• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.29
  • EUR:
    613.28
Басты сайтқа өту
Білім 18 Ақпан, 2025

Кәсіптік білімге ықылас ұлғайды

66 рет
көрсетілді

Астанада Оқу-ағарту министр­лі­гінің ұйымдас­ты­руы­мен өткен «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестивалі өз мәресіне жетті. Бес күнге созылған жиын­ға еліміздің барлық өңірінен 50 мыңнан астам адам келіп, 200-ден аса мамандықтың қыр-сырына қанықты.

Фестиваль аясында мектеп оқу­­шылары мен олардың ата-ана­­­ларына ерекше көңіл бө­лін­­ді. 30 мыңнан астам оқушы кәсі­­би диагностикадан өтіп, өз­дері­нің қызығушылықтары мен қабі­леттерін анықтады.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, аталған фестиваль барысында колледждер мен кәсіпорындар 250-ге жуық ынтымақтастық туралы мемо­рандумға қол қойған. Бұл – расымен үлкен көрсеткіш.

«Жұмыс берушілердің бұл үде­ріске белсенді қатысуы қуан­та­ды. Біздің басты басымдығымыз – ең­­бек нарығында сұранысқа ие бі­лікті мамандарды даярлау. Бұл үшін біз инвесторлармен өза­ра ын­тымақтастықты арт­ты­ра­мыз. Осы бағытта 270-тен астам мем­ле­кеттік колледждің мате­риал­­дық-тех­никалық базасын жаңар­ту, сондай-ақ колледждерге шеф­тік қамқорлық көрсететін кәсіп­орындар санын 4 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр», деді Ғани Бейсембаев.

Министр сөз соңында фес­тивальды ұйымдастыруға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға үлес қосқан барлық министрлікке, әкімдікке, ұлттық компанияларға, кәсіп­орындарға, колледждерге, бұ­қара­лық ақпарат құралдары өкіл­деріне алғыс білдірді.

Фестивальдың бес күнінде 30-дан астам кәсіптік бағдар беру шеберлік сыныптары, мамандық таңдауға қатысты 200-ге жуық қызықты ойын­дар ұйымдастырылып, 1000-нан астам жүлделер мен сыйлықтар ойнатылды. «Бейбіт атом» шеберлік сабағы аясында балалар атом энергиясы қолданылатын салалар туралы білді, ал «Бортсерік мансабы» атты шеберлік сабақта «Air Astana» әуе компаниясының қызметкерлері мамандықтың артықшылықтарын, бортсеріктер мен ұшқыштарға қойылатын талаптар туралы айтып берді. Металлургтер көшесінде студенттер мен оқушылар геолог, геофизик, кенші, оператор рөлінде өзін сынап көрді. «ERG», «Kazakhmys», «Qarmet» сынды ірі жұмыс берушілер көрмелерін тренажер, макет, симулятор, VR-технологиялармен жабдықтап, қатысушыларға мамандықтардың қыр-сырына терең үңілуге мүм­кіндік берді.

Осы күні еліміздің 772 кол­леджінде 556 мың студент білім алып жатыр. Мемлекет басшы­сының қолдауымен 2023 жылдан бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы екі есе өсті. Биыл сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім алатын студенттер саны 153 мыңға жетеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға бөлі­неді. Олардың қатарында машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс салалары бар.