ырза Тұрсынзада.

Ұлттық болмыс пен ұлттық біре­гейлікті сақтап жүрген қол­өнершілер екенін жоққа шығармаймыз. Елімізде кәсіби шеберлердің саны көп емес. Кейінгі уақытта қоғамда қолөнерді қайта жаңғырту, шеберлердің мәртебесін белгілеу мәселесі жиі қозғалып жүр. Ісмерліктің қыр-сырын жастарға үйретіп, келер ұрпаққа аманат етіп қал­дыру керек. Ата-баба мұрасын сақтауды парызына балаған кейіпкеріміз бүгін­де қан­шама шәкірт тәрбиелеп, ұлттық өнердің ізгі жолын әр тарапқа таратып отыр.