Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті республикада педагогикалық кадрлар даярлаудың ұстаханасы ғана емес, сондай-ақ ғылыми-әдістемелік қолдау орталығы саналады. Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеппен сапалы білім, жаңа формациядағы мұғалім, білікті маман әзірлеу мүмкіндіктері туралы сұхбаттасқан едік.
– Болат Анапияұлы, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда ақын мерейтойына орай Абай институттары желісін күшейтуді тапсырды. Бүгінде бірқатар шетелде Қазақстан университеттері ашқан Абай орталықтары жұмыс істейді. Олар қандай әдістемеге, бағдарламаға сүйенеді?
– Мемлекет басшысының бұл бастамасы ұлттық руханиятты әлемге танытып қана қоймай, осы институттар арқылы ауқымды ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуге зор мүмкіндік ашады. Мұны Конфуций, Гёте, Сервантес институттарының көпжылдық тәжірибесінен көреміз.
Хакім Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Абайтану» пәні бойынша бірегей ғылыми мектеп қалыптасқан. Осы ғылыми әлеуетті пайдалана отырып, университет 2011 жылдан бастап шетелдік әріптес жоғары оқу орындары жанынан Абай орталығын құруды қолға алды. Бүгінге дейін Түркия, Польша, Қытай, Вьетнам, Ресей, Өзбекстан сияқты елдерден, ұзын саны 7 халықаралық орталық құрылды.
Енді осы орталықтардың жұмысын жүргізетін маман мәселесі қолбайлау болып отыр. Өйткені білікті абайтанушы-ғалымды тауып, оның жалақысы мен шетелде өмір сүруіне жағдай жасау қажет. Бізде мықты абайтанушы маман жетерлік. Бірақ университеттің оны шетелде ұстауға құқықтық та, материалдық та шамасы жете бермейді. Өкінішке қарай, осы мәселенің шешімі болмағаннан кейін көп орталығымыз қағаз жүзінде қалып қояды. Сондықтан Ш.Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университеті жанынан Абай орталығын ашуды жоспарлап, маман мәселесін шештік. Жалпы, бұл орталықтың тұрақты жұмыс істеуіне Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов пен бірқатар отандық бизнес өкілі қолдау көрсетті. Соның арқасында Өзбекстанда Абай орталығының толыққанды ғылыми зерттеу үлгісін жасадық.
– Соңғы жылдары еліміздегі бірқатар жоғары оқу орны халықаралық рейтингте жоғары көрсеткішке ие болды. Алайда рейтинг пен сапалы білім әр кез үйлесе бермейтіні жиі айтылады. Рейтингке қатысудың қандай артықшылығы бар?
– Жалпы, халықаралық рейтингтерге қатысу негізгі мақсат та, міндет те емес. Бұл академиялық, ғылыми әлеуетімізді және білім сапасын бағалап, оларды әлемдік трендтермен салыстыру арқылы даму бағдарын анықтап, жетілдіруге керемет мүмкіндік. Қазір университетіміз әлемдік ТОП-700-ге кіреді. Бұл – ҚазҰПУ сияқты бейінді жоғары оқу орны үшін жақсы көрсеткіш. Көздеген межеміз – ТОП-500. Қазірдің өзінде Абай университеті еліміз бен Орталық Азияның педагогикалық білім жүйесінде жетекші орынға ие. Оған негіз болған, әрине, осы 97 жылда жинақталған зор академиялық тәжірибе мен ғылыми-әдістемелік мектеп. Біздің университеттің тарихы сонау 1918 жылы Ташкентте Сұлтанбек Қожановтың атсалысуымен ашылған тұңғыш «Қазақ мұғалімдер курсынан» бастау алады. Араға 10 жыл салып осы курстар негізінде Алматыда Алаш зиялылары Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Әлімхан Ермеков, Мұхтар Әуезовтің қатысуымен Қазақ университеті, одан бері Қазақ педагогикалық институты пайда болады. Демек оның алғашқы оқу-әдістемелік жүйесін құрған да, бәсекеге қабілетті білімнің іргетасын қалаған да осы ұлт зиялылары еді.
Жүз жылға жуық тарихында оқу ордасынан 250 мыңнан астам түлек түлеп ұшты. Еліміздегі 7 мыңнан астам мектептің барлығында дерлік біздің университетті бітірген түлектер жемісті еңбек етеді. Алдағы уақытта да шағын кешенді және жайлы мектептерге сапалы кадр даярлауда бай тәжірибесімен қатар университет жоғары ғылыми академиялық әлеуетін күшейте бермек.
– Бүгінде педагогикалық жоғары оқу орнын бітірген түлектерді сертификаттау үрдісі қолданыла бастады. Енді оқу-әдістемелік, ғылыми әлеуеті басым оқу орнын бітірген түлектер үшін қосымша тестілеуден өту қаншалықты қажет?
– Ұстаз – бала санасының падишасы. Сондықтан баламен жұмыс істейтін әрбір маман (ата-анадан бөлек әрине) үшін қосымша сынақ жүйесі міндетті түрде болуы керек. Бұл – менің жеке ойым. Мәселенің байыбына бару үшін оның себебін жан-жақты қарастыру қажет. Бүгінде республика өңірлеріне педагог кадрларды 2 ұлттық, 3 өңірлік жоғары оқу орны даярлайды. Абай университеті – осы оқу орындарының қатысуымен құрылған оқу-әдістемелік бірлестіктің негізгі үйлестіруші орталығы. Яғни университеттегі барлық білім бағдарламасы осы бірлестіктің елеуінен бір өтсе, халықаралық аккредитациядан тағы өтеді. Ал енді бұл бағдарламаны студент игере алмай, қосымша сынақтан өте алмай жатса, онда мәселенің себебін мектептен іздеу қажет. Атап айтсақ, мектеп бітірген түлектердің жоғары оқу орнына дайындықсыз келуі. Меніңше, бұған мектептегі білім сапасына ғана емес, педагогикалық жоғары оқу орындары мен мектептер арасындағы байланыстың дұрыс жолға қойылмағандығына артылатын әділетті айып деп қарау керек. Өйткені бәсекеге қабілетті маман даярлаудың негізі оқу үрдісінің тәжірибеге сүйенуімен тығыз байланысты.
Соңғы жылдары осы олқылықтың алдын алу үшін университетте «Мамандыққа кіру» жобасы іске асты. Түлектер мектептерге бармастан бұрын бағалау тестінен өтеді. Енді мәселенің жағымды тұсына тоқталар болсам, университетке студенттердің 80-85 пайызы ауылдан келіп оқиды. Олардың дені еңбек жолын ауыл мектебінен бастайды. Былтырдан бастап 4-курс студенттерін мектептерге 7 ай тәжірибеден өтуге жіберу үрдісі қолға алынды. Нәтижесі жаман емес. Тек бір ғана дуалды оқыту бойынша былтыр 40 шақты студент білім алып, жұмысқа орналасты. Биыл бұл көрсеткіш 108-ге жетіп отыр. Дуалды оқытудан тыс 300-ден астам студент тәжірибеден өткен мектепте жұмысын жалғастырады. Алдағы оқу жылында студенттерді толықтай бір курс бойы тәжірибеден өтуді іске асырғалы отырмыз.
– Білімі озық елдер үлгісін оқу үрдісіне енгізу тәжірибеде бар. Бүгінде сапалы білім беруде көш бастаған елдер тәжірибесінде педагогтерге қандай талап қойылады? Олар несімен озық?
– Дамыған елдерде педагог мамандығы рухани да, материалдық жағынан да жоғары мәртебеге ие. Мысалы, Еуропада мұғалімдер даярлайтын озық университеттің барлығы тәжірибеге негізделген оқу жүйесіне сүйенеді. Инфрақұрылымы да, білім жүйесі де соған бейімделген. Студенттер түске дейін университеттің бір оқу корпусында теориялық білім алса, келесі оқу корпусында бастауыш орта мектепте сабақ беріп, алған білімін тәжірибемен ұштастырады. Бұл студенттің мектеп өміріне тікелей араласуына мүмкіндік береді. Орта білімі озық елдер Финляндия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапонияның қай-қайсысын алсақ та, табысты білім жүйесінің негізгі факторы – педагогикалық жоғары оқу орындарына, мұғалімдерді даярлау жүйесіне қойылатын талаптың жоғарылығы. Оқу орындарына іріктеу қатаң. Сол үшін де мұғалім мамандығы ең беделді. Оқуға түсуге үміткерлер жоғары академиялық көрсеткіштерке ие болуымен қатар бірнеше кезеңнен тұратын күрделі конкурстан өтіп, педагогикалық қабілетін дәлелдейді. Болашақ мұғалімдер өз пәнін ғана емес, сонымен қатар заманауи оқыту әдісін, психологияны, инклюзивті білім және цифрлық технологияларды меңгеруі шарт. Мұғалімдерді даярлау мектептегі ұзақмерзімді тәжірибелік жұмыстармен ұштасып, шебер тәлімгерлердің жетекшілігіне жүгінеді. Мысалы, Финляндияда педагогикалық мамандыққа түсу өте қиын. Үміткерлердің 10 пайызы ғана қабылданады. Мұғалім болып жұмыс істеу үшін магистр дәрежесін алу міндетті, педагогикалық тәжірибеге, зерттеушілік қызметке басымдық беріледі. Сингапурда жоғары оқу орындарына қабылдау жоғары бәсекелестік негізінде жүргізіледі. Мұғалімдерге тұрақты жоғары жалақы, мансаптық өсу мүмкіндігі қарастырылған. Педагогтердің кәсіби дамуына үздіксіз инвестиция салынады. Ал Жапонияда ұстаз мәртебесі, тіпті, сакралды сипатқа ие. Қоғамда ұстазға деген құрмет өте жоғары. Осы орайда сапалы кадрлар даярлау ісінде әлемдегі озық жүйелерге арқа сүйеп, заманауи сапалы білім деңгейіне жетуді мақсат етіп келеміз.
– Университетте бұл бағытта іске асып жатқан жобалардың нәтижесі туралы айтсаңыз?
– Біз қоғамның қажетіне, менталитетіне сәйкес озық үлгілерге арқа сүйейміз. Осы орайда Дүниежүзілік банктің қолдауымен 2023 жылдан бастап «Педагогикалық әлеуетті күшейту» жобасы аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі, Назарбаев университеті және Финляндияның HAMK University, JAMK University сарапшыларының қатысуымен әзірленген 30 инновациялық білім бағдарламасы негізінде кадрларды республика деңгейінде даярлау қолға алынды. Бүгінде 1-2-курс студенттері педагогикалық білім берудің жаңа моделін меңгеріп, заманауи цифрлық трансформациядан өтіп, жаһандану талаптарына бейімделіп жатыр. Ал білім бағдарламаларының бәсекеге қабілеттілігін жыл сайын халықаралық ұйымдар аккредитациядан өткізеді. Осыған орай университеттің 189 білім бағдарламасы сараптамадан өтіп, оның 30 пайызы заман талабына сәйкес келмейтіні анықталды. Осылайша, білім бағдарламаларын заман талабына сай жаңалап отыру үрдісі тиімді іске асты.
– Елімізде шетел университеттерінің филиалы ашылып, қос дипломды бағдарлама жүзеге аса бастады. Бірлескен білім бағдарламасының тиімділігі қандай деп ойлайсыз?
– Тиімділігі айтарлықтай жоғары. Өйткені университет негізінен әлемнің ТОП-500 университетіне кіретін жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатуды мақсат етеді. Қазіргі таңда алыс-жақын 26 елдің жоғары оқу орны, ұйымдары және ғылыми зерттеу институттарымен ынтымақтастықта 139 халықаралық шарт пен меморандумға қол қойылды. Серіктес 30 жоғары оқу орны бар. Олардың 10-ы ТОП-500 университет қатарында. Франция, Польша, Ресейдің жоғары оқу орындарымен 14 қос дипломды бірлескен бағдарлама іске асып жатыр. Биыл Қытай, Түркия, Ресей, Еуропа жоғары оқу орындарымен қос дипломды білім бағдарламалар санын 25-ке дейін ұлғайту көзделіп отыр. Оқытудың бұл түрі студенттерге де, университет үшін де көптеген артықшылық береді. Қос диплом алған студенттер бәсекеге қабілетті.
– Жоғары оқу орындары инновациялық әлеуетін арттырып, тәжірибеге бағытталған салаларға басымдық беруде «зерттеу университеті» мәртебесін алуды мақсат етеді. Педагогикалық оқу орны үшін «зерттеу университетінің» жаңашылдығы қандай болмақ?
– Жаңашылдық, әрине, бар. Айталық, Абай университеті 2023–2029 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес білім саласындағы ғылыми зерттеулердің күн тәртібін анықтайтын «педагогикалық зерттеу университетіне» айналуды көздеп отыр. Осы уақытқа дейін университетіміз негізгі миссиясын мектептерге мұғалім даярлау ісі деп бағалады. Десе де, қаншалықты жалпыұлттық деңгейде болса да, оқу орны жылда 2,5-3 мың педагог маманнан артық даярлай алмайды. Ал бұл көрсеткішпен бір Алматы мен Жетісу өңірінің тапшылығын өтеуі қиын. Әр өңір өз маман тапшылығын сол өңірдегі ЖОО арқылы шешуге тиіс. Ал Абай университеті, ұлттық академиялық басымдық орталығы ретінде, мықты ғылыми-методикалық базасы бар зерттеу университеті дәрежесіне көтерілуі керек.
Осы мақсатта университеттің жоғары ғылыми кадрлық әлеуетіне, ғылыми зерттеу жұмысына басымдық берілген. Былтыр 100-ден астам ғылыми жоба жүзеге асса, «Abai LABS» ғылыми-инновациялық парк жанында 11 ғылыми зертхана және орталық жұмысы жанданып жатыр. Былтыр Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті тарапынан жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге 73 ғылыми жоба қаржыланды. Университетішілік шағын ынталандыру жобаларына 145 млн теңге бөлініп, 32 ғылыми жоба іске асты. Биыл бұл бағыттағы жобаларға 206 млн теңге бөлініп, 43 ғылыми жобаға конкурс жарияланды.
– Елімізде жалпы білім беретін, сондай-ақ жекеменшік мектепте ерекше қажеттілігі бар балаларды оқыту көкейкесті мәселенің бірі. Осы бағыттағы жұмыстарға тоқталсаңыз?
– Абай атындағы ҚазҰПУ инклюзивті білім, арнайы педагогика саласына мамандар даярлайтын бейінді оқу орны саналады. Біздің ғалымдар инклюзивті педагогика бағытында бірегей ғылыми-әдістемелік базасын қалыптастыра отырып, ерекше білім қажеттілігі бар балаларды оқытудың заманауи әдістемесін әзірлейді. Бұдан бөлек, орта білім ұйымдарына, арнайы инклюзивті мектептерге, аутизм орталықтарына университет мамандары тарапынан әдістемелік көмек көрсетіледі. Жақында университетте мұғалімдер мен практиктер үшін инклюзивті білім берудің виртуалды зертханасы ашылды. «Инклюзивті білім беру ортасы», «Арнайы педагогика» бағыттары бойынша біліктілік арттыру курстары өтіп тұрады. Магистратура деңгейінде «Арнайы педагогика: аутизм спектрі бұзылған балаларды қолдау», «Эргопедагогика», «Клиникалық психология» білім беру бағдарламасы әзірленді.
Жалпы алғанда, Абай университетінің бұл бағыттағы ғылыми әлеуеті мемлекеттік немесе жекеменшік мектептерде ерекше қажеттілігі бар балаларды оқыту мәселесін шешуге қауқарлы. Бұл жолда бізге кедергі ең үлкен проблема – университеттің өзіне тиесілі тәжірибелік алаңдар мен лайықты инфрақұрылымның болмауы. Оны шешудің тиімді бір жолы ретінде Алматы қаласы әкімдігіне біздің жоғары оқу орнының Педагогика және психология факультетіне жапсарлас орналасқан С.Бегалин атындағы балалар кітапханасының қазіргі таңда бос тұрған қапталында ерекше балаларды оңалту ресурстық орталығын құру туралы ұсыныс жасаған едік. Оң жауап аламыз деген үміттеміз.
Әңгімелескен –
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»