Қазақ қаламгерлерінің басын қосатын «Қарағанды көктемі» фестивалі биыл прозашыларға арналды. Әр өңірдегі жазушылар жүздесіп, прозадағы келелі мәселелерді алғаш рет талқылап тұр екен. Екі күнге созылған республикалық проза фестивалі – Қарағанды қаласының әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы филиалы ұйымдастырған айтулы жоба.
Фестивальдың салтанатты ашылу рәсімі Қарағанды зерттеу университетінің филология факультетінде өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Геральдикалық зерттеу орталығы басшысының міндетін атқарушы, ақын Шерхан Талап министр Аида Балаеваның фестивальға жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
Салтанатты рәсімнен соң университеттің жаңа кітапханасында министрлік жанынан құрылған «Алқа» әдеби-мәдени клубының көшпелі отырысы өтті. Дөңгелек үстелде проза жанрының бүгінгі жай-күйі кеңінен талқыланды. Әдебиеттанушы ғалым Жансая Жарылғап бүгінгі прозашылардың шығармашылығына жан-жақты талдау жасады.
– Бұрынғыдай басы мен аяғы бар нақты сюжеттер кейбір шығармаларда жоқ. Бұл әдебиетке модернистік эстетиканың дендеп енуінен. Көп өзгеріс әдебиетке модернистік эстетиканың келуімен байланысты. Модернизм қалыпты образды бұзып тіпті абстракцияға айналдырды, дискурсты бұзды, сюжетті тұтастығынан айырды, бейнелеу тіліне батыл эксперименттер жасады. Көркем шығарманы әдеби-теориялық талдауда осы күнге дейін қолданып келе жатқан сюжеттік-композициялық талдау берерін беріп болғанға ұқсайды. Өйткені кейінгі буын қаламгерлерінде классикалық, эпикалық сюжет түрлері жоқтың қасына айналды. Әуелі салдары айтылып, сосын себептері термеленетін немесе салдары мүлде айтылмайтын фрагментарлы сюжетті шығармалар қатары көбеюде, – дейді Жансая Жарылғап.
Белгілі сыншы, әдебиеттанушы Әлия Бөпежанова «прозаны көтереміз десек, сынды жолға қойғанымыз жөн» деді. Мұнымен қоса, баспа ісіне қатысты, грант тағайындау жөнінде мәселелерге де тоқталды.
– Қазір прозаға қатысты сыйлықтар тағайындалады. Әңгіме де, повесть те еленіп жатыр. Жазушылардың еңбегін бағалаған жөн. Бірақ осының сапасын, тиімділігін арттыру қажет. Және сын мәселесіне ерекше назар аудару керек. Әдеби сын бағдар, бағыт береді. Сынсыз әдеби дамудың жүйесі де болмайды. Қазіргі әдеби процесте жанрлық әртүрлілік айқын байқалады. Реализм де бар, метамодерн де бой көрсетіп жатыр. Бүгінде тұлғатану бағытындағы шығармалар көптеп жазылып жатыр. Батырлар туралы жазылды, жазылып та жатыр. Бірақ, әдебиеттегі тұлғалар тек батырлармен шектелмеуге тиіс, – дейді Әлия Бөпежанова.
Жазушы Асқар Алтай жас сыншыларды қалыптастыру керегін айтады.
«Жас сыншылар пайда болмай, бәріміз бір-бірімізді өтірік мақтап, құр марапаттап жүре берсек, әдебиеттің де, ұлт руханиятының да құны кетеді. Бүгінгі прозада образ жоқ, баяндауға ғана негізделген, сөзді бос қуалаған дүние көп. Сөйлемнің құрылымы да әлсіз. Осындай авторларды шектеу керек. Және ашық сын айту қажет. Себебі сын дегеніміз – шындықты айту. Ол қатал болуға тиіс. Әйтпесе, бәрі өзін классик санап жүр. Оқып көрсең, бірінші беттегі баяндау екінші бетке қатыссыз, ой үзік-үзік. Бұл – үлкен трагедия. Ертеңгі буынға «әдебиет деген осы екен ғой» деген теріс түсінік қалыптастырады. Бұл – графомания, яғни мағынасыз жазу машығы. Ал графоманияның соңы — халтура», дейді Асқар Алтай.
Жазушы Айгүл Кемелбаева қазақтан шыққан тұлғаларды көркем образ ретінде насихаттау керектігін, фантастика жанрын жаңғырту қажеттігін алға тартты.
Жазушы Нұржан Қуантайұлы қаламгерлердің әлеуметтік мәселесін көтерді. Жазушылар университет, колледждерде қазіргі қазақ әдебиетінен сабақ берсе, Оқу-ағарту министрлігімен бірлескен жоба әзірленсе, игі іс болатынын жеткізді.
Белгілі драматург Думан Рамазан, жазушы Серік Сағынтай да аударма ісін жетілдіру жөнінде ой қосты. «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет балалар оқитын жаңа шығармаларды жарыққа шығару қажеттігі туралы ойын ортаға салды.
«Қазір балаларға арналған түрлі кітаптар шығып жатыр. Бір ғажабы, соны балаларға оқыта алмаймыз. Не оқитынын білмейміз. Әлеуметтік желі бой бермей жатыр дейміз. Дегенмен, жас буынның қалауы не екен? Қасында отырып, түрлі шығарма оқыттық. Қызықпайды. Қазір «әдебиет тілі ескірді» деген пікір бар. Рас, балалар кітап тілін түсінбейді. Әр сөзді түсіндіруге мәжбүрміз. Осыған қатысты жүйелі зерттеу мен нақты шешім керек деп ойлаймын», дейді Қамбар Ахмет.
«Классикалық шығармаларымыз кітап сөресінде шаң басып, оқырманын күтіп жатыр. Сол шығармалардың өзегі – ұлы кейіпкерлер. Ал ондай кейіпкер жасау – қаламгер үшін ең күрделі дүние. Бұл жай ғана оқиға құрап, қызық қылып жазудан әлдеқайда жоғары деңгей. Қазіргі қазақ киносы осы тұрғыда ақсап тұр. Бүгінгі фильмдердің көбі өмірлік шындықтан алшақ, жеңіл-желпі ойға құрылған. Бұл – іргелі зерттеу мен терең психологиялық талдауға негізделген мықты сценарийлердің аздығынан. Ал жақсы сценарий – ең алдымен әдебиетке арқа сүйейтін өнер», дейді Ұларбек Нұрғалым.
Фестиваль соңы Қасым кітапханасында қорытындыланды. Ұйымдастырушылар басқосу барысында жабық бәйге жариялаған болатын. Онда жазушы Қанат Әбілқайырдың прозасы үздік деп танылып, жеңімпазға Қасым баспасынан шыққан Мұхтар Мағауиннің 26 томдығы табыс етілді. Мұнымен қоса, Ақтоғай, Нұра, Шет, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандары бес жазушыға сыйлық тағайындады. Әлихан Бөкейхан атындағы сыйлық Дидар Амантайға, Кәмел Жүніс атындағы сыйлық Думан Рамазан мен Мәдина Омароваға, Бүркіт Ысқақ атындағы сыйлықты Әлия Бөпежановаға, Ғабиден Мұстафин атындағы сыйлық Асқар Алтайға, Ғабдиман Игенсартов атындағы сыйлық Айгүл Кемелбаеваға берілді.
«Фестивальды алғаш өткізген жылдан бері әр өңірден 100-ден аса қаламгер келіп кетті. Бұл жолы бүгінгі әдебиетті, прозаны талқылады. Қатысушылар фестивальды өз өңірлерінде де өткізуді қолға аламыз деп кетті», дейді Жазушылар одағының өңірдегі өкілі Жанат Жаңқашұлы.
Қарағанды облысы