Арқалық далалық өлке музейінде Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаевтың жеке құжаттары тапсырылды. Осыған орай мұражайда шағын жиын өтіп, ұлттық кино, театр өнерінде өшпес белгі қалдырған дарын иесі туралы естеліктер айтылды.
Еске алу кешіне марқұмның туыстары, ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар, тарихшылар, студент жастар, Астана, Қостанайдан арнайы келген меймандар қатысты.
Тағылымды кеште қала әкімі Әмірхан Асанов, көнекөз қария Тұрысбек Ізтілеуов, Шөптібай Бәйділдин, Бораш Әбенов, жергілікті қазақ жасөспірімдер театрының бас режиссері Ербол Әбжалов сынды зиялы қауым өкілдері өнер саңлағының өмірі мен адами болмысы жайында әңгіме өрбітті. Театр әртісі, мәдениет қайраткері Ораз Нұрғали әйгілі «Гауһар тас» әнін нақышына келтіре орындап берді.
Әнуар Боранбаевтың жеке құжаттарын кәсіпкер Марат Якупов музей басшысына табыс етті.
«Осы уақытқа дейін облыс музейлерінде Әнуар ағамыздың суреттері көрініс беріп қалғанымен, ешбірінде жеке заттары жоқ екен. Сондықтан бүгінде бүтін қазақтың мақтанышына айналған өнер майталманының алақан ізі қалған құнды дүниелердің музей қорына тапсырылуын өңір руханиятындағы елеулі жаңалық деп айтуға болады. Бұл құжаттар халық батыры Амангелді Имановтың алмас қанжары, халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің қара домбырасы сияқты құнды мұралармен бірге музей төрінен орын алып, ұлттық мәдениетімізді байытып тұратын болады», дейді музей директоры Рауан Терек.
Қостанай облысы