• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Кәсіпқой бокс 08 Сәуір, 2025

Жәнібектің жарқын жеңісі

47 рет
көрсетілді

Астанадағы «Барыс-Арена» спорт кешенінде кәсіпқой бокс кеші өтті. Елімізде екі бірдей чемпиондық белбеуді қорғаудан бұрын-соңды кәсіпқой бокс айқасы ұйымдастырылған емес. IBO, WBO тұжырымдары бойынша орта салмақта әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы атағын қорғады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты боксшыны жеңісімен құттықтап, алдағы алар асуына сәттілік тілеп, тілеулестігін білдірді.

Кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген, 16 жекпе-жек өткізіп, 11 айқасына нокаутпен нүкте қойған Жәнібек Әлімханұлы кезекті жеңісін еншіледі. Қарсы­ласы франциялық Анауэль Нгамиссенге де – кәсіпқой бокста 13 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен жампоз.

Айқас алдындағы баспасөз мәслихатында Нгамиссенге: «Мен өзімнің әлеуетімді паш ету­ге келдім, орта салмақта чем­­­­пиондық белбеуден үмітім зор»,­ деп көкейіндегісін ақта­рып­ салған еді. Жәнібек жан­күйер­­леріне шоу сыйлайтынын айтқан-ды.

Расында да айта жүрер айқас өтті. 12 раундқа рәсім­делген жекпе-жек тіпті 1-раунд­та түгесіле жаздады. Жәнібектің жойқын соқ­қысынан есеңгі­реп қалған қарсыласы нокдаун алған еді, алайда гонг үні құтқарып кетті. Екеуі де солақай болғандықтан, ұрымтал тұсты көп аңдысты. Жәнібек қорғаныста қымтанып алмай, ашық ұрысқа шақы­рып, қарсыласын қамшылап отырды да, 5-раундта шықшыттан екі мәрте соғып сұлатып тү­сірді.

«Сөз жоқ, Жәнібек талантты боксшы, орта салмақтың серкесі екенін мойындаймын. Менің мақсатым – тәуекелге бару. Қарсыластың қарымы­нан жүрексінбей айқастым. Сарапшылар мені айқастың алдында-ақ «оңай олжа» деп бағалап, 3-раундтан аса алмайтыныма сәуегейлік танытты. Рас, жеңіліске ешкімді айыптамаймын. Ұзақ уақыт әзірлік өткіздім, жеңемін деп ұмтылдым. Алайда қар­сыла­сымның деңгейі мен ой­лағаннан да жоғары екен. Кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңіліске ішім ашитыны, көңілім құлазитыны рас, бірақ орасан тәжірибе жинадым», деді А.Нгамиссенге.

Анауэль 5-раундта ре­феридің жекпе-жекті тоқтат­қанына шағым айтпайтынын да жеткізді. «Төрешінің шешімін қуаттаймын. Мен ет қызуымен айқасты жалғастырсам, бұдан да ауыр соққылар алып, ден­сау­лығымды тіпті құртып ала­тыным даусыз еді», деген бокс­шы Жәнібекке сәттілік тіледі.

Жекпе-жектен кейін Жәні­бек Әлім­­ханұлы қол­дау көр­сеткен барша жан­күйер­­ге ризашылық білдір­ді. «Құр­метті жерлес­тер, бұл біз­­дің команданың ғана жеңісі емес, елдің ортақ же­тіс­тігі. Біз мұнымен тоқ­та­май­мыз, еншімізде екі бір­дей тұжырымның чем­пион­д­ық белбеуі бар, әлі бас­­қа тұ­жы­рым­дардың да бел­беуін ала­мыз. Біздің өз елі­міз­де осын­­дай жекпе-жек өткі­зуге мұ­рындық болған ұйым­дас­ты­ру­шы­ларға, алаң­сыз жат­ты­ғуға мүм­кіндік ту­дырған жан­ашыр аза­мат­­тарға алғыс айта­мын», деді.

Менеджер Берік Сұлтан бұл айқасқа әзірлікті Шымкент қаласында жүргізгенін айтты. Спарринг өткізуге ұлттық құ­рама мүшелері Аман Қо­ныс­баев, Нұрқанат Райыс, Бек­сұл­тан Манап секілді бокс­шы­лар­дың септігі тигенін мәлім етті.

Қос боксшының спорттық жылнамасында сәйкестік бар. Екеуі де 2016 жылы Рио Олим­пиадасына 75 кг салмақ дәре­же­сінде қатысты. Анауэль ол кезде өзінің атажұрты Конго мем­лекетінің намысын қор­ғаған еді. Алайда алғашқы айна­­лымда алжирлік Илияс Абба­­диге есе жіберді. Жәнібек сол Абба­диді ширек финалға шығарда айқын жеңген болатын.

Астанадағы кәсіпқой бокс кешінің аясында яғни андеркардта бірнеше саңлақ жекпе-жек өткізді. Жартылай орта сал­мақта жерлесіміз Әлішер Әбдуәлім үн­діс­тандық Ашиш Чаудхариді ұпай басымдығымен еңсерді. Кәсіпқой бокста бұған дейін 3 мәрте айқасқа түсіп, екеуінде нокаутпен ұтқан Әлішердің соққыларына қарсыласы тө­теп берді. Өкінішке қарай, Ақ­ниет Әлімбай (жартылай орта салмақ) чехиялық Йо­зеф Дубскиге есе жіберді. Жар­тылай орта салмақта өзінің де­бюттік жекпе-жегіне шыққан Төрехан Сабырхан чех бокс­шы­сы Йиржи Хаукені 3-раунд­та техникалық нокаутпен ұтты. Өзбекстандық Отабек Холматов филиппиндік Джей­сон Кано Манигосты 8-раундта нокаут­пен жеңді. Жеңіл салмақта сынға түскен жерлесіміз Балауса Мұздыман Филиппин қызы Мария Тереза Пинилиден ұпай санымен басым түсті. Екінші жеңіл сал­мақта бағын сынаған Мах­мұд Сабырхан вьетнамдық Данг Дак Хайнхті 2-раундта техникалық нокаутпен ұтты. Махмұдтың қарсыласы айқасқа бір күн қалғанда ауысты. Әу баста колумбиялық Николас Тордесияльямен тартысқа түсетіні белгілі болған. Алай­да ұйымдастырушылар «өт­кел үстінде ат ауыстырып» Хайнхты алдырды.

Бірінші орта салмақта Батыр Жү­кембаев (23-1, 17 КО) пен британдық Кейн Гарднердің ­(17-4, 7 КО) жек­пе-жегі 10 раунд­қа ұла­сып, төрешілердің шеші­мі­мен Батыр жеңіске жетті. «Елі­міз­де дәл мұндай ауқым­да ұйым­дас­тырылған бокс кешінде сайысқа түсу маған зор мәртебе болды. Қар­сыласым осал емес, нокаутпен жеңсем деп жос­парладым, бірақ қорғанысы мығым Кейн көп соқ­қымды дарытпады. 5 сәуір – менің туған күнім. Төл мерекемде өзіме өзім сый жасағандай болдым», деді Батыр.

Спорт кешеніне жиналған қалың жанкүйер де, көгілдір экранға көз суа­рып бокс кешін тікелей эфирден тамашалаған көрермен де екі дүркін Олим­пиада чемпионы, әуесқой бокс­та жүріп те кәсіпқой жекпе-жекке 14 рет түсіп, барлық айқа­сын нокаутпен ұтқан өзбек­стандық саңлақ Бахадүр Жа­ло­­лов нокаутпен жеңеді деп сенген еді. Алайда украиналық Игорь Ше­вадзуцкий (12-2, 10 КО) 10 раундтық жекпе-жекте Бахадүрдің жойқын соқ­қысына төтеп берді. Төрешілер раунд сайын шабуылдағанын ескеріп, өзбек боксшысының еншісіне жеңіс жазды.

IBF Intercontinental тұжы­рымы бойынша екінші ор­та сал­мақтағы жекпе-жек жер­лесіміз Сұлтан Заурбек (19-0, 13 КО) пен Оңтүстік Африка Рес­­­­пуб­ликасының боксшысы Азинга Фузиле 18-2, 12 КО) арасында өтіп, 10 раундтың қоры­тындысында Сұлтан жеңіске жетті.

Елорда төріндегі кәсіп­қой бокс кешін «Nomad Promotions» компаниясы ұйым­­­дастырды. Былтыр ғана құ­­рыл­ған компания келешекте кәсіп­­қой бокс жұлдыздарының басын қосып, ауқымды айқас өткі­зуді жос­парлап отыр. Про­моу­терлік ұжым 30 жылдан бері кәсіпқой бокс өрісінде еңселі істерді иге­ріп жүрген британдық «Excelsior Sports Club» ұйымымен тығыз ынты­мақтастық орнатқан.