• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Тұлға 17 Сәуір, 2025

Бағдарынан айнымаған байыпты қаламгер

0 рет
көрсетілді

Алматыдағы Ұлттық кітапханада қаладағы музейлер бірлестігінің және Жазушылар одағының ұйымдастыруымен белгілі қоғам және мәдениет қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Әділғазы Қайырбековтің мерейтойына орай «Ғазалғұмыр» атты ақын бенефисі өтті.

Қазақ әдебиеті мен мәдениетін дамытуда жемісті еңбек етіп келе жатқан сөз ше­бе­рі Ә.Қайырбековтің өмірі мен шығар­ма­шы­лығын насихаттауды мақсат тұтқан іс-шараны журналист, белгілі қоғам қайраткері Әміржан Қосан жүргізіп отырды. 22 жыл қазақ баспасөзінде жан-жақты танылып, ширек ғасыр бойы қазақ әдебиетінің классиктері Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов музей кешенін басқарып келген ақынның руханиятқа сіңірген еңбегін лайықты бағалап, құттықтау хатын жолдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың лебізін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков оқып берді. «Сіз қазақ әдебиетін­де өзіндік қолтаңбасымен таныл­ған белгілі ақынсыз. Шоқтығы биік шығармаларыңыз бен туын­дыларыңыз ұлт рухания­тын байытуға қызмет етіп жатыр. Ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуге атсалысып, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы­на үлес қостыңыз. Сізді 70 жас­қа толған мерейтойыңызбен құттықтай отырып, көп жылдық қажырлы еңбегіңіз үшін алғы­сымды білдіремін» делінген ел Президентінің құттық­тау хатында. Шаһар әкі­мінің орынбасары Азамат Бескемпірұлы қазақ әде­бие­тінің өрісін кеңейтіп, оқырманына көркем әрі кесек дүниелер ұсынып келе жатқан байсалды қалам иесін төсбелгімен марапаттады. Сондай-ақ бар саналы ғұмы­рын әдебиетке арнаған қарым­ды қаламгер, әдебиет зерттеушісі, тәжірибелі сыншы, дарынды аудармашыны құттықтаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Абай облысының әкімі Берік Уәлидің де ықыл­асы хаттары арқылы мерейтой иесіне жеткізілді.

Поэзия – журналистика­ – ғылым. Бұл үштаған – Әділ­ға­зы Қайырбеков шы­ғар­­ма­шылығының адастырмас шам­шы­ра­ғы, бұлжымас бағдары. Әдеби жиын­­­­да сөз алған Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, филология ғылымдарының докторлары Қансейіт Әбдезұлы, Нұрдәулет Ақыш, суретші Еркін Нұразхан, белгілі журналист Қайнар Олжай руханият сардарының азаматтық болмысы, қаламгерлік келбеті мен тұлғалық қасиетін әр тараптан ­зерделеп, тарқатып жатты. Ақын­ның әнге әуестігін, беймәлім бо­лып келген сазгерлік қырын бел­гілі әнші Еркін Шүкіман орын­да­ған «Ән-ғұмыр» әні әйгіледі.

Еңбек жолын С.Мұқа­новтың әдеби-мемориалдық музей-үйінің тұңғыш экскурсия жүргізушісі болып бас­таған Ә.Қайырбеков кейін түрлі ақпарат құрал­дарында ең­бек етіп, әсіресе әдебиет, мәде­ниет, өнер тақырыптарына көбі­рек қалам тартты. «Әр мақа­ла­сы уақыт ша­ңына көміліп қал­май, бүгінде қайталап оқуға жете­леуінің бір сыры бір күндік емес, өзекті, мәңгілік мәселелерді, ұлт мүддесін, халық көкейіндегі ойлар­ды қаузағанында деп біле­міз», дейді модератор Ә.Қосан.

«Әділғазы – лирик ақын. Бірақ лирикасының арғы жағында үлкен фило­со­фиялық ой жатады. Ақын жан-жақты білімді бол­маса, жалғыз талант аздық етеді. Әділғазы жасынан білім қуып келеді. Ақын­ның энци­кло­педиялық білі­мінің арқасында Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің өмірі мен шығар­ма­шылығын қамтыған қаншама еңбек, мақа­­лалар жарық көрді. Мүсіре­повтің өмір жолының деректерін, шығармаларының жазылу тарихын, хаттарын жи­нақтап, классик туралы энциклопедия құрастырып шығару – ол туралы терең білетін адамның ғана қолынан келетін іс. М.Әуезовтің музей үйінен кейінгі кеңестік кезеңде жасақталған музейлердің бірі де бірегейі С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемориал­ды кешеніне Әділ­ғазы­ның ди­ректор болуы, сол қара­шаңы­рақта тал­май, маңдай терін сыпы­рып қыз­мет етуі музей мерейін үстем ете түсті», дейді Мереке Құлкенов.

Ә.Қайырбеков әдебиетіміз­дің биік тұлғалары С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің өмірі мен шығар­машылығына қатысты 50-ден аса кітаптың алғысөзін жазған, құрастырушысы, редак­торы, редакция алқа­сының мүше­сі болды және қос классикке байланысты 50-ден аса халық­аралық, республикалық ғылыми кон­фе­ренцияларда баяндама жаса­ған. Ақынның бенефисінде «Әділ­ғазы­ның әдемі әлемі» атты бейнебаян көрсетілді. Ақын алпыс жа­сында онтомдық шығармалар жи­на­ғын шығарса, 70 жасында үш кіта­бымен оқырманы алдын­­да есеп беріп отыр. Белгілі қалам­гер­лер, әдебиет зерт­теу­шілері, музей қызмет­кер­лері қатысқан бене­фис­те «Ғазалғұмыр», «Көк дәп­­­тер» ма­қалалар жинағы мен «Биб­лио­гра­фиялық көр­сеткіш» сияқты жаңа кітап­та­рының жібекбауы кесіліп, кітапханаға тарту етілді.

 

АЛМАТЫ