• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Жұмысшы мамандықтар жылы 06 Наурыз, 2025

Еңбек күші – елдің тірегі

95 рет
көрсетілді

Әлеуметтік мемлекеттегі күрмеулі мәселенің бірі – халықты тұрақты жұмыспен қамту. Былтыр елімізде 979 мың азамат жұмысқа орналастырылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің негізгі бағыты да – ел азаматтарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету.

Елімізде еңбек нарығын да­мы­тудың 2024–2029 жылдарға ар­налған тұжырымдамасы бекі­ті­ліп, жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы Жол­дауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында әзірленген тұжырымдаманың арқалар жүгі де салмақты 2029 жылға дейін сапалы жұмыс орын­да­рының саны 3,8 миллионға жетуге тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген тұжырымдамада ұлт­тық басымдықтар мен айқын мақсат, сондай-ақ жұмыспен қамту саласындағы халықаралық міндеттемелер мен стандарттар ескерілген. Бұл 2030 жылға дейінгі кезеңге еңбек нарығын дамыту жөніндегі негізгі бағыттарды, іс-шараларды, индикаторларды әрі жауапты орындаушыларды айқындайтын стратегиялық сипаттағы құжат саналады. Тұ­жы­­­рымдама аясында ашылған жұ­­мыс орындарының саны был­­­тырғы көрсеткіштегі 2,5 мил­лион­ға жетті.

«2024 жылдың қорытынды­сын­да елімізде 979 мың аза­мат жұмыспен қамтылды, оның 714 мыңы тұрақты жұмыс орын­­дарына орналастырылды. Ұлт­тық жобалар мен салалық тұжы­рымдамалар аясында 65 мыңға жуық азаматқа да тұрақ­ты жұ­мыс орны табылды. Мемлекет бас­шысының «10 мың тұр­ғынға шаққанда 100 жұмыс орны» бас­тамасы аясында – 314 мыңнан астам адам, жұмыс беру­шілер ұсынған бос жұмыс орындарына – 359 мың азамат, бұдан бөлек, 241 мыңнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдем­де­су­дің белсенді шаралары аясында жұмысқа орналасты», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов.

Ай сайын министрліктің ақпараттық жүйелері арқылы жұмысқа орналасқандардың мін­детті зейнетақы жарна­ла­рының бар-жоғы қадағаланып отырады. Соның нәтижесінде олармен электрондық еңбек шарттарын жасасу арқылы жұмысқа орналасуға мониторинг жүзеге асырылады. Былтыр жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 325 мың азамат тартылды. 67,5 мың адамға қысқамерзімді кәсіптік оқыту курстары ұйымдастырылды, оның ішінде: білім беру ұйымдарында – 7,8 мың адам, жұмыс берушіде – 1,9 мың адам, «Skills Enbek» платформасында онлайн оқытумен 57,7 мың адам қамтылған. Кәсіптік оқытудан өткен 14,6 мың адам жұмысқа орналасқан.

Вице-министр онлайн курс­тардан өткен азаматтардың 91%-ы (52 мыңнан астам адам) оқуды сәтті аяқтап, тиісті сертификаттар алғанын жеткізді. Бүгінде «Skills Enbek»-те жаңа дағдыларды игеруге немесе біліктілігін арттыруға ниет білдірген азаматтарға арналған 858 курс бар, оның ішінде 311-і тегін оқытылады. Осы жылы VR, AR-технологияларды пайдалана отырып, жаңа практикалық курстар да қолжетімді болмақ. «Бастау Бизнес» жобасында кәсіпкерлік негіздерін оқытумен 60 мың адам қамтылды.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 188 мыңнан астам адам тартылып, оның ішінде қоғамдық жұмыстарға – 110 мың, әлеуметтік жұмыс орындарына – 15,5 мың, жастар практикасына – 33 мың, «Алғашқы жұмыс орны» жобалары шеңберінде – 9,6 мың , «Ұрпақтар келісімшарты» – 420, «Күміс жас» жобасымен 19,1 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Жұмыспен қамтуға жәрдем­десу жөніндегі шаралар­дың тағы бір бағыты – азаматтардың кәсіп­керлік бастамаларын қолдау мақсатында халықтың әлеу­мет­тік осал санаттарына мемле­кеттік гранттар тағайындау. Министр­­дің орынбасары А.Биахметов былтыр гранттар екі ағынмен берілгенін, жоспарланған 9 мың адамның 8 941-і қамтылғанын атап өтті. Бұл ретте грант алу­шы­­­лар­дың 64%-дан астамы –ауылдық жерлердің тұрғындары. Грант алушылардың басым көпшілігі (44%) технологиялық жабдықты сатып алуға ақшалай қаражатты пайдаланған. Грант алуға ықылас танытқандардың белсенділігі Түркістан (923 адам), Қызылорда (602 адам) облыстарында, Алма­ты қаласында (211 адам) бай­қалды.

«Грантқа өтініш берген кезде үміткер міндетті түрде бизнес-жобаны іске асыру нәтижелеріне қатысты жұмыс орындарын құру­дың жоспарлы көрсеткішін көр­сетеді. Осылайша, грант алған тұлғалар өздерін жұмыс­пен қамтамасыз ете отырып, қо­сым­ша 3 мыңнан астам тұрақ­ты жұмыс орнын құрды. Жұмыс орындарының көбі Жамбыл (941 бірлік), Қызылорда (920 бірлік), Түркістан (482 бірлік) облыс­тарына тиесілі», деп атап өтті А.Биахметов.

Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігі «Жоба­лардың инновациялық навигаторы» платформасын құрды. Платформа кадрларға қажет­тілікті талдау мен болжауды, сонымен қатар іске асырылатын барлық жобаның тиімділігіне уақтылы мониторинг жүргізуге септеседі. Қазіргі уақытта осы платформа арқылы 168 мың жұмыс орнын құру жоспарланып, 906 инвестициялық жоба жөнінде мониторинг жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, оқушыларға болашақта өздері кәсіпті таңдауға мүмкіндік беретін «Мансап компасы» платформасы енгізілді. Платформада сұранысқа ие 400-ден астам кәсіп түрі туралы ақпаратпен таныса алады.

Техникалық, кәсіптік білім беретін колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне Электрондық еңбек биржасында өндірістік практикадан өту орнын таңдауға мүмкіндік беретін функционал іске қосылды. Со­ның нәтижесінде студенттер тәжіри­беден өту барысында нақты дағдыларды игеріп қана қоймай, кәсіпорында жұмыс қарастыра алады. Бүгінде 610 жұмыс беруші практикадан өтуге 3,8 мың бос жұмыс орнын жариялап, оған техникалық, кәсіптік білім беретін 130 ұйым тартылып, 15 мың студент арасында сауалнама жүргізілген. Жұмысшы мамандықтары жылына орай Мемлекет басшы­сы­ның жүктеген тапсырмаларын орындау мақсатында жос­пар­лан­ған іс-шаралар кешені де түзілген.

«Алдағы 6 жылда кадрларға деген сұраныс 1,6 млн адамға жетпек. Оның ішінде кәсіптік-тех­никалық білімі бар қызмет­керлер шамамен 900 мың, жұмысшы мамандықтары бар кадрлар 400 мыңнан астам деп болжанып отыр. Жұмысшы мамандық иелері құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен денсаулық сақтау салаларында сұранысқа ие. Бұл салаларда жұ­­мысшы мамандықтарына сұра­­ныс 56%-ға жетті», деді А.Биахметов.

Ұлттық еңбек нарығына демогра­фиялық өзгерістер мен әлемдік экономиканың құбыл­ма­лылығы да әсер етеді. Ең алдымен жаңа жұмыс күшінің пайда болуы аса маңызды. Елімізде де 2000 жылдардан кейін өмір есігін ашқан буын да есейіп, ат жалын тартып мінетін жасқа жетті. Нәтижесінде жыл са­йын 300 мыңнан астам жас азамат еңбек нарығына қосылады. Бұл жұмыс күшінің жаңа са­палық құрылымы қалыптасып жатқанын аңғартады. Өйткені елдегі жалпы жұмыс күшінің 60%-ын миллениалдар (1980–1995 жылдар аралығында өмірге келген ұрпақ) мен 2000 жылдан бері қарай туған Z буыны-зуммерлер құрап отыр. Демек тұрақты жұмыс орнына деген сұраныс жыл сайын арта түседі.

«Жастар практикасы» жобасы аясында жас мамандарды даярлауға кемінде 35 мың тә­лім­герді тартып, жұмыс орнында кәсіптік оқыту жоспары да іске асырылады. Осы жылы 100 кәсіп­тік стандарт әзір­леніп, жаңартыла­тын болады. Біліктілікті тануды баға­лау төрт тәуелсіз орталық база­сын­да іске қосылған, бесінші орта­лық­ты ашу жоспарланып отыр. Оның ішінде халықаралық стандарт­тар­ға сай екі орталық болады.

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында 500 мың оқушы мен колледж студенттері «Элек­трон­дық еңбек биржасы» бірыңғай цифрлық платформасын пайдаланып, жұмысқа орна­ласу дағдысын игереді. Тех­никалық, кәсіптік білім бере­тін ұйымдардағы үздік бір мың түлекті елдің жетекші компания­ларына жұмысқа орналастыру да көзделіп отыр. Еңбек күші қашанда елдің тірегі болып қала береді.  

Соңғы жаңалықтар