Талғар қаласында қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың есімін көше атауына беру мәселесі көтерілді. Мұндай ұсынысты марқұмның отбасы атынан адвокат Мейірман Шекеев айтты, деп жазады Egemen.kz.
«Шерзаттың атымен көше атаңыздар. Қан төгілген, 16 жасар бозбаланың өмірі қиылған жердегі көшелер әлі күнге дейін Менделеев пен Руставели есімін иеленіп тұр. Олар Талғардың немесе Қазақстанның дамуына үлес қосқан тұлғалар емес. Бұл – кеңестік кезеңнен қалған атаулар. Сондықтан мен Талғар әкімі Арыстанға ұсыныс білдіріп, Менделеев көшесін Шерзаттың атына беруді сұрадым», деп жазды адвокат Instagram парақшасында.
Оның айтуынша, қала әкімі ұсынысты қарастырып, қолдау білдіруге дайын екенін жеткізген. Шекеев кейіннен бұл бастаманы не себепті көтергенін толық түсіндіретінін де атап өтті.
Еске сала кетейік, Шерзат Болаттың өлімі 4 қазанға қараған түні орын алып, қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Алғашында полиция барлық күдіктілердің ұсталғанын хабарлаған, алайда кейін марқұмның ата-анасы қылмысқа қатысқан өзге адамдардың бостандықта жүргенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта бұл мәселе жергілікті билік деңгейінде талқыланып жатыр. Әкімдіктің ресми жауабы алдағы уақытта белгілі болады.