Биыл Қызылорда қаласының ел астанасы атанғанына 100 жыл толады. Осыдан ғасыр бұрын ел байтағының Орынбордан Ақмешітке келіп орныққан кезінің куәгерлері саналатын жәдігерлер көп емес. Соның бірі – «Ұлағат» жеке мектебінің музейінен орын тепкен көне үстел.
Белгілі қаржыгер Қалқазбек Әжібеков бұл тарихи жәдігерді алғаш рет сонау 1988 жылы көріпті. Сол тұста Ұлттық банктің шаруашылық жөніндегі басшыларының бірінің кабинетіндегі үлкен оюлы үстелдің тарихын да сұраған екен. Қазақ АКСР Мемлекеттік банктің алғашқы басшысы пайдаланған бұл жиһаз астана Орынбордан Қызылордаға көшкен 1925 жылы келген мүлік болып шығыпты.
Кейіннен облыстық қаржы басқармасы «Қаржы органдарына – 80 жыл» деп аталатын музей ашқанда құнды мұраға іздеу салады.
«Мұражайға жан-жақтан экспонат жинау басталғанда осы үстелді сұрауға Ұлттық банкке бардым. Бірақ баяғы кабинеттен бұрынғы көрген жиһазым табылмады. Сұрастырып жүріп жарамсыз болып сарайда жатқан жерінен Қызылордаға әкелдім», дейді Қалқазбек Әжібеков.
Біраз жылдан кейін Қызылордадағы қаржыгерлер музейі де жабылып, жәдігер қайтадан қоймаға жол тартқан екен. Бертінде жеке мектеп ашқан қаржыгер құнды мұраны ұстаға жөндетіп, музей төріне қояды.
Осылайша, тарихи жәдігер жаңа жай тауыпты.
Қызылорда