• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.29
  • EUR:
    613.28
Басты сайтқа өту
Білім 07 Ақпан, 2025

Теміржолшы – мамандықтың төресі

321 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл туралы Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», деп атап өтті.

Мамандықтар маңызы

Шынында, еңбек нарығын жұмысшы мамандықтарсыз елес­тету тіпті де мүмкін емес. Оның ішінде теміржолшылардың орны ерекше. Ел экономикасы­ның күре­тамыры саналатын осы теміржол саласына білікті мамандар қалай даярланады? Жас­тардың жұмысшы маман­дық­тарға деген көзқарасы қандай? Осы сауалдарға жауап із­деп, Астана қаласындағы Жоғары көлік және коммуникация кол­леджі­не арнайы ат басын бұрған едік.

Теміржол десе көз алдымыз­ға екі иығынан дем алған алып тепловоз, вокзал маңы, сосын вагон­дардағы жолсеріктер елес­тей­ді. Көбіміз онымен тек жолаушы ретінде таныспыз. Ал қыс­тың қара суығында, жаздың аптап ыс­тығында мидай далада асай-мүсейін сүйреп, жол жамап жүрген жолшылар жұмысының ауырлығы мен азабын кім біліпті? Сол секілді вагон қараушылар, стан­са кезекшілері, вагон құрас­тырушылар, машинистер жүк және жолаушылар тасы­­малы­ның қауіпсіздік қозға­лысын қадағалап, тәулік бойы тыным­сыз тер төгіп жүрген жұмыс­шылардың еңбегі ересен.

Осындай құрыш білек мамандарды даярлайтын Жоғары көлік және коммуникация колледжі 1945 жылдың мамыр айында құрылған. Талай теміржолшы түлеп ұшқан, 80 жылдық тарихы бар оқу орда­сы­ның аумағына енген сәтте бізді дирек­тордың оқу-әдістемелік жұмы­сы бойынша орынбасары Гүлназ Сұл­танғазықызы қарсы ал­ды. Орын­басар ханым ойымызды оқып қойғандай, осындағы зерт­ха­на­лар мен кабинеттерді аралатып, ма­ман­дықтарды таныстыра бастады.

– Біздің колледжде жастар 14 ма­­мандық бойынша білім алады. Соның бесеуіне дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Яғни сабақтың 60 па­йызы кәсіпорында, 40 па­йы­­зы оқу орнында өтеді. 18 жас­қа толған студенттер 3-курс­тан бас­тап өндірістік тәжірибеде білі­мін шыңдап, 290 000 теңгеге дейін жалақы алуға мүмкіндігі бар. Яғни мұндағы барлық ма­ман­дыққа сұраныс жоғары. Тіпті көптеген компания үздік сту­денттерді таңдап, бірден жұ­мыс­қа шақырады. Кейбір маман­дықтарда бүкіл бір топты толы­ғы­мен жұмысқа қабылдайтын жағдай бар. Нақтылай айтатын болсақ, 2022 жылы – 78%, 2023 жылы – 80%, 2024 жылы 83,5% түлегіміз жұмысқа орналас­ты, – деп Г.Сұлтанғазықызы статистиканы ті­з­бе­лей бергенде, дуалды оқыту жүйесі нақты қандай ма­ман­дықтарға енгізілгенін сұрадық.

– Атап айтар болсақ, «Темір­жолдың жылжымалы тарт­қыш құрамын пайдалану, жөн­деу және техникалық қызмет көр­сету», «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы», «Темір­жол құрылысы және жол шаруашылығы», «Темір­жол көлігіндегі тасымалдау­ды ұйымдастыру және қозға­лысты басқару», сондай-ақ «Электрмен қамтамасыз ету» мамандықтарының студенттері тәжірибелік білімдерін өндірісте шыңдайды. Тағы бір астын сызып айтар дерек бар. «Теміржол көлігінің көтергіш-көлік, құры­лыс-жол машиналары мен меха­низмдерін техникалық пайдалану» деп аталатын мамандық еліміз бойынша біздің колледжде ғана оқытылады. Сол секілді, «Теміржол құрылысы, жол және жол шаруашылығы» мамандығы елі­міз­де тек екі колледжде бар. Ерекшелігі, бұл – теміржол сала­тын мамандық. Осы салаға сұра­ныс өте жоғары болғанымен қы­зы­­­ғатын балалар шамалы. Қар­жы­сы көп болса да, қара жұмыс деп қашқақтайды ғой көбісі, – деді ол.

Колледжде тек 3 жыл оқитын ма­­ман­­­­дықтар да бар екен. Бұлар – «Авто­­­­мобиль көлігінде тасы­мал­­­дау­ды ұйым­­дастыру және қоз­­­­ға­лысты бас­қару», «Жол қоз­ға­­­­лы­сын ұйым­дас­ты­ру», «Бағ­дар­­­ламалық қамта­масыз ету», «Ло­гис­­тика» және «Менедж­мент» ма­­­­ман­дықтары. Мінекей, айта бер­сек, колледждің осындай ерек­ше­лік­тері бар­шылық. Дирек­тор­дың оқу-әдіс­те­мелік жұмысы бо­йын­ша орынбасары темір­жол­шы деген мамандықтың сан-қырлы еке­нін таныстыра келіп, бізді «Элек­­троника және электр­лік машиналар» зертханасына бас­тап апарды.

 

Корпоративтік қордың көмегі орасан

Бөлмеге кірген сәтте алды­мыз­дан­ панель­дерге жалғанған сым­дар, қуат тарат­қыштар, бас­қару жүйе­лері, транс­фор­­ма­торлар мен қоз­ғалтқыштар көрінді. Мұнда студенттер локомотивтер мен вагон­­дардың электр жүйесін жөн­­деу, байланыс құралдарын бас­қару, сигнал беру жүйелерін ба­қы­­лау жұ­мыс­тарын үйреніп жатыр екен. Осы сәтте оқытушыдан оқ­­шау­­ла­нып, студенттерді сөзге тарттық.

– Ай сайын мемлекеттік стипендия аламыз. 5-ке оқысақ, 43 000 теңге, 4-ке оқысақ, 41 000 теңге шотымызға түсіп тұрады. Колледждің 213 орындық жатақ­ханасы бар. Ұлдар және қыздар жатақханасы бөлек орна­ласқан. Оқу орнынан қашық емес. Ай сайынғы төлем – 10 000 теңге. Орын тап­шы­лығы жоқ, кейде бос орындар артылып қалады. Өйткені көп студент өндірісте болады, – дейді 3-курс студенті Жексен Бекарыс.

Осы сәтте тағы бір студент «Ал біз 80 000 теңге шәкіртақы аламыз» деп саңқ етті. Бәріміз аңтарыла қарап қалдық. Көзіміздегі сұрақты ұққан соң қағілез қара бала сөзін жалғады.

– Аты-жөнім Бүркіт Ерасыл. Осы колледжге «Жарқын бола­шақ» бағдарламасымен түстім. Бұл жоба Жаңа­өзен қаласының оқушыларына арналған. Яғни біз үш жыл оқимыз. Ай сайын 80 000 теңге шәкіртақы аламыз. Жатақхана да тегін. Жол шығынын да жіберуші тарап көтереді», деді студент ағынан жарыла.

Кейін басшылықтан сұрап білдік. Атал­ған бағдарлама 2022 жылдан бері Жоғары көлік және коммуникация колледжінде жү­зеге асып келеді екен. Жоба алғаш басталған жылы небәрі 5 студент қабылданса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 83 оқушыға жеткен. Бағдарламаның жүзеге асырылуы «Bilim Foundation» корпо­ра­тивтік қорының қаржылан­ды­руымен жүргізіліп келеді. Ол тек оқушыларды сапалы білім­мен қамтамасыз етумен шектел­мей, нарықта сұранысқа ие маман­дық­тарды қамтып, өндірістік мекемелермен тығыз байланыс орнату арқылы түлектерді жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөледі.

 

Теория тәжірибеге ұштасады

Ендігі бағытымыз – Электр жабдық­тарының интерактивті бағдарламалық-ақпараттық ке­шені. Бұл атауы күрделі каби­нет­тің ішіне кірген бойда-ақ оның мәнін түсіне бастадық. Кең әрі жарық бөлмеде интерактивті тақталар, электр схемалары, зама­­науи басқару панель­дері, түр­лі құрылғының макет­тері ор­на­­­лас­қан. Мұнда студент­тер локо­мо­тивтердің, темір­жол стан­са­­ла­рын­дағы электр жаб­дық­та­ры­­ның, темір­жол инфрақұры­лы­мын­дағы қуат көздерінің жұмыс істеу қағидаттарын зерттейді.

– Бұл кабинет – біздің студенттер үшін теория мен тәжірибені ұш­тастыратын бірегей зертхана. Мұнда болашақ теміржолшылар электр тіз­­бектерін жинап, транс­­фор­матор­лар мен қозғалт­қыш­тардың жұмысын модель­дейді. Барлық үдеріс интерактивті түрде жүргізіледі, яғни студенттер бағ­­дар­ламалық ортада схемаларды құ­­рас­тырып, олардың нақты жұмыс іс­теуін бақылай алады. Қазіргі заманғы темір­жол саласында цифрлық технология­лар мен автоматтандыру үлкен рөл ат­қарады. Сондықтан бұл кабинеттегі білім мен дағдылар – болашақта жұ­мыс­қа орналас­қан кезде студенттердің негізгі қаруы болмақ, – дейді зертхана меңгерушісі Жамиля Есентаева.

Біз кабинетті аралап, студент­тер­дің жұмысына көз жүгіртіп жүр­генде, интер­активті экранда күр­делі электр сызбалары мен те­мір­­жол жабдықтарының жұмыс үде­рісі көрсетіліп жатты. Бір қа­ра­­­­ғанда, мұның барлығы тек инже­нер­­­лердің ғана қолынан келетіндей кө­рі­неді. Бірақ осында білім алып жат­­қан студенттер бұл жүйені толық меңгеріп, өздерін нағыз кәсі­би маман ретінде сезініп жүр­гені бай­қалды.

Осылайша, бізге заманауи­ теміржол жүйесінде электр және автоматтандыру саласының қан­шалықты маңызды екені айқын бо­ла түсті. Тек пойыз жүргізу емес, оның электр жүйесін реттеу, тоқ жүйелерін бақылау және авто­мат­тандырылған басқаруды игеру болашақ теміржолшылар үшін аса маңызды дағдылар екені сөзсіз.

Зертханадан шыққан соң бізді бастап жүрген директордың оқу-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасарына сұрақ қойдым.

– Жастардың жұмысшы ма­ман­дықтарға деген көзқарасы қандай? Жыл сайын қанша студент қабылдайсыздар? Оқу үдерісі қалай жүргізіледі?

– Колледжге жыл сайын 550 студент көлемінде қабылданады. Нақтырақ айтсақ, 2023 жылы – 554 студент, 2024 жылы 559 студент қабылданған. Жасы­ратыны жоқ, студенттердің көбісі әлеу­меттік жағ­дайы төмен отба­сы­лар­дан шыққан, сол себепті жұ­мыс­қа ерте араласуға ұмты­лады. Оқуға түскен көп­теген жас теміржолшы болғысы келеді, бірақ нақты мамандықтарды білмегендіктен, вагон жолсе­рігі болуға ұмтылады. Алайда жолсерік мамандығы колледжде оқытылмайды, бұл тек қосымша біліктілік курсы ретінде беріледі. Қызығы, темір­жол саласына түскен студенттердің бір бөлігі – осы салада жұмыс істейтін әке-шешесінің немесе туыстарының жолын жалғастырушы жастар. Олар бұл маман­дық­тың қыр-сы­рын жақсы біледі, саналы түрде таңдайды, – дейді ол.

Оқу үдерісіне келсек, бірінші курста студенттер негізінен мектеп бағдар­ла­масындағы пәндер­ді оқып, екінші семестрден бас­тап мамандыққа кіріспе жүргізі­леді екен. Осы кезеңде олар, қан­дай мекемелерде жұмыс істей алатынын біледі, мамандықтың ерек­­­шеліктерімен танысады. Ал екін­­ші курста олар оқу тәжіри­бесі кезінде мекемелердегі қағаз жұмыстарымен, компьютерде жасалатын есептермен танысады. Үшінші курста студенттердің көбі 18 жасқа толғаннан кейін нақты өндірістік тәжірибеден өте бастайды. Мысалы, 3-курстағы 11 студент Астана жол дистанциясында тәжірибеден өтіп әрі нақты жұмысқа орналасқан. Олар тәжірибеде жүріп, алғашқы айда 150 000 теңге, келесі айда 290 000 теңгеге дейін жалақы алған. Қазір бұл студенттердің жалпы табысы 400 000 теңгеге дейін жетіп отыр (жалақы + стипендия). Бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік, өйткені олар колледжде оқып жүріп-ақ тұрақты жалақы алып, өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Жұмыс істейтін студенттер теориялық сабақтарға қатысуы үшін арнайы оқу демалысы беріледі.

 

Біліктілікті көтерудегі кедергілер

Жұмысқа орналасу кезінде біршама қиындықтар да кезде­сетін көріне­ді. Кейбір мекемелер «колледжден келдің» деп мән бермей, түлектердің нақты қандай деңгейде білім алғанын ескермейді екен. «Колледж түлек­тері қолданбалы бакалавриат бағдарла­масы арқылы университетте білімін жалғастыра алады», деп айтылғанымен, нақты тетіктер толық іске аспаған. Мысалы, студент колледжден кейін университетке түскенде, оның оқу мерзімі қысқартылуға тиіс.

– Ол қайтадан бірінші курстан бастаса да, мектептен кейін келген студенттер сияқты таңнан кешке дейін оқуы шарт емес. Себебі білім алушы колледжде философия, психология сынды кейбір жалпы пәндер­ді оқыған. Сондықтан оларды қайта оқу – бекерге уақыт жоғалту емес пе? Соның салдарынан колледж түлектері Ресей университеттерін таңдап жатыр, – деді директордың оқу-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары Г.Сұлтанғазықызы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда өндірістен келетін арнайы пән оқытушыларын білім беру ұйы­мында тұрақты ұстау қиын. Себебі олардың жал­ақысы өндірістегі жал­ақы­мен салыстырғанда төмен­деу. Темір­жол саласындағы маман­дар­ды шақыру күрделі мәселе. Себебі ол салада қызмет ететін маман­дар 45–55 жас аралығында зейнетке шығады. Колледж бас­шы­лығы тәжіри­белі мамандарды оқы­ту­шы­лық қызметке тартуға тырысады. Бірақ олардың көпшілігі оқытушылыққа емес, өндірістегі жұмысқа оралуға бейім. Кейбір мамандар тәжі­рибелі, өз ісінің шебері болуы мүмкін, алайда өз білімін студенттерге түсінікті түрде жеткізе алмайды. Сабақ беру, түсіндіру және үйрету бөлек дағдыны талап етеді. Осыған байланысты колледжде кейде өте білікті өндірістік маман оқытушылыққа келгенімен, сабақ беру әдістемесін меңгере алмай жататын жағдай кездесетін көрінеді. Қысқасы, арна­йы пән оқытушыларын колледж­де тұрақты жұмыс істеуге ынталандыру үшін жалақыны көтеру, оқыту әдістерін үйрету және өнді­ріс­тен кадр тартудың тиімді жолда­рын қарастыру қажет. Бұл мәселе шешімін тапса, өндірістік тәжіри­бесі мол, сапалы мамандарды білім беру жүйесінде ұстап қалу оңайырақ болар еді.

– Айтпай кетуге болмайтын тағы бір мәселе «WorldSkills»-ке қа­­тысты. Бұл – жұмысшы маман­дық­­тарының білік­ті­­лігін анық­тауға арналған жарыс. Темір­жол саласы бойынша респуб­ли­­ка­лық деңгейде «WorldSkills» жарысы ұйым­дас­тырылмайды. Алайда біз аймақ­тық деңгейде өзіміздің бейімделген жарысымызды өткіземіз. Аймақтық жарыстарда жеңімпаз студенттерге ­50 000 – 100 000 теңге көлемін­­де сыйақы беріледі. Мұндай қол­дау балалардың ынтасын артты­рып, өз мамандығына деген қызы­ғушылығын оятады. Егер бұл ба­ғыт ресми түрде респуб­ликалық деңгейге көтеріліп, ха­лықара­лық стан­дарттарға бе­йім­делсе, студенттер өз­де­рінің білік­тілігін халықаралық деңгей­де сынауға мүмкіндік алар еді, – деді дирек­тор­дың оқу-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары.

 

Тобықтай түйін:

Теміржол мамандығы – тұрақ­ты жұмыспен қамтамасыз еті­ле­тін, жоғары жалақысы бар сала­ның бірі. Сол себепті жұмысшы маман­дықтарын жастар арасында таны­мал ету – басты міндет. Егер дұрыс насихат жұмысы жүргізіл­се, бұл салаға деген көзқарас та өзгере­ді, ал жастар жоғары жалақы алатын, тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар мамандықтарды таңдай бастайтыны сөзсіз.