Қыстан қалған қасат қармен қатар көңілдің де тоңы жібіп, жер бусанатын тұста айрықша күтетін ұлық мереке – Наурыз. Көктеммен бірге өміріне де шуақ, ырыс-береке кіреді деп сенген халқымыз Әз-Наурызды ерекше әспеттейді. Әр сәтіне мағына сыйдырған көшпелі халықтың көнеден жеткен төл мерекесі тұтас ұлттың ұстынын берік ұстап тұр.
Ұлыстың ұлы күнін тек түркі халықтары ғана емес, парсылар, гректер де атап өтеді. Көктем мерекесін 3000 жылдан бері Балқан түбегі, Қара теңіз аймағы, Кавказ, Орталық Азия мен Таяу Шығыста 300 миллионға жуық адам тойлап келеді.
Иә, Әз-Наурызды әлемнің әр түкпіріндегі қазақтар да асыға күтеді. Қиырдағы қазақтар өз топырағының дәстүріне сай Наурыз нақыштарын жасайды. Мәселен, Иран Ислам Республикасы ұлық мерекені тойлауға ресми түрде шешім қабылдаған. Олар Наурызды мемлекеттік деңгейде атап өтеді. Тарих беттеріне үңілсек, Наурыз – Жаңа күн, Иран жерінде ежелден ұлттық мереке рәуішінде «Наурыз сұлтани» деп аталып келген. Иран патшалары наурыздың алғашқы бес күнін «Әлеумет, Наурыз» деп, жұртшылықты сарай салтанатына шақырып, тілектерін орындайтын болған. Ал наурыздың алтыншы күнін «Өзгеше Наурыз» деп атап, сарай маңындағылар мен қызметкерлерге сый-сыяпат көрсетіп, той-думан өткізген деседі.
Наурыздың екі халыққа да ортақ тұстары жақсылыққа бастау, адамгершілікке баулу екенін байқадық. Табиғат, маусым ауысқанда келетін мерекенің негізгі философиясы – өзгеру, жаңару. Ирандықтар Жер-ана оянып, табиғат шаттық пен жарыққа бөленгендей «менің де болмысымды жақсыға өзгерт, мейрімділікке, сүйіспеншілікке толтыр» деп тілек айтады. Ең қызығы, Иранда жаңа жылдың ауысу уақыты арнайы белгіленеді. Бұл астрономиялық зерттеу жасалып, арнайы ұйыммен қарастырылады. Мәселен, 1397 жылдан 1398 жылға ауысу Тегеран уақыты бойынша 21 наурызда сағат бірден 25 минут 27 секунд кеткенде жүзеге асады. Осы кезде отбасының мүшелері түгел дастарқанға жиналады. Отырыста парсының ұлы ақыны Хафиздің өлеңдерін оқиды. Отбасының үлкендері кішілерге сыйлық сыйлайды. Одан кейін ағайын-туыс бір-бірінің үйіне қонаққа барады. Осылай 13 күн бойы мереке жалғасады. Елімізде Наурыз қоғамдық жерлер мен көшелерде де тойланса, ирандықтар мерекені тек отбасы мүшелерімен қарсы алады.
Ұлттық мерекеге айналған бұл күнді Иран қазақтары «Наурыз айт» деп те атайды. Мейрамды асқан шаттық, жылы жүрек, шын ықыласпен күтеді. Үш күн бойы қазақтардың үйлерінде дастарқан жаюлы тұрады. Мереке қарсаңында бір апта бұрын барлық үйдің іші-сыртын тазалап, үй іші түрлі ұлттық нақышпен әшекейленген бұйымдармен әсемделіп, айт күні көзтартарлықтай жайнап тұрады. Балалар жаңа киімдерін киеді. Қыз-келіншектер де ұлттық киімдерін заманауи сәнге лайықтап киеді. Әсіресе шолпы таққан қыздардың кербез жүрісі, сыңғырлаған шашбау үні айналаның назарын өзіне аударады.
Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукар ұлық мерекенің тарихи-мәдени маңызы тереңде екенін айтады.
– Иранның көне дәуірінде пайда болған Наурыз мейрамы БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген. Қазіргі уақытта Наурызды 14-тен астам ел мен 400 миллионнан астам адам тойлайды. Иранда Наурыз мейрамының өзіндік ерекшелігі бар, ол – жаңа жылдың бастауы. Ұлық мейрамды тойлаудың әдет-ғұрыптары мен рәсімдері өзіндік сұлулығымен ерекшеленеді. Иранның Гүлістан облысында қазақтар Наурызды басқа ирандық ұлттармен бірге атап өтіп, қазақ мәдениетінің әдемі көріністерімен таныстырады. Иранның басқа тұрғындары бұл көріністерді көру үшін қазақ ауылдарына саяхаттайды, – дейді Әли Акбар Джоукар.
Сондай-ақ Алматыдағы Иран Ислам Республикасы Бас консулдығының мәдени атташесі Ағазаде Хоссейн де Ирандағы қазақтардың Наурызды тойлау амалдарына тоқталды. Оның айтуынша, Жаңа жылдың алдында ескі жылдың соңғы аптасының ақырғы сәрсенбі күнін ирандықтар «Чаршәнбе сури» (Сәрсенбілік мереке) деп атайды. Бұл күні кешкісін ортаға от жағылып, оның үстінен аттап, секіріп өту рәсімі мен ойындары басталады. Бұл мереке ежелден Иран жерінде, Саманид заманында «Сури» деп аталған.
– Иран қазақтары қаншама жылдан бері ұлттық дәстүрлерін ұлықтап келеді. Олардың Наурызды дәстүрге сай тойлап, ана тілінен ажырамай, үлкенге құрмет сынды ізеттен айырылмауы ата дәстүріне адалдық, беріктік іспетті. Олар өзге елдің топырағында да өз ұстындарын жоғалтқан жоқ. Осындай мың бояулы салт-дәстүріне қарап, Иран қазақтарының бірлігі бекем екенін көреміз. Олар дәстүрін ғана сақтап қоймай, қазақ болмысын нығайтты және басқа ирандықтармен тату-тәтті өмір сүрді, тегін ұмытқан жоқ.
Айта кетейін, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлық мерекенің тарихи-рухани маңызын ескеріп, Наурызнама онкүндігін жариялады. Бұл көктемнің айтулы мерекесінің сан қырын көрсетіп, ұлттық нақышын айқындай түседі, – дейді Ағазаде Хоссейн.
Наурыз мейрамын тойлаудың Иран қазақтарына тән өзіндік бояуы бар. Атап айтсақ, Ұлыстың ұлы күнін қарсы алу рәсімінде дастарқан дайындалып, оның үстіне қасиетті Құран кітабы, шам, құрма, өрік, мейіз, жаңғақ «С» әрпімен басталатын жеті түрлі тағам қойылады. Олар: сомақ – жүзім ұнтағы, сәзбе – бидайдың жас өркені, сенжед – жиде, серке – жүзім шырыны, секке – темір теңге, сир – сарымсақ, сиб – алма. Бұл дастарқан «һәфтсин», яғни жеті «С» деп аталады.
Осы орайда Ирандағы қазақтардың Наурызды қалай мерекелейтіні жөнінде шығыстанушы ғалым Ислам Жеменейден сұрап көрген едік. Оның айтуынша, Наурыздың басталуына орай ел басшылары, дінбасылар, ғұламалар халық алдына шығып құттықтайды. Ал жеке отбасы мүшелері дастарқан басында бас қосып, Аллаға шүкіршілік айтып, Жаңа жылды қарсы алады.
«Ағайын-туыстар мен дос-жоралар бұл күні бір-бірін құттықтап, қауышып, мәре-сәре болады. Мешіттерден бастап жағдай-мүмкіндігі бар әрбір отбасы мешіт алдына, көше-алаңдарға, үй ауласына әрлі-берлі өтіп жатқан адамдарға арнап наурыз көже әзірлейді. Наурыз көже құрамына жіпке тізіліп, түні бойы суға салынып қойылған ет, әдәс, һәлім сияқты дақыл түрлері мен шекер қосылады. Ал Наурыз мерекесін шығарып салу күні жұртшылық азық-түлігін, қазан-аяғын, киіз-текеметін, ойын-сауық құралдарын әзірлеп, табиғат аясына шығады. Жасыл шалғын мен ашық алаңдарда түрлі ұлттық ойындар, спорт жарыстары өткізіліп, сауық-сайран, шеру-серуен жалғасады», дейді Ислам Жеменей.
Сондай-ақ ол ұлық мерекені шығарып салу күні дастарқан дәмі де әртүрлі ұлттық тағамдармен толыға-молыға түсетінін, балалардың у-шуы, шат-шадыман күлкісі, бойжеткендер мен бозбалалардың жарасымды әзілдері, сыбырласып сырласуы, жігіттер мен ересектер жағының мәрт-жомарт іс-әрекеттері мереке-мейрам мезетін одан сайын әрлей, әспеттей түсетінін атап өтті.
«Толысқан қыздар іштей ырым жасап, өсімдік сабағын бір-біріне жалғай өріп, «Ғұмырлы, сүйікті, білімді, адал жарды нәсіп қылғай» деп тілек тілейді. Өйткені өмір жолындағы шешімін таппай келген түйіндер табиғат аясында қалып, олардың бағы ашылсын деген ырымды меңзейді. Наурыздың соңғы күні «Сиздә бедәр» (он үшті шығару) деп аталады. Бұл 13 санның құтсыздығын жоюдағы ырым болса керек», дейді ғалым.
Иә, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы да Иран қазақтары қыз-келіншектерінің киім киюдегі ерекшелігін әдемі сипаттайды. «Қыздары бұрынғыша әсем киініп, мойындарына алтын алқа тағады. Шолпының да кездесіп қалатыны бар. Өйткені олар біздегідей күзелмеген, қос өрімдер көзге жиі түседі. Иран, түркімен, қазақ үлгілерінің бәрі де жеке-жеке емес, тұтаса, бойжеткеннің үстінен көргенде көздің жауын аларлықтай сәндікке айналады екен. Бастарына ақтан басқа түстегі орамал оранады, өйткені Иран елінде жалаңбас жүру – ең үлкен күнәнің бірі» деп жазған-ды.
Ежелгі Иранда Наурыз мерекесі бір ай тойланатын. Қазіргі уақытта он үш күн мерекеленеді. Білім ордалары осы он үш күн бойы демалса, басқа мемлекеттік мекемелерге бес күнге демалыс жарияланған. Міне, парсы елінде Наурыз мейрамы осылай ерекше бір көңіл күйде тойланады. Ұлттың рухын көтеретін ұлық мереке Наурыз деген.