Жетісу облысында өткен жарты жыл ішінде жылжымалы медициналық кешендер (ЖМК) өңірдің 119 ауылын аралап, 58 мыңнан астам адамды медициналық тексеруден өткізді. Оның ішінде 2 мыңнан астамы – балалар, деп хабарлайды Egemen.kz.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, арнайы жабдықталған көліктерде жалпы дәрігерлік, кардиолог, офтальмолог, стоматолог, хирург, акушер-гинеколог, рентгенолог, зертханалық диагностика кабинеттері бар. Сондай-ақ флюорография, УЗИ, электрокардиография және дәріхана пункті де қарастырылған.
Көксу ауданында КАМАЗ базасындағы жылжымалы кешен жұмыс істейді. Оның жетекшісі Гүлжан Қорабаеваның айтуынша, өткен жылы мұнда 14 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетілсе, биылғы сегіз айда 5,5 мыңнан аса адам тексеруден өткен.
ЖМК-ның артықшылығы – алыс ауыл тұрғындары аудан орталығына бармай-ақ, түрлі мамандардың қабылдауына кіре алады. Мұқыры ауылының тұрғыны Жұмаділ Жолдыбаевтың айтуынша, бұл әсіресе егде жастағы адамдар үшін ыңғайлы. Ал ауыл тұрғыны Диляра Юсупова барлық мамандардың бір жерде жұмыс істеуін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, ауылдық амбулаториялар да жаңа мамандармен толықты. Мәселен, Мұқыры ауылына жас дәрігер Салтанат Темірәлиева «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында келіп, мемлекеттен 10 миллион теңге көлемінде көтерме ақы алған.
Қазіргі таңда облыс аумағында 8 жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетуде. Оның 3-еуі КАМАЗ, 5-еуі автобус базасында орналасқан.