• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Пікір 18 Ақпан, 2025

Сарапшы: Күтіп отырғанымыз – толыққанды үшжақты келіссөз

115 рет
көрсетілді

– Кейбір сарапшылар 1932 жылғы Мюнхен келісімімен салыстырмалы түрде ұқсастық іздеп жатыр. Егер Украина қатыспай­тын болса, келіссөздер аталған келісімнің мүдделеріне қайшы келуі мүмкін дейді. Біз білетіндей Мюнхен келісімінде Еуропа, оның ішінде Франция мен Ұлыбритания Германияға Чехословакияны «құрбан» еткен еді. Чехословакияның 38 пайызы Германияның құрамына өтіп кетті. Сондықтан мұндай келіссөздер Киевтің қатысуынсыз екіжақты форматта өтетін болса, Украинаның негізгі басымдықтары мен ұстанымдарына қауіп төнеді.

Батыс елдерінің түрлі деңгейдегі шенеуніктері Украина келіссөздерге қатысуы керек деп отыр. Соның ішінде Германия канцлері Олаф Шольц Ресейдің жеңісі немесе Украинаның жеңілісі бейбітшілікке әкелмейді дейді. Сондықтан біржақты шешім болмайды. НАТО-ның бас хатшысы да кез келген келісім тұрақты және ұзақмерзімді болуы керек деп мәлімдеді. Ресей мен АҚШ жеке кездесетін болса, Ресей бұл келіссөздерді Батыспен қарым-қатынасын реттеуге, Украинадағы қақтығыста міндетті түрде өз талаптарын алға тарту үшін пайдалануы мүмкін. Ал АҚШ тарапына келер болсақ, Трамп әкімшілігінің стратегиясы негізінен Ресеймен уақытша келісім жасасу арқылы қақтығыс шығындарын азайтуға ұмтылуы мүмкін. Менің ойымша, Трамптың бейбіт стратегиясы төрт жыл, яғни президенттік мерзімінде сақталса болды, одан соң бұл қақтығыс толықтай аяқтала ма, жоқ па, оған мүдделі емес. Өйткені Трамп бірінші Путинге телефон соқты, Зеленскиймен хабарласқанының өзінен қандай ұстанымда екеніне болжам жасауға болады.

Қандай нәтижеге қол жеткізуі мүмкін деген­ді айтар болсақ, үш факторды атап өту керек. Барлығымыздың күтіп отырғанымыз – толыққанды үшжақты келіссөз. Егер осындай жағдай жоспарланса, ұзақмерзімді бейбіт­шілік­ке бағытталған қадамды күтуге болар еді. Алайда қазіргі жағдайды қарасақ, бұның жүзе­ге асуы екіталай. Украинаның позициясы белгілі, АҚШ-тың ұстанымы да білі­ніп қалды, Ресейдің әу бастан-ақ мақсат анық.

Екінші фактор АҚШ пен Ресей ғана кездесетін болса, Киевтің ұстанымы әлсірейді. Сонымен қатар Сауд Арабиясында жоспарланып отырған келіссөздер өтпей де қалуы немесе кейінге қалуы әбден мүмкін. Тараптар ортақ келісімге келмесе, бұл міндетті түрде кейінге шегеріледі немесе осы нәтижемен қалады. Осыған дейін Минск келісімдеріне де куә болдық: әуелі келісімге келді, одан соң оны бұзып, жалғасын таппай қалғаны әлі есте болар. Бұны да жоққа шығара алмаймыз.

Жалпы, қалай десек те, Сауд Арабиясында өтетін келіссөздер қазіргі геосаяси ахуал жағдайында маңызды болғалы тұр. Өйткені қызып тұрған қақтығыс Ресей мен Украина арасында жүріп жатыр. Бірақ, әрине, келіссөздердің нақты нәтижесі, оның әсері әзірше белгісіз. Өйткені Украина одан шетте қалып қойса, жағдай Ресейдің мүддесіне қарай ойысады. Ал АҚШ пен Батыс елдері қақтығысты реттеу үшін алдағы уақытта да дипломатиялық шешімдерге ұмтыла беретіні сөзсіз. Үш тарап кездескен жағдайда да Ресей талаптарына орай консенсусқа бара ма немесе өз айтқанынан қайтпай ма, бұл жағы да өздеріне ғана мәлім. Ал жалпы алғанда бұл келіссөз тек АҚШ, Ресей, Украинаға ғана емес, әлемдегі геосаяси ахуалға да әсерін тигізетіні даусыз. 

Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ,

саясаттанушы

Соңғы жаңалықтар