• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Әдебиет 11 Сәуір, 2025

Табиғаты тылсым «Қарғам-ау»

58 рет
көрсетілді

Жапонияда жыл сайын ерекше жарыс өтетіні туралы ақпарат көз­дері жарыса жазады. Оның ерекшелігі сол, қатысушылар жай ғана тыныш отырып, түк істемеуге тиіс. Аталған сайыс 2014 жылы Оңтүстік Кореядан басталып, Тайвань, Нидерланд, Гонконг сияқты елдерде тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Мұның несі өнер деуіңіз мүмкін. «Қазіргі қар­балас заманда ты­ныш­тықты тыңдап, ештеңеге алаң­дамай, жай ғана өз ойын ести алатын адамдар азайып барады», дейді екен мамандар. Сөйтсек, бұл байқау күйзелістен құтқарып, медитацияны дәріптейді екен. Сайыс өте оңай көрінгенімен, тоқсан минут бойы тапжылмай отырып, жеңімпаз атанатындар тым сирек. Демек, қазіргі заманда бұл да өнерге баланады деген сөз. Енді бұдан жарты ғасыр бұрын кәдімгі өнер сахнасында мынадай гәп өткенін естеріңізге саламыз:

«Дүниеде ойға келмейтін жындылық жүріп жатыр. Бірде ағылшын газеттерінде әлдебір белгісіз пианистің тыныштық концерті туралы хабарландыру шықты. Шулы жарнама деге­ніне жетіп, концерт күні зал лық толды. Тыныштық сазгері рояльға отырып ойнай бас­тайды, бірақ ішектердің бәрін алып тас­та­ған­дықтан, бір­де-бір дыбыс шықпайды. Залдағы жұрт бір-біріне аңырая қа­райды. Әрқай­сы­сы қасындағы адам­ның не істей­тінін кү­теді, ақырын­да бәрі үн шығармастан, отырып қалады. Екі сағат­тық мүл­гіген тыныш­тық­тан соң концерт аяқталады. Пианист орнынан тұрып, бас иеді. Жұрт дүркірей қол соғады. Ертеңінде тыныштық музыканты осы жағдайды теледидардан әңгімелей келіп, сөз соңында: «Мен адам баласының ақымақтығы қаншалықты алысқа баратынын көргім келген еді, ол шексіз екен», деп мойындайды».

Бұл француз жазушысы Андре Моруаның «Жас жігітке өмір туралы ашық хат» деп аталатын кітабынан үзінді. Осыдан жарты ғасыр, одан да бұрынырақ жазылған еңбекті ана тілімізге аударған Кенжебай Ахметтің аудармасынан оқып отырып, ғажапқа қалдық. Анығында адамдар, мүм­кін көпшілік жарияға шығып жатқан дүниелердің қайсысы өнер, қайсысы әулекілік екенін ажыратудан қалып бара жат­қаны өтірік емес. Бұл бізде ғана емес, әлемдік ахуал екені басы ашық әңгіме. Және бүгін ғана басталмаған әрі барған сайын ушы­­­ғып, асыл мен жасықты, өнеге мен керікетушілікті айырмауға аз қал­­ды. Сана мен рух құлдыраған жер­­де шын өнердің құны көк тиын. Сон­­­дықтан да өнер жанашырлары мен ақыл­ды, есті адамдар дәстүрлі ән-күйді алға тартып, насихаттау­мен, тіпті сол үшін күресумен келеді.

Алысқа бармай-ақ осыдан сексен жыл бұрынғы құндылыққа мән беріп көрелік. Ақын Қасым Аманжолов «Ақын өлімі туралы аңыз» атты атақты поэмасында өлім мен өмір арасында жаны шырқыраған жас жігіт – ақын Абдолла Жұмағалиев халық әні «Қарғам-ауды» шыр­қа­ғанын жеткізеді. Қасым мен Абдолла со­ғысқа дейін өте жақын, сы­ралғы дос бол­ған­дықтан, автор арыс­тан жүректі жол­да­сы­ның бұл әнді тіршілігінде қатты жақсы көргенін біліп жаз­ға­нын пайым­дау қиын емес. Мүм­кін ол қоршауда қалғанда «Қар­ғам-ауды» орындамаған шығар, Қасым ойдан қосуы да бек мүмкін. Бірақ бұрын бірге жүрген шақтарында қысылғанда, не қай­ғырғанда, әлде қуанғанда досы халқының көкейінде мәңгі таңбаланып қалған осы туындыны шырқайтынын ақын жақсы білгеніне бәс тігуге болады. Халық көкейінен өшпей келе жатқан әндердің осындай ғаламаты бар.

Адам жанталасқанда есіне ең жақын нәрсесі, асыл деп тапқан құндылығы немесе қимас жан түсетіні белгілі. Халық әні «Қарғам-ауды» тыңдасаңыз, жаныңыз шуаққа бөленеді, қия­лыңызды тербеп, жүй­ке тамы­ры­ңызға тыныштық сый­лайды. Мүлгіген ты­­ныш­тыққа енгендей бір дема­лып қаласыз. Жоғарыда біз келтіргендей, қазіргі пенделер мүлгіген ты­ныштықтан қашады ғой. Шыдап отыра алмайды. Тіпті құлаққа ұрғандай тыныштықтан өлердей қор­қатындар да бар. Ал тыныштық концертін өткізген әлгі пианистікі көпті сынаудан туған қарекет қана ма? Ол бір-ақ жағы. Оның арғы жағында «көп айтса көнді, жұрт айтса болдыға» еріп кете беретін тобыр­дың ақымақтығын әйгілеу қарекеті жатқан жоқ па? Екі сағат тапжылмай отырғандардың парықсыздығын бетіне басып тұр. Шу-даңғаза былай тұрсын, сендерді осылай да алдауға болады деген сөз. Мұнша төменге құлдыраған құлақтар «Қарғам-ау» әнін тыңдап ләззат алады деу – ақылға сыймайтын құбылыс. Тіпті мұндай халық әндерін немесе халық композиторларының мұраларын қоя бастасаң, мазасы кететін бейбақтарды көргенде амалсыз жағамызды ұстағанбыз. Ал өз халқының әнін тыңдап, те­реңіне бойлай алған кез келген ақыл иесі өзге ұлттың классикалық мұраларына да құлақ қояры сөзсіз емес пе? Сонда бұл қалай өзі? Ха­лық­тың мұрасынан өлердей сес­кенетін олардың сана-сезімін бүгінгі жеңілтек дүниелер жаулап алған соң, тыншыған табиғат тілін тұндырған әндерді жатсынатын шығар, кім біліпті. Ол жағы беймәлім, алайда мұндайлардың маза­сын алған «Қарғам-ау» ғасыр­лар бойы жасай берері сөзсіз.