• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Ұстаз 13 Ақпан, 2025

Чемпион ұстаз

104 рет
көрсетілді

Астана қаласындағы №50 Райымбек батыр атындағы «Қазғарыш» мектеп-лицейінің бас­тауыш сынып мұғалімі Айгүл Тұрғанбайқызы Мысырдың Каир қаласында өткен пауэрлифтингтен ашық әлем чемпионатына қатысып, алтыннан алқа тақты.

Білім мен спорт – екі бөлек әлем болып көрінгенімен, Айгүл Ержанова бұл екі саланы шебер үйлестіріп келеді. Сөзіміз дәлелсіз емес. Отыз жылдан астам уақытын білім саласына арнаған педагог былтыр мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» медалін алды. Ал биыл 54 жастағы мұғалім кәсіби спортшылар қатысқан жа­рыс­та 100 кило зілтемірді көтеріп, рекордтық көр­сеткіш орнатты.

«Осы жарысқа жиыр­маға жуық мемлекеттен небір мық­ты спортшылар келген. Ал ел құ­рамасы бұл жарысқа ал­ғаш рет қа­тысып отыр. Же­ңіс тұғы­рынан көрінгеніме, әри­не, қуаныштымын. Мен оқу­шыларыма адам мүм­кіндігінің шексіз екенін көрсеткім келді. Білім мен спортты қатар алып жүруге әбден болады. Айтсам, сен­беуіңіз мүмкін. Өзім бұл спорт түріне 52 жасымда кел­дім. Көпшілік үшін бұл кеш басталған жол көрінуі мүмкін. Бірақ адам шын қаласа көздеген межесін ба­ғындыра алады», дейді ол.

Иә, Айгүл Ержанова бар-жоғы бір жарым жыл ішінде ауыр атлетиканы меңгеріп, әлемдік ареналарда топ жарды. Осы уа­қыт аралығында, тіпті, бір­неше мәрте әлем чем­пионы атанып үлгерді және ол мұнымен тоқтап қал­мақ емес. Алдағы уақытта спорт­шы мұғалім Африкада өте­тін ха­лықаралық жарысқа қатыс­пақ.

«Әрбір жарыс – жаңа тә­жірибе, әрбір рекорд – өз-өзіңді жеңу. Жеңіс – тек медаль алу емес. Ең бастысы – сену, әрекет ету және нәтиже үшін аянбай еңбектену. Бұл – тек спорт­тағы емес, өмірдегі де үлкен қағида», дейді чемпион мұғалім.

Соңғы жаңалықтар