• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Өнер 09 Сәуір, 2025

Бұл байқаудың жөні бөлек

45 рет
көрсетілді

Алматыда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын хореографиялық оқу орындарының «Өрлеу» IX халықаралық байқауы өз мәресіне жетті. Биылғы өнер додасына 8 елдің 134 талантты жас бишісі қатысты. Олар «Классикалық би», «Халық биі» және «Заманауи хореография» аталымдары аясында бақ сынады.

2008 жылдан бері тұрақты түрде өткі­зіліп келе жатқан байқаудың басты мақсаты халықаралық шығармашылық ынты­мақтастықты дамыту мен ны­ғай­туға, хореографиялық оқу орындары ара­сындағы тәжірибе алмасуға, жас дарындарды анықтауға, орындаушылық шеберлікті арттыруға және классикалық, халықтық әрі заманауи би дәстүрлерін дамытуға бағытталған.

– «Өрлеу» – жай ғана сайыс емес, тә­жі­рибе алмасу мен кәсіби дамудың маңызды алаңы. Жыл сайын байқауға қатысушылар саны артып, халықаралық сарапшылардың назарына ілініп келеді. Биылғы байқау сегіз елдің өкілдерін біріктірді. «Өрлеудің» Ха­лықаралық балет байқаулары федерациясына мүше болуы оның жоғары мәр­тебесін растайды. Қатысушыларға бұл өз ше­бер­­ліктерін көрсетуге, құнды пікірлер алуға және кәсіби мансапта маңызды қадам жа­сауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті А.Се­лезнёв атындағы Алматы хореография училищесінің директоры міндетін ат­қарушы Мұрат Түкеев.

Байқауға қатысушылар тек техни­калық шеберлігін ғана емес, би арқылы терең ой, жан қатпарына жасырынған түрлі сиқырлы сезім мен еліктіретін тың қозғалыс элементтерін көрсетті. Көрермендер әр қойылымнан табиғат көрі­ністері мен адам болмысын бейне­лейтін нәзік образдарды көріп, рухани әсер алды.

Балет өнерінің беделді тұлғаларынан құралған қазылар алқасы – Қазақстанның халық әртісі, Абай атындағы Қазақ ұлт­тық опера және балет театры балет труппасының көркемдік жетекшісі Гүл­жан Түткібаева (Қазақстан), Хорео­графия қайраткерлерінің халық­ара­лық одағының бірінші вице-пре­зи­денті Сергей Усанов (Ресей), Түркия мемлекеттік опера және балет театр­ларының бас директоры және көркемдік жетекшісі Бедри Тан Сагтюрк (Түркия), Ресей және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, халықаралық бай­­қаулардың лауреаты Юрий Васю­ченко (Ресей), «Ballet & Model AI» компаниясының жетекшісі, Корея балет қауымдастығы Қамқоршылық кеңесінің вице-президенті Чой Чжунсок (Оңтүстік Корея), Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Балет» журналының бас редакторы Валерия Уральская (Ресей), Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері, «Samruk» заманауи би театры­ның негізін қалаушы және көркемдік жетекшісі Гүлнара Адамова (Қазақстан), өнертану ғылымдарының кандидаты, «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықова (Қазақстан) биылғы байқау қатысушыларының өнеріне баға берді. Нәтижесінде, «Классикалық би» бойын­ша Оңтүстік Кореяның қыздары, «Заманауи биден» ресейлік Попова мен Т.Саввинов дуэті, ал «Халық биінен» өзбекстандық Шахло Умарова І орынға лайық деп танылды.

2019 жылы «Өрлеу» байқауы Халық­аралық балеттік байқаулар федера­циясының толыққанды мүшесі ретінде ЮНЕСКО тізіміне енгізілді. Бұл байқау­дың халықаралық мәдени кеңістіктегі беделін айқындайтын маңызды жетістік.

Байқау барысында қатысушыларға кәсіби шеберлік сабақтары өткізіліп, шығармашылық пікір алмасулар ұйым­дастырылды. Бұл жас бишілердің тек сахнада ғана емес, өнер ортасында өз орнын белгілеуі үшін таптырмас мүм­кіндік. Жеңімпаздар үш аталым бойын­ша анықталып, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. «Өрлеу» байқауы би өнеріне қанат бі­тіріп қана қоймай, халықаралық достық пен мәдени байланыстың алтын көпіріне айналып отыр.

Байқау Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және Ал­маты хореографиялық училищесінің ұйым­дастыруымен өтті.

 

АЛМАТЫ