Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы өртке қарсы маусымға дайындық бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Сондай-ақ жиында су тасқыны жағдайы да талқыланды.
Елдегі мемлекеттік орман қорының алқабы 31 млн гектарды, оның ішінде орманмен көмкерген жерлер 13,9 млн гектарды құрайды. Қазір мүдделі мемлекеттік органдар бірлесіп орман өртінің ауқымды алқаптарға таралуына жол бермеу жөнінде іс-шара қабылдап жатыр.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, орман шаруашылығын жабдықтау нормасы мен нормативі қайта қаралып бекітілді. Онда өртке қарсы техника мен жабдықтар тізімі кеңейіп, саны да көбейді. Сондай-ақ Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген, ірі орман өрттерін сөндіруге әкімдікте әуе жанармайы резервін құруда заңнамаға түзету енгізуді Мәжілістің бірінші оқылымына, 23 сәуірде шығару жоспарланған. Бұған қоса Үкіметтің №604 қаулысына орман шаруашылықтарын утиль төлем есебінен жабдықтау мүмкіндігіне қатысты өзгеріс енді. Елдің оңтүстік өңірінде өрт маусымы 26 наурыздан, батыс, солтүстік және орталық өңірлерге 7, ал шығыста 14 сәуірден бастап белгіленді. Сонымен қатар 2023 жылы ведомство Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесе бекіткен алгоритм, табиғи өрттерді бірге жоюда өзінің тиімділігін көрсетті.
Орман шаруашылықтарын қамтамасыз етуге 2023–2027 жылдарға арналған жалпы қаржыландыру көлемі 68 млрд теңгені құрайды. Бюджет тапшылығына байланысты республикалық бюджеттен қаржыландыру 8,7 млрд теңгеден 3,1 млрд теңгеге дейін қысқарған. Биыл жыл басынан бері 3,7 млрд теңгеге 136 шағын орман патрульдік кешені мен 60 трактор сатып алынды. Құны 11,3 млрд теңгеге тең қалған техника мен қажет құрылғылар маусым айының соңына дейін сатып алынады. Оған қоса қажет техника сатып алуға жергілікті бюджеттерде 6,3 млрд теңге қарастырылған. Қабылданған шара 11 өңірдің орман шаруашылығы техникасын жаңартып, 100%-ға жарақтандыруға мүмкіндік береді.
Десе де, 7 сәуірдегі жағдай бойынша Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Түркістан облысының орман шаруашылығы және «Семей орманы» резерваты өрт маусымына дайын болмады. Ведомство тексеріс нәтижесі бойынша облыс әкімдіктеріне, кемшіліктерді жою және техника мен жеке құрамды толық жауынгерлік әзірлікке келтіруге бірқатар талап ұсынды. Анығы жыл басынан бері мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 4 831 га құрайтын 32 орман өрті тіркелген.
Өңірлерде аумақты тазарту мен жер жырту жұмысы жалғасып жатыр. Сондай-ақ орманды дала алқабында профилактикалық жұмыс басталды. Кейбір әкімдікке дайындықты тиісті деңгейде жүргізбегені туралы 700-ден астам ескерту берілді. Мобильді топтар күнделікті рейд жүргізіп, 475 заң бұзушылық анықталды. Қазгидромет болжамына сәйкес жазда құрғақшылық болады, шөп қалың өседі, жоғары өрт қаупі қатері сақталады.
Қазіргі Төтенше жағдайлар министрлігі Командалық орталығында жедел топ тәулік бойы жұмыс істейді. Оған қоса әуе кемелерінің кезекшілігі ұйымдастырылып, Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұлан мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің су ағызу құрылғылары бар әуе кемелерін тарту алгоритмі бекітілді. Қауіпті аймақтарда ұшқышсыз ұшу аппараттары іске қосылады. Елде барлығы 400-ге жуық өрт сөндіру бекеті жыл бойы жұмыс істейді.
Су ресурстары және ирригация министрлігі былтырғы су тасқынына жүргізілген талдауды ескеріп, елді мекендерді тасқын судан қорғаудың тиімді шаралары қабылданды. Мүдделі органдармен бірге, қауіпті учаскелер мен гидротехникалық құрылыстар бақылауға алынды, су тасқынын болдырмау іс-шарасының іске асырылуы тексерілді. Өңірлерде 590 км қорғаныс бөгеті мен білікке жөндеу жұмысы жүргізіліп нығайтылды, 164 км дренаж жүйесі жөнделіп салынды, 658 км канал мен арық қазылды. Өзен арнасындағы 360 км жағалау бекітіліп, түбін тереңдету жұмысы жүргізілді, 190 км өзен аумағы тазартылды. Командалық орталық базасында су ресурстары, ішкі істер, көлік, цифрландыру ведомствосы және Қазгидромет өкілдері қатысуымен су тасқынына қарсы жедел штаб іске қосылып, барлық өңірде жұмыс істеп тұр.
Су тасқыны басталғалы бері шамамен 4,3 млн текше метр су сорылды, 600 мыңнан астам құм салынған қап төселіп, 800 км-ден астам арық тазартылды. 383 адам эвакуацияланды. 51 мыңнан астам мал қауіпсіз орынға айдалып, бүгінде кері қайтарылды. Автомобиль жолын су шайған 176 жағдай мен су жырып өткен 25 учаске тіркелді. Қазір бақылауда тұрған 21 автожол мен су жырып өткен 5 учаске бар.
Өрт қаупіне дайындық аясында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі табиғи өрттерді мониторингілеу бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Ол 3 негізгі кезең бойынша жүзеге асты: өртке дейін, өрт кезінде және өрттен кейін. Бұл тәсіл әр кезеңде жедел дерек ұсынуды қамтиды және уақтылы әрекет ету мен зардапты нақты бағалауға мүмкіндік береді. Ведомство өрт қауіптілік класы мен өрт қауіптілік индексін көрсететін карта әзірледі. Карта mchs.gharysh.kz геоақпараттық және Tabigat.gov.kz ақпараттық жүйесінде қолжетімді.
Жүйе екі негізгі құралдан тұрады: Бірінші, өрт қауіптілік класы – Қазгидромет деректері негізінде, метеожағдайлар мен өсімдіктер жамылғысының түрін ескере отырып, ормандағы өрт қауіпсіздігі қағидасына сәйкес есептеледі. Екінші, өсімдік ерекшелігін ескеріп, ғарыштық және метеорологиялық деректі талдау негізінде қалыптасады және елдің бүкіл аумағын қамтиды. Бұл тәсіл жерүсті метеостансалары мен Жерді қашықтан зондтау спутниктік деректерін біріктіреді. Нәтижесінде, бүкіл ел аумағы қамтылып, болжам дәлдігі артады. Сондай-ақ биылдан бастап еліміз ғарыш және ірі апаттар жөніндегі халықаралық хартияға қосылды, бұл төтенше жағдайда халықаралық серіктестерден суреттерді тегін алуға жол ашады.
Былтыр күрделі және орташа жөндеу шеңберінде жаңа 227 су өткізу құбыры салынған. 302 су құбырының құрылыс жұмысы жыл соңына дейін аяқталады. Шығыс Қазақстанда 4 көпір күрделі жөндеуден өтіп, Ақмола мен Қостанай өңірінде 2 көпір жөнделіп болды. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы жылдары да жалғасады. Ол туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.
Ведомство мәліметіне қарағанда, 8 мың құбыр қар мен мұздан тазартылды, 100 мың текше метр инертті материал дайындалып, оның 40%-ы қолданылды. Сондай-ақ су басу қаупі бар жол жиектеріне арнайы сигналдық белгілер орнатылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде су тасқыны кезеңі штаттық режімде өтіп жатыр. Жол төсемі мен жасанды құрылыстардың бұзылуына жол берілген жоқ. Әйтсе де, автомобиль жолдарын су басу бойынша 17 факті тіркелген.
Бүгінде көлік қозғалысына шектеу тек Петропавл қаласы айналма жолында қойылған, ол жерде баламалы жол қамтамасыз етілген. Қауіпті учаскілерде тәулік бойы бақылау жалғасып жатыр. Бір мыңға жуық мамандандырылған техника бекітілген. Күнделікті жағдайды бақылауға министрліктің Ахуалдық орталығы мен «ҚазАвтоЖол»-дың диспетчерлік қызметі тәулік бойы жұмыс істеп тұр.
Теміржол саласында су тасқыны кезеңінде теміржол мен жасанды құрылыстың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүргізілді. Төтенше жағдайлар министрілігінің аумақтық органдарымен бірге теміржолдан жоғары орналасқан 83 суқоймасы мен бөгеттің жай-күйі тексерілді. Мұзды талқандау мен қар көшкінін түсіру бойынша 6 теміржол учаскісінде бұрғылау-жару жұмыс жүргізілді. Қазір еріген су көлемін өткізу штаттық режімде жүзеге асырылып жатыр. Су тасқыны қаупі бар 673 учаскіде тәулік бойы бақылау ұйымдастырылған. Еріген судың жиналуы Ақмола мен Қостанай облыстарында байқалады.
Өрт сөндіруде шұғыл әрекет етіп, тиісті күштерді жұмылдыратын мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмі әзірленген. Алайда Павлодар мен Абай облысында болған табиғи өрт бұл алгоритмнің орындалмай отырғанын көрсетті. Мысалы, Абай өңірінде орман шаруашылығы мекемесі қызметкері Төтенше жағдайлар, Ішкі істер мен Қорғаныс министрліктеріне өрт шыққаны туралы тез хабар бермеген. Павлодарда да осындай жағдай болды.
«Экология, Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрлігіне екі өңірдегі өрт шығу себебін тексеріп, тиісті шара қабылдауды және кінәлілерді анықтап, жауапкершілікке тартуды тапсырамын. Қазгидромет болжамы бойынша жаз ыстық әрі құрғақ болады. Әсіресе батыс пен шығыста және оңтүстікте өрт қаупі күшеюі мүмкін. Дала мен орман алқаптарында қазірдің өзінде өрт шығып жатыр. Сондықтан барлық қызметтер шұғыл қимылдап, үйлесімді әрекет етуі қажет», деді Олжас Бектенов.
Тексеріс көрсеткендей, табиғи өрттің алдын алу мен жою жөніндегі іс-шаралар жоспары барлық өңірде бірдей тиісті деңгейде іске асырылып отырған жоқ. Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды, Абай, Жетісу және Ұлытау облысындағы елді мекендер айналасынан минералды белдеу жасау жұмысы басталмаған. Далалы жерде, орманда өрт шықса, бұл ауылдарға қауіп төнеді. Ал Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облысында елді мекендер аумағын қураған шөп пен қоқыстан тазарту жұмысы әлі жүргізілмеген. Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының орман мекемелері өрт қаупі жоғары кезеңге дайын емес.
Өңір әкімдеріне дайындық жұмысын күшейтуді және бұл мәселені тікелей бақылауға алуды жүктеген Үкімет басшысы, бірқатар мемлекеттік тиісті ведомстволарға нақты тапсырма берді.