Мемлекет басшысы Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда Астанадан Торғай өңірі арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысы басталатынын айтты. Сонымен қатар Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салуды тапсырды. Осы ауқымды жобалар мен жол, көлік саласындағы басқа да маңызды мәселелерге қатысты сұрағымызды Көлік министрі Марат Қарабаевқа қойған едік.
– Марат Кәрімжанұлы, жұртшылық Торғайда жол салынатыны жөніндегі жаңалықты қуана қабылдап, осының арқасында өңір еңсесін тіктейді деп сеніп отыр. Осы жоба туралы кеңірек айтып өтсеңіз.
– Құрылтайда Мемлекет басшысы еліміз үшін маңызы зор жобаның жүзеге асатынын айтты. Кеңес одағы кезеңінен бері сан мәрте көтерілген, алайда нақты шешімін таппаған мәселеге нүкте қойылды. Арқалық, Амангелді, Жангелдин, Торғай, Ырғыз сияқты шалғай аудандарды Астанамен байланыстыратын бұл жол – инфрақұрылымдық жоба ғана емес, тұтас өңірдің дамуына серпін беретін маңызды бастама. Жақында Торғай өңірінің халқымен кездесіп, «Орталық – Батыс автожолы» жобасының мән-маңызын түсіндіріп, етене әңгіме құрдық. Жұртшылық бастамаға үлкен ризашылығын білдіріп, зор үміт артып отыр.
Өкінішке қарай, қазір Торғай өңірінде жол мәселесі өте күрделі. Ырғызға Ақтөбе жағынан біршама жол болғанымен, Амангелді мен Жангелдин аудандарының жолы нашар.
Алдымен стратегиялық маңызына тоқталсақ. Қазір Ырғызға бару үшін шамамен 1500 шақырым жол жүру қажет. Ал жаңа жол бұл қашықтықты 560 шақырымға қысқартады. Астанадан Жантеке, Арқалық, Торғай арқылы Ырғызға дейінгі жаңа бағыттың ұзындығы шамамен 865 шақырым болады. Қазір жобаны жүзеге асыруға қажетті құжаттарды әзірлеуді бастадық. Екі жолақты, екінші санаттағы, ені 9 метр жол салынады.
Енді жобаның көлік саласындағы маңызын атап өтейік. Біріншіден, бұл жол Астананы Ырғызбен тікелей байланыстырады. Сонымен қатар Торғай, Амангелді және Жангелдин аудандарының тұрғындары үшін батысқа да (Ақтөбе бағытына), орталыққа да (Астанаға) бір күнде жетуге мүмкіндік беретін тиімді әрі қысқа жол болмақ.
Екіншіден, бұл – «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізіне параллель болатын, Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қосылатын аса маңызды және ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Қазір Каспий теңізіне дейінгі жолдың (Астанадан Ақтау портына дейін) қашықтығы – шамамен 3000 шақырым. Жаңа жол іске қосылған жағдайда екі ара 700 шақырымға қысқарып, жалпы қашықтығы шамамен 2300 шақырым болады. Яғни бұл жол жалпы өңірді халықаралық көлік-логистикалық және транзиттік дәліздермен байланыстыратын ірі стратегиялық бастама саналады.
Әлеуметтік маңызы туралы айтсақ, біріншіден, бұл өңірде шамамен 7 миллион гектар жайылым жер бар. Алайда қазір ол учаскелер пайдаланылмай отыр. Себебі халық қанша мал өсіргенімен, өнімді тасымалдауға қажетті инфрақұрылым жоқ. Жол болмаса, ауыл мен қала арасында қарым-қатынас орнамайды. Бұл – өте өзекті мәселе.
Осы жобаны іске асыру арқылы аталған жайылымдар экономикалық айналымға енгізіліп, халыққа жаңа кәсіп көздері ашылады. Бұл жол Торғай, Жангелдин және Амангелді өңірлерінде мал шаруашылығының дамуына серпін беріп қана қоймай, болашақта бұл аймақтарды республикадағы алдыңғы қатарлы өңірлердің біріне айналдырады деп сенеміз.
Екіншіден, жол бойында түрлі инфрақұрылымдық және сервистік қызмет көрсету нысандары бой көтереді. Мысалы, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізі бойындағыдай жаңа жол маңында да кафе, жанармай құю бекеттері, шағын дүкендер салынады. Бұл – қосымша жұмыс орны көбейіп, кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деген сөз.
Халықпен кездесудің бір сәті ойымда ерекше қалды. Арқалықта жол салынады деген жаңалықты Қостанай облысының құрметті азаматы, 88 жастағы Кәкімжан Кәрбозов ерекше қуанышпен қабылдағанын айтып, алғысын білдірді. Ол кісі: «Осы жолдың мәселесін Тәуелсіздікке дейін сан рет көтергенбіз. Одан берідегі отыз жылда да талай талқыладық. Үміт үзілді ме деген кезде осындай шешім қабылдаған ел басшысына алғысымыз шексіз. Осыны жеткізіңіз» деп ағынан жарылды.
– Президент Арқалық әуежайының құрылысы туралы да айтты. Бұл бағыттағы жұмыс қашан басталады?
– Қостанай облысына іссапарымыз барысында Арқалық әуежайының жағдайымен де таныстық. Жобалық-сметалық құжаттама биыл аяқталып, құрылыс жұмыстары да осы жылы басталады. Келесі жылы толық пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл – Астана мен Алматыға жақын орналасқан өңір. Инфрақұрылымы нашар болса да, бүгінде бұл жаққа аңшылық туризммен айналысатын отандық, шетелдік туристер келіп жатыр.
Әуежайдың іске қосылуы және жаңа жолдың салынуы – Арқалық, Амангелді және Жангелдин аудандарын Астанамен байланыстыратын жаңа туристік бағыттың негізін қалайды. Бұл – аңшылық туризміне бағытталған, ауыл тұрғындары үшін жаңа кәсіп түрлерін дамытуға мүмкіндік беретін жоба.
Жалпы, бұл жол мен әуежайдың қайта жаңғыртылуы – осы үш өңірдегі 67 мың тұрғынға жаңа мүмкіндік беретін ірі инфрақұрылымдық бастама. Мемлекет басшысының Үкіметке жүктеген басты міндетінің бірі – халықтың әл-ауқатын арттыру. Біз бұл жобаларды іске асыру арқылы өңір тұрғындарының өмір сапасы мен табысын арттыруды көздейміз.
Автокөлік жолы туралы айтсақ, Мемлекет басшысы Атыраудағы Ұлттық құрылтайда «орташа жөндеу» бағдарламасын ерекше атап өтіп, республика бойынша 10 мың шақырым автожолды орташа жөндеуден өткізуді тапсырғаны белгілі. Еліміздегі республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы – 25 мың шақырым. Соның 10 мың шақырымын жөндеу арқылы жақсы және қанағаттанарлық күйдегі жолдардың үлесін 95 пайыздан асыруға мүмкіндік туады.
Бұған дейін қаржының басым бөлігі халықаралық дәліздерге – Астана–Алматы немесе Талдықорған – Өскемен бағыттарына жұмсалды. Ал жаңа бағдарлама аясында біз негізінен аудандық деңгейдегі, халық күнделікті пайдаланатын жолдарды жөндеуге назар аудара бастадық.
Бұл жобаның екі негізгі ерекшелігі бар. Біріншіден, орташа жөндеу жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамасыз, тек салалық сараптамадан өткізіліп жүзеге асырылады. Екіншіден, бұрынғы тәжірибеде ескі асфальттың үстіңгі 5 см қабаты қырылып, орнына жаңа қабат төселетін. Ал қазіргі әдіс бойынша асфальт толық күйінде сақталып, арнайы химиялық қоспа қосылып, оның үстіне 5 және 7 см болатын екі қабат асфальт төселеді. Бұл – күрделі жөндеуге пара-пар тәсіл. Яғни бұл әдіс күрделі жөндеуге қарағанда жеті есе арзан және екі есе жылдам орындалады. Осылайша, біз 10 мың шақырым жолды 3-4 жыл ішінде толық жөндеп бітіруді көздеп отырмыз. Биылдың өзінде бұл бағыттағы нақты жұмыстар 7600 шақырым жолды қамтиды.
Аталған жобаның басты тиімділігі – жылдам әрі үнемді тәсіл қолдану ғана емес, сонымен қатар соңғы 30–50 жылда жөндеу көрмеген жолдарды қалпына келтіруінде. Мәселен, Петропавл мен Қостанай арасындағы немесе Көкшетаудан Омбыға баратын жол соңғы рет 70-жылдардың соңында жөнделген. Біздің міндетіміз – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы жолдарды сапалы жөндеп, қайта жаңғырту.
Басты мақсат – жол сапасын арттырып қана қоймай, оларды уақтылы күтіп-ұстап отыру арқылы ешқандай түйткіл туындамайтындай жағдай жасау. Алдағы уақытта еліміздегі жолдар сапалы ғана емес, бойында сервистік нысандары дамыған, халықаралық стандарттарға сай келетін инфрақұрылымға айналуға тиіс.
– Наурыз айының соңында Шығыс Қазақстан облысында Зайсан және Катонқарағай әуежайларының құрылысын бастадыңыздар. Енді осы екі жоба туралы айтып өтсеңіз.
– Біраз жыл бұрын Шығыс өңіріне қатысты маңызды шешім қабылданды. Бұл – Бұқтырма су қоймасына көпір салу жобасы. 2019 жылы Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan» газетінде көтерілген осы мәселеге тоқталып, Үкіметке көпір құрылысын бастауды тапсырған еді. Содан бері қарқынды жұмыс жүргізіліп, өткен жылы еліміздегі ең ұзын 1316 метрлік көпір пайдалануға берілді. Көпшілік «Бұл жобаны 30 жыл бойы күттік» деді. Алайда бұл мәселе 50–60 жылдан бері талқыланып келгенін білеміз. Кеңес одағы кезінде де осы су қоймасынан көпір салу жоспарланғанымен, жүзеге аспаған.
Бұған дейін бұл өңір халқы тек пароммен қатынайтын. Ол күндіз ғана жұмыс істеп, кешкісін байланыс үзілетін. Қыста жұрт мұз үстімен өтуге мәжбүр еді. Бірнеше рет жолаушылардың көлікпен суға батып кеткен кезі де болды. Осындай қауіп-қатерді өткерген халық көпір салынуына риясыз қуанды.
Туризм саласына келсек, өткен жылы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің туризм әлеуетін дамыту мақсатында Кендірлі, Зайсан, Катонқарағай әуежайларын салуды тапсырды.
Әрқайсысының туристік әлеуеті жоғары. Мәселен, Кендірлінің басты ерекшелігі – теңіз жағалауының құмды болуы. Осыған байланысты судың температурасы Ақтауға қарағанда жылырақ. Бұл туристік маусымды 6–8 айға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Демек, Кендірлі болашақта еліміздің Анталиясына айналуы мүмкін.
Қазір сол аумақта жол да салынып жатыр. Жыл соңына дейін әуежай мен жол құрылысы толық аяқталады. Жаңа әуежай Астанадан 80 орындық «Bombardier» ұшақтарымен тікелей қатынауға бейімделеді. Сонымен қатар Баку мен Ираннан келетін туристер үшін халықаралық рейстерді қабылдауға дайын болады. Біздің басты мақсат – тікелей әуе қатынасын ашу. Жол мен әуежай дайын болған соң, кезек – кәсіпкерлерде. Олар туристік инфрақұрылымды дамытып, қонақүйлер мен демалыс орындарын салып, өңір экономикасына серпін беруі қажет.
Шығыс өңіріне келсек, былтыр Бұқтырмада көпір салынса, биыл бес теміржол вокзалы толық жөндеуден өтеді. Олар – Алтай, Өскемен, Күмістау, Шемонайха, Риддер вокзалдары.
Сонымен қатар Катонқарағай мен Марқакөлге апаратын жолдар толық жөнделеді. Осылайша, Шығыс Қазақстанның көлік инфрақұрылымы кешенді түрде жаңғыртылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Зайсан мен Катонқарағайда жаңа әуежайлар салынады. Катонқарағай Өскеменнен 450 шақырым қашықтықта. Мұнда бұғының қанымен емдеу бағытындағы туризм қарқынды дамып келеді. Болашақта бұл аймаққа Астана мен Алматыдан, Қытай қалаларынан тікелей рейстер ашу көзделіп отыр.
Катонқарағайда бес жұлдызды қонақүйлер салып, жазғы ғана емес, қысқы туризмді де дамытуды көздеп отырмыз. Мұзтау бағытымен тау туризмін дамытудың үлкен мүмкіндігі бар.
Зайсанның маңызы да ерекше. 415 шақырымды құрайтын Қалбатау – Майқапшағай тас жолының бір бөлігі аяқталды. Қалған бөлігі биыл жөнделіп бітеді. Қазірдің өзінде Қытайдан туристер жеңіл көлікпен келіп жатыр.
Зайсанға жақын орналасқан Марқакөл көлі – аса тартымды туристік нысан. Мысалы, Қытайдағы Қанас көліне жылына 20 миллион турист келеді. Біз де Марқакөлге апаратын 60 шақырым жолды республикалық теңгерімге алып, биыл толық жөндеуден өткіземіз. Қытай тарапымен бірлесіп туристерге арналған жаңа шекаралық өткізу бекетін ашу жоспарда бар.
Тағы бір маңызды жоба – Тұғыл ауылында өзен портының құрылысын бастау. Бұл аймаққа теміржол желісін тарту да көзделіп отыр. Қазақстан аумағында 120 шақырым жаңа теміржол салынып, болашақта Қытайдан келетін жүк Зайсан арқылы Ресейдің Обь өзеніне, одан әрі Солтүстік теңіз жолы арқылы жөнелтілетін болады. Жол, әуежай және теміржол – Зайсанды болашақта тек туристік емес, ірі көлік-логистикалық хабқа айналдырудың берік негізі. Бұл өңірге дәл осындай стратегиялық көзқараспен қарап отырмыз.
– Теміржол – халық күнделікті жиі қолданатын көлік түрі. Биыл вокзалдар жөндеуден өтетіні айтылды. Қанша вокзал жөнделмек?
– Президент Әкімшілігі бекіткен арнайы кестеге сәйкес, 2023–2024 жылдары біз әріптестерімізбен бірге Қазақстанның барлық 20 өңірін толық аралап шықтық. Сонда барлық өңірлерге ортақ бір негізгі түйткіл анық байқалды. Ол – теміржол вокзалдарының жағдайы. Қай аймаққа барсақ та, халық осы мәселені ерекше атап өтеді. Жыл сайын елімізде теміржол көлігімен 20-22 миллион жолаушы тасымалданады. Бұл вокзалдардың басым бөлігі 1974–1979 жылдары салынған және қазіргі жағдайлары сын көтермейді. Көпшілігі жөндеуге де жарамайды, бұзып, қайта салуға тура келеді.
Мысалы, туризмді дамытуға әлеуеті жеткілікті Маңғыстау өңіріндегі вокзал қала аумағында орналаспаған. Сондықтан оны бұзып, жаңа, заманауи вокзал салу туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты Премьер-министрге арнайы баяндама жасалды. Үкімет ұсынысымызды қолдап, қажетті қаражат бөлінді. Биыл еліміз бойынша 125 вокзал толық қайта жаңғыртылады.
Жақында Премьер-министр тарапынан осы вокзалдарға қатысты нақты шешім қабылданды. Сәуір айының ортасында еліміздің барлық өңіріндегі 125 вокзалдың құрылысы бір мезетте басталады. Жобаларды биыл толық аяқтау жоспарланып отыр. Жаңартылатын вокзалдар қатарында туристік әлеуеті жоғары аймақтар да бар. Сонымен бірге болашақта туризм орталығына айналуы мүмкін стансалар да назардан тыс қалмайды. Маңғыстау, Түркістан және басқа да облыс орталықтарының вокзалдары қамтылады. Сонымен қатар ауылдық және шалғай елді мекендердегі вокзалдар да жөнделеді.
Мысалы, туризмді дамытуға әлеуеті зор Лепсі елді мекені бар. Министрлік бұл жерге арнайы жол салып жатыр. Әкімдік су, жарық және өзге де инфрақұрылымды жеткізіп береді. Балқаш жағалауында ірі туристік нысан салу жоспары бар. Біз жыл басында Лепсіге барып қайттық. Қазір ол жерде бір ғана будка вокзал ретінде қызмет көрсетіп отыр. Ертең туристер келе бастағанда бұл жеткіліксіз болады. Сондықтан біз онда шағын, заманауи жаңа вокзал салып береміз. Үкімет қажетті қаражатты бөліп қойды.
– «Еліміздің тоғыз жолдың торабында тұруы – үлкен артықшылық» деп жиі айтамыз. Осы транзиттік мүмкіндікті толық пайдалана алып отырмыз ба?
– Мемлекет басшысының Жолдауында да, Үкімет отырыстарында да бұл бағыт бірнеше рет айтылды. Алдымызда Қазақстанды Еуропа мен Азияны байланыстыратын, нағыз ірі транзиттік хабқа айналдыру міндеті тұр. 2024 жылы елімізде 13 мың шақырым автожолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған қоса 2 мың шақырымға жуық жаңа теміржол желісі салынып жатыр. 1,5 мың шақырым теміржол желісі жөндеуден өткізілу үстінде. Барлық вокзал түбегейлі жаңартылады. Сонымен қатар 400-ден астам жаңа вагон мен локомотив сатып алынбақ.
Былтыр 3 әуежай пайдалануға берілді. Олардың қатарында Алматы әуежайының жаңа терминалы, Шымкент, Қызылорда әуежайлары бар. Биыл тағы 4 жаңа әуежай құрылысы жүріп жатыр (Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі, Арқалық). Балқаш, Үшарал және басқа да әуежайлар кезең-кезеңімен жөнделуде. Осы әуежайлардың базасында карго-хабтар құрып, олардың айналасында экономикалық аймақтар қалыптастыру жоспарда бар.
Су көлігі саласына келсек, биыл еліміз 7 кемені сатып алып жатыр. Бұл осы саланың дамуына зор серпін береді.
Осының барлығы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес уақытылы және сапалы орындалуға тиіс. Үкіметтің қаржы блогі бұл бастамаларды толық қолдап отыр.
Басты мақсатымыз – болашақ ұрпаққа халықаралық стандарттарға сай, ірі трансұлттық көлік-логистикалық хаб ретінде қалыптасқан заманауи инфрақұрылымды мұраға қалдыру. Бұл – бірінші міндет.
Екінші маңызды мәселе – бюджетке тәуелсіз, өзін-өзі қаржыландыратын көлік инфрақұрылымын қалыптастыру. Осы бағытта Үкіметпен бірге арнайы көліктік қор құру мәселесін қарастырып жатырмыз. Қазірдің өзінде еліміздің әуе кеңістігі арқылы өтетін халықаралық рейстер саны екі есеге артты. Бұл – елге тікелей түсетін қаржы көзі. Сонымен қатар, жаңа жолдарға ақылы жүйе енгізіліп жатыр. Ауыр жүк көліктері жолдарға елеулі зиян келтіретіндіктен, олар арнайы рұқсатпен жүруге тиіс. Бұл да – қосымша табыс көзі.
Осы қаражат көздерін біріктіріп, арнайы қорға жинау арқылы болашақта көлік инфрақұрылымын бюджеттен тыс қаржыландыру мүмкіндігі пайда болады. Жаңа жобалар да осы қор есебінен қаржыландырылуға тиіс. Мемлекет басшысы атап өткендей, біз келер ұрпаққа пайда әкелетін, әрі өзін-өзі қамтамасыз ете алатын инфрақұрылым қалдыруымыз қажет.
Қорыта айтқанда, салынған инфрақұрылым елге пайда әкеп, көлік саласының өзін-өзі қаржыландыруына жол ашуға және жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік беруге тиіс. Мемлекет басшысы атап айтқандай, Қазақстанды жаһандық көлік-логистикалық жүйеге толыққанды қосып, болашаққа сенімді инфрақұрылым қалдыру – парызымыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Қамбар АХМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»