Аз жазса да, саз жазған сырбаз ақын, сыршыл азамат Сәттібай Жүнісовтің саф өнерін, саңқылдаған даусын елі сағыныпты. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде өткен «Өмір деген өлшеулі сапарда бұл…» аталған ақынды еске алу кешінде бұл анық сезілді. Қаламгердің мәңгілік мұрасындай «Пырақ» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Жазған-сызғаны, жан дүниесі осылайша кітапқа айналды.
Кештің тізгінін ұстаған ақын Тілеген Әділовтің жүрегінен шыққан әр сөздің әсері толқытып отырды. Кешті аталған оқу ордасының «Шабыт» театры мен «Балауса» жастар шығармашылығы орталығының студенттері ақынның өлеңін оқумен бастады.
Бір кездері Сәттібай айтыс аламанында жарқыраған жас талант еді. Оның 2005 жылы шымкенттік ақын Маржан Есжановамен айтысы экран арқылы елге көрсетілді. Сәттібай ақынның туған ауылы «Ескене» өлеңіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов ән жазыпты. Жаңа туындыны сахнада әнші Шыңғыс Мұқаев орындады. Осылайша, әннің де тұсауы кесілді. Ертеректе ақынның «Қарағанды» атты өлеңіне Солдатхан Ысқақ ән жазған еді. Сол әнді республикалық Қарулы күштер орталық ансамблінің солисі, өнердегі бауыры Нұрлыбек Зәкен нақышына келтіріп шырқады.
Сәттібай ақын сегіз қырлы, бір сырлы еді. Оның жазған беташар жыры елге кең таралды. Той төрінде әлі орындалып жүр. Ақын термелерді бірнеше нұсқада жатқа айтып, жырлай білетін. Сонау бір жылдары «Текті сөздің төресі – терме» атты республикалық жыршы-термешілер байқауына қатысты. Айтулы өнер додасында «Киелі мекен – Ұлытау» деген өзінің туындысымен үздіктер қатарынан көрінгені өнерсүйер қауымның әлі есінде. Ақынның термесін айтыскер ақын Дидар Қами орындап берді.
«Барлық ақын – баласы бір ананың!». Серік Сағынтай мен Руслан Нұрбай бауырларын аңсап жазған өлеңдерін оқыды.
Сал Сәттібай өмірінің соңғы сәттерінде өзінің бала кезден көрген-түйген, үлкендерден естігендерін ой-толғам етіп, жинақтап, естияр шағында қатысқан аламан бәйге туралы қызықтарын «Шабандоздың әңгімелері» циклімен бірнеше шығарма жазыпты. Ақын бұл жазғандарын жары Айнашқа қана оқып үлгерген екен. Сол құнды дүниелері «Пырақ» кітабына енді. «Құрыштан құйған құдірет» атты ой-толғамын ақын досы Сұлтан Дәулетханұлы оқыды.
Сұлтан Дәулетханұлының бастамасымен әрі редакторлығымен Сәттібай ақынның соңында қалған жазбалары баспаға әзірленіп, бірнеше жылдар бірге қызмет жасаған жанашыр ағасы Мирас Құттыбай, басқа да достарының қолдауымен «Пырақ» атты кітап шықты. Ақынның соңында қалған мұрасын, қолжазбаларын жинап, аудио-бейне материалдарын компьютерге теріп, қаттаған ақынның жары Айнаштың да еңбегі ерен. Кеште Сәттібай ақынның «Пырағының» тұсауы кесілді.
«Қолжазбаларыңды жинасаңшы, бір кітап шығаратын кезің болған жоқ па?» дегем. «Мұқағали айтпақшы, мендейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен жоқ па?!» деп қарап тұр. Көп оқып, көңіліне көп нәрсені тоқығаны байқалып тұрушы еді. Сондай адам ғана айта алады мұндай сөзді. Сәттібай Абай ұстанымын ұстанған саусақпен санарлықтай талант еді», деді Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы салтанатты рәсім кезінде.
Белгілі ғалым Қойлыбай Асанов та аңқылдаған бауырын сағынып: «Оның жаны таңғы шықтай мөлдір еді... Өз орнын, өз дәрежесін жақсы білетін. «Аға» деген сөзінен аяулы мейірім есіп тұратын. «Сізге еліктеп өстік», – деуші еді. Адамгершілік, ізгілік, қарапайымдылық сияқты қасиеттері Сәттібайды ойлаған арманынан да асқақ биіктерге шығарды», – деді.
Дәстүрлі әннің дүлдүлдері Ержан Базарбек пен Сырым Хордин ән шырқады. Мирас Құттыбай ақынның әкесі Темірғалидың иығына шапан жауып, ұлы Сәкен Жүнісовке мәшһүр суретші Кәріпбек Күйіковтің «Пырақ» өлеңіне салған картинасын сыйлады.
Кеш соңында көпшіліктің көзіне жас іркілді. Сәттібайдың гитарамен ән салған бейнетаспасы қосылды. Сол әнін ұлы Сәкен жалғастырып, шырқады. Жиналған көпшілік әкесінің үзілген әнін, өшпес өнерін жалғайтын мұрагеріне тік тұрып қошемет көрсетті, ақынның рухына тағзым қылды.
Қарағанды облысы