Бүгінде дамуы кешеуілдеген, психикалық саулығында кінәраты бар балалар көбейіп келе жатқаны алаңдатады. Қазіргі міндетті скринингтік тексерулер бала денсаулығындағы ауытқушылықты дер кезінде анықтайды, соның нәтижесінде статистикалық көрсеткіш те жыл санап артып келеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, дамуы кешеуілдеген балалар саны 2019 жылы 6 706 болса, 2023 жылы 10 945-ке дейін көбейген. Өткен жылы Алматы қаласында 18 жасқа дейінгі ерекше балалар саны 9 526-ға жетсе, олардың ішінде үш жасқа дейінгі балалар саны шамамен 800-дей болған. Бұл балалардың тілі кеш шығады, қарапайым тапсырмаларды қабылдай алмайды, қатарымен араласуы да қиын, сөйтіп, өсе келе қоғамға бейімделе алмайтыны белгілі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, туабітті, тұқым қуалайтын кеселдер салдарынан, әлеуметтік факторлардың кесірінен кейінгі үш жылда мүгедектігі бар балалар саны 11,4%-ға артқан. 2024 жылы елдегі мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны шамамен 732 мыңға жетсе, олардың 15%-ы – 7-18 жас аралығындағы балалар.
Әлбетте, ерекше бала бағып отырған ата-аналарға қоғамның қолдауы, мамандардың кәсіби көмегі қажет. Сол тұрғыда Алматыда «Қамқорлық» атты ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған алғашқы бейімдеу және даму орталығы ашылды. Орталық дамуында ауытқушылығы бар балдырғандардың кеселін ерте бастан емдеп, оңалтуды көздейді.
Жаңа орталық 2024 жылдың желтоқсанында күрделі жөндеуден өткен Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының базасында құрылған. Алматы әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоры мұрындық болған бірегей жоба медициналық көмектен бөлек, түрлі әлеуметтік қолдауларды да қамтиды. Мұнда балалардың үйлесімді өсуі мен бейімделуіне жағдай жасалған. Оларға абилитация (жаңа дағдыларды дамыту), когнитивті, моторлық, коммуникативті қабілетін дамытуға арналған оқыту жүргізіледі.
Орталықтағы 426 шаршы метр аумақта бірегей терапевтік кеңістік қарастырылған: шунгит және тұзды бөлмелер, сенсорлық қабылдауды жақсартуға арналған иммерсиялық ванна, сенсорлық бөлме бар. Балаларды оңалтуға арналған жеке бағдарламаларды көпсалалы мамандар тобы әзірлейді. Олардың қатарына невролог, реабилитолог, неонатолог, физиотерапевт, ЕДШ дәрігері, логопед, дефектолог кіреді. Орталық күніне 50 бала қабылдай алады, жылына 600 балаға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында көмек көрсетілмек.
Қала әкімі Ерболат Досаев орталықтағы құрылыс жұмыстарының сапасын арнайы барып көріп, мердігерге анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырып, орындалуы қадағаланатынын ескертті. Әкім сондай-ақ жаңартылған Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы емханасының жұмысымен танысты. 1966 жылы салынған 1300,6 шаршы метрлік екі қабатты ғимаратта күрделі жөндеу жүргізіліп, инженерлік жүйелер жаңғыртылды. Медициналық қызметті жылдам көрсету үшін пациенттердің бағыты оңтайландырылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолжетімділігі артты. Атап айтқанда, емхананың кеңістігі аймақтарға бөлініп, кабинеттердің орналасуы қайта қаралды, бұл баспалдақпен көтерілу немесе лифт пайдалану қажеттілігін азайтты.
Алматы әкімі ерекше назар аударған нысанның бірі – емхана базасында орналасқан Ұрық қорғау орталығы. Мұнда туабіткен даму кемістіктерін перинаталды диагностикалау, оларды түзетуге арналған жатырішілік операциялар жасалады. Бұл – Алматы әкімінің тапсырмасымен, Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен 2024 жылғы 13 маусымда іске қосылған фетальды хирургияның ерекше жобасы. Жыл сайын мұнда 8 мыңнан астам жүкті әйел ультрадыбыстық тексеруден өтеді.
Қала басшысы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының одан әрі дамуы жоспарланып отырғанын атап өтті. Оның ішінде «Ақылды» операциялық бөлмелер құру, жылдық қабылдауды 17 500-ден 19 500 адамға дейін арттыру, жүрекке жасалатын хирургиялық операцияларды қосқанда, операция түрлерін көбейтіп, акушерлік операциялар санын жылына 3 500-ден 4 500-ге дейін арттыру қарастырылған.
Қазірде Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы – әйелдер мен балаларға толық циклді медициналық қызмет көрсететін ірі кластер. Оның әрі қарай жаңғыртылуы жатырішілік операциясын кеңейтуге мүмкіндік береді, сондай-ақ даму кемістіктерінен болатын мүгедектік пен нәресте өлімін 35%-ға төмендетуге ықпал етеді.
Айта кетейік, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары – «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі ортамерзімді келешегі» аясындағы маңызды жұмыстардың бірі. Ғимараттың жалпы ауданы – 24,1 мың шаршы метрді алып жатыр.
АЛМАТЫ