• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Кино 09 Сәуір, 2025

Коммерциялық фильмдер сапасы қайтсе артады?

100 рет
көрсетілді

Қазақ киносының мәселесі қай кезде де күн тәртібінен түспей келеді. Оқтын-оқтын көтеріліп, түйткілдері тілге тиек етіліп келе жатқан бұл саланың сан қырлы проблемасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарын аудартып, Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің қатарынан табылды. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз, ең алдымен, санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа», деген еді.

Шынымен де қазір қазақ киносы десек, қабақ шытып, көңіл күмілжитін тұс­тар мол. Әсіресе ол коммерциялық кино­лардың көркемдігі мен тіл мәселесіне қатысты тым-тым жиі айтылып, қаузалып та жүр. Кино мамандарының үнемі талдауына арқау болып, айтылып келе жатқанына да біраз болған. Ал енді осы мәселенің Ұлттық құрылтайда көтеріліп, Президент назарына ілігуі қазақ киносы төңірегіндегі түйткілді тіпті өткірлендіре түскендей. Олай деуімізге себеп – кейінгі уақытта коммерциялық бағытта шығып жатқан фильмдерде былапыт сөз, шұ­барланған тіл басым, тәрбие және ең бастысы ұлттық рух жоқтың қасы. Сенбесеңіз, кинотеатрға барып кез келген отандық фильмнің көрсетіліміне билет алыңыз­шы. Жалпыхалықтық деңгейде прокатқа шыққан фильмдердің титрындағы өріп жүрген грамматикалық қателерді есепке алмағанда, кейіпкерлер диалогінде дүбаралық пен құлақ тұндырар бейәдеп сөзден-ақ шаршап шығасыз. Ондайда ойға белгілі британдық һәм америкалық кинорежиссер, сценарист, продюсер Альфред Хичкоктың «Ұлы фильм жасау үшін үш нәрсе керек: сценарий, сценарий және тағы да сценарий» деген әйгілі сөзі орала берді. Бұл ойды киносыншы Дана Әмірбекова да қуаттап: «Қазақ киносына жанрлық түрлену жетіспейді. Драма, мелодрамадан асып кете алмаймыз. Жанрды драматургтер, сценаристер жасайды. Бүгінде қазақ киносында драматург тапшылығы байқалады. Ал жақсы драматургия мен мықты сценарий болмаған жерде жанр да, кино да дамымайды», деді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері, кинотанушы Нәзира Рахман­қызы: «Қазір кітап оқудан гөрі, экранмен тәрбиеленіп жатқан тұтас бір ұрпақ өсіп келеді. Міне, осы тұста кино түсіремін дейтін әрбір адам тек бүгінгі күн үшін емес, болашақ үшін де жауапты екенін сезінуі керек деп ойлаймын. Өйткені кинодағы тіл мәселесі ұлттық идеологиямызбен де тығыз байланысты. Тілі жоғалған ұлттың болашағы қандай болатыны айтпаса да түсінікті ғой. Қазір біз­дің көрермен көбіне экранға жиі шығып жүрген коммерциялық фильм­дермен етене таныс. Өкінішке қарай, бүгінгі қазақ ­киносын сол фильмдер арқылы қабылдайды. Оның үстіне кейінгі жылдары интернет кеңістігінде екі сөзі­нің бірі боқтықтан тұратын отандық веб-сериалдар көбейіп кетті. Қорқыныштысы – бұл үрдіс қалыпты жағдайға айналып барады. Бұған дәл қазір мән бермесек, болашақта шешілуі қиын үлкен мәселеге айналып кетуі әбден мүмкін. Ал енді мемлекет қаражатына түсірілетін фильмдер бұл жағынан мүмкіндігінше қадағаланады. Жобаларды іріктейтін арнайы сараптау алқасы бар, сол комиссия жаңағыдай былапыт сөздердің экранға шықпауына аса назар аударады. Әрине, солай болуға тиіс те», дейді.

Иә, мемлекет есебінен жарыққа шығып жатқан туындыларда ғана ұлттық болмыс пен бояу қанық. Бірақ олар үлкен экрандағы бәсекеде бәсең. Жарнамасы жер жарып, миллиондаған, миллиардтаған табыс жинап жатқан киноның дені – комедия. Сәні артса да, мәні кем. Тіпті қазақ аудиториясы­ның мүддесіне сай келе бермейтін туындылардың кинотеатр экранын жау­лап алуы – қауіпті құбылыс.

Ал бұл туралы бүгінгі киногерлеріміз не дейді? Кейіпкерлерінің дүбәра тілі мен боғауыз сөзсіз күлдіре де, ойын да жеткізе алмайтын деңгейін «өмірге жа­қын­датқымыз, шынайы фильм түсір­гіміз келді, қоғамда бар жағдайлар ғой» деп түсін­діруге тырысады. Біздіңше, шын мәніндегі талантты адам ешқандай боқтық сөзсіз-ақ көрерменін баурап алатын фильм немесе сериал түсіре алса керек. Өкініштісі сол, киногерлер өзінің шы­ғармашылық әлсіз­дігі мен қиял жұпы­ны­лығын жұлмалап әкеліп, қоғамға, заманға жамай беретіні.

Десе де кейінгі уақытта «Қазақ кине­матографиясының аяқалысы жаман емес. Бір жылдың ішінде бәленбай фильм түсіріліп, көрерменіне жол тартып үлгеріпті. Осының өзі-ақ ұлттық киноөнеріміздің көсегесі көгергенінің айқын айғағы емес пе?!» деген сарындағы пікірлерді де жиі естіп жүрміз. Бірақ жүргізіліп жатқан сол сансыз есеп сапаға да дәл сол деңгейде жауап бере ала ма? Міне, мәселе – осында.

Кейінгі жүргізілген статистикаға көз жүгіртсек, жыл сайын Ұлттық киноны қолдау орталығынан бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың қаржысы­на 20 шақты, коммерциялық киноны қосқанда жалпы саны 70–80 фильм түсі­ріледі екен. Бірақ соның ішінде табыс әкеліп, көпшіліктің таңдауына ілік­кені коммерциялық фильмдер де, ал тапсырыспен мемлекет қаржысына тү­сірілген туындылардың көпшілігін ше­телдік фестиваль көрермендері мен арнайы кино мамандары болмаса, жалпы бұқара халық біле бермейді. Сондықтан болса керек, ел аузында да сол жекелей ком­паниялардың таспалаған фильм­дері жиі айтылып, қаржылай табысты да сол бағыттағы картиналар көп әкеледі. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын жарыққа шыққан актриса Дариға Бадықова­ның жеке қаржысына түсірілген «Таптым-ау сені» романтикалық комедиясының кассасы рекорд жаңартып, кинотеатр­лардан көрсетіле бастаған небәрі 10 күн ішінде млрд теңгеден аса табыс тапқан. Ресми деректерге көз жүгіртсек, фильмнің кассалық түсімі 1 млрд 100 млн теңге болған. «Kinopark-Kinoplexx Theatres» ірі кинотеатры өкілдерінің айтуынша, бұл көрсеткіш – отандық прокат үшін бұрын-соңды болмаған жағдай. Қазақстандық фильм осындай қысқа күн ішінде ауқымды кассаға ие болған. Тіпті аталған фильмнің кассалық түсімі голливудтық «Аватар: Су жолы» картинасын басып озған. «Ticketon» билет сату жүйесінің ақпаратына сүйенсек, фильмнің жалпы табысы 1,54 млрд теңге болса, голливудтық фильмнің табысы 1,17 млрд теңгеге жеткен. Сөйтіп, «Таптым-ау сені...» осыған дейін отандық комедиялық фильмдер ішінде 1,3 млрд теңге табыс­пен көштің алдын бермей келген Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақша бизнесін» шаң қаптырды.

Өкініштісі сол, прокатқа шыққаннан-ақ көрерменін кинотеатрға ағылтқан фильмнің көркемдік деңгейін де дәл солай деп айта алмайтынымыз. Өйткені кейіп­керлерінің аузынан толассыз төгіліп жат­қан бейәдеп сөздері құлақ тұндыратын фильмді соңына дейін тамашалап отырудың өзі – мұң. Бірақ соған қарамастан кассада билет қалдырмай, кинотеатрды лық толтырған көрерменнің қарасы қалың. Бейәдеп сөз­ді де, «КВН»-нің деңге­йіндегі қарабайыр қал­жыңды да, бейберекет сюжетті де еш талғам, қиындықсыз қылғытып отырған – сол баяғы қарапайым көрермен.

«Жарнама – үлкен қару. Фильмнің көрерменге жетуіне мүмкіндік бере­тін әдіс-тәсілдің бірі. Көп жағдайда фильмнің танымал болуы сапасына емес, жарнамасының жақсы болуына бай­ланысты болып тұр. Ұлттық киноны қолдау орталығынан сценарийінен бастап, көркемдік тәсілдеріне дейін сапалы, техникалық жағынан да озық шық­қан фильмдер көрерменге жетпей отыр. Өйткені прокат мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Дистрибуциямен ешкім айналыспайды. Прокатқа мемлекет тарапынан қаражат та бөлінбейді. Министрлік осыны қолына алған кезде қазақ киносы да түзеледі деп есептей­мін. Мысал ретінде Голливудты алайық. Олар фильм түсіргенде, сол фильмнің жарнамасына да қыруар қаражат бөледі. Мәселен, бір фильмді 100 млн-ға түсір­се, оның жарнамасына да дәл сол мөлшер­де қаржы бөледі. Ал бүгінгі таңда неге бло­герлердің фильмдері өтімдірек болып тұр? Өйткені олардың аудитория­сы дайын. Мысалы, Баян Алагөзова, Дариға Бадықова, Нұрлан Қоянбаев, Нұртас Адам­баев сияқты адамдардың фильмдері көпшілікке тез жетіп, жақсы көрініс табады. Олардың аудитория­сы алдын ала дайын тұрғандықтан, фильм­дері халық арасында жақсы өтеді. Сондықтан да олар түсірген туындылар миллиардтап касса жинайды. Бір өкініштісі – оны түсіріп жат­қан кәсіби киногерлер емес, шоу-бизнес өкілдері. Сондықтан да аншлагтың бәрі кино сапасының көрсеткіші емес», деп бүгінгі қазақ киносының жай-күйіне алаңдаған кинотанушы Дана Әмірбекова өз ойын бүкпесіз ортаға салды.

Сонымен қатар Президент өз сөзін­де зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдерді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн екенін де баса айтты. Бұл үрдіс, әсіресе қазіргі көптеп түсіріліп жатқан веб-сериалдарға да қатысты айтылған сын деп түйдік. Бүгінде ғаламтор туындылары­ның танымалдылығы артқанымен, атал­ған жанрдың да көлеңкелі тұстары жетерлік. Мәселен, бұл бағыттағы сериал­дарда да бейәдеп сөздер, зорлық-зом­былық элементтері, сондай-ақ ашық көрі­ністерді еркін қолданады. Контенттің жас­өспірімдер мен жастарға қолжетімді екенін ескерсек, олардың психикалық дамуына кері әсер етуі мүмкін. Осындай келеңсіздіктерді ескерсек, Ұлттық құрыл­тайда көтерілген қазақ киносына қатысты түйткілдер жаңа заман талабы мен зама­науи жастар талғамы ракурсында өзектілігін тіпті өткірлендіре түскендей.