Жексенбі күні Кеншілер мәдениет сарайында рух шалқыды. Қарағандыда қара өлең салтанат құрды. Көкбөрі ақынның төбесі көкке жетті. Ақсұңқарұлының адуынды жыры аспандады. Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы ақын екенін Арқа төсінде дүбірлеп өткен мерейтойында тағы бір аңғардық.
Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Өзінің де жүрекжарды лебізін қосақтады.
– Мен Серік ағамызбен Қарағандыға қызметке келгенде, 2010 жылы жүзбе-жүз танысқан едім. Сонда ақын ағамыз: «Қарағандының үсті де, асты да қазына. Жасаған еңбегіңді еселейтін ел-жұрт бар мұнда. Саған батамды берейін», деді. Міне, содан бері ағамыз тілеуқорымыз болды. Серік ағамыздың өлеңдері өзгеше. Жойқын энергия бар. Мерейтойыңыз құтты болып, жүзге келіңіз де, күллі елді таңғалдырыңыз, аға, – деп лебізін білдірген Президент көмекшісі ақынның иығына шапан жапты.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мерейтой иесінің ел мәдениетінің дамуына қосқан елеулі үлесіне алғыс білдіріп, құрметін көрсетті.
– Сіз көрнекті ақынсыз, құрметті азаматсыз. Дарыныңызбен қазақ әдебиетіне зор үлес қосып келесіз. Шығармаларыңыз жастайыңыздан жоғары бағаланып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді, – деді құттықтауында Ермағанбет Қабдулаұлы.
Премьер-министр Олжас Бектенов, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, тағы басқа ресми тұлғалардың құттықтау хаты оқылды.
Мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов найзағай ақынның болмысын суреттей сөйлеп, өңіріне ТҮРКСОЙ алтын медалін тақты. Ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып Серік Ақсұңқарұлына Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің атынан жылы лебіз жеткізіп, «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағымен марапаттады. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков Ғылыми кеңес шешімімен Серік Ақсұңқарұлы «Құрметті профессор» атанғанын мәлімдеді.
Кеште «Құрмет» орденінің иегері Амантай Жұмашев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыкелді Кемалов, Мәдениет саласының үздігі Саят Әбдіғали, Меруеш Башай, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік әншісі Құрмаш Ыбышев, дәстүрлі әннің дүлдүлдері Ержан Базарбеков, талантты ақын Мақсат Күземханов, әнші Салтанат Мұқышева ақынның сөзіне жазылған «Сарыарқам менің», «Қарқаралы», «Балқантау – аққулар мекені», «Шайтанкөл», «Қарағанды вальсі», «Үш тауым-ай», «Өмір деген – Күнді айналу», «Есіл мен Нұра», «Мәңгілік ел» секілді сырлы әндерді шырқады.
С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері сомдаған «Жарық пен Түнек жыры» мен «Муза қыз бен мансап атты мәртебелі мырза туралы баллада» қойылымына халық зор қошемет танытты.
Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ақын Мирас Асан кеш иесіне арнап «Ақын зертханасы» атты өлеңін оқыды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов Серік Ақсұңқарұлының «Рухтың шалқуы» өлеңін оқығанда кеш тақырыбы мен мазмұны орайласқанының айғағындай халық қол соқты.
Ақтоғай ауданының «Тоқырауын толқындары» əн-би ансамблі орындаған автордың «Шайтанкөл – аққулар мекені» əні кештің шырайына шырай қосты.
Кеш соңын абадан ақын өзі түйіндеп, көпшілікке шалқыған көңілін жеткізді. «Ұстараның жүзінде» атты сиясы кеппеген өлеңін оқып, елге басын иді.
Қарағанды облысы