Жұбан Молдағалиев – ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі. Оның шығармашылығы, өмір жолы туралы аңызға бергісіз әңгіме, естелік айтылып та, жазылып та келеді. Қазақ аман болса, әлі айтыла да, жазыла да бермек.
Жұбағаң сол кездегі Одақ қаламгерлерінің көбінің қолы жете бермеген лауазымды қызметтер атқарды. Биік мінберлерден сөйледі, жыр оқыды. Бір ғана «Мен қазақпын!» поэмасы ақынның атағын аспандатты, айдай әлемге жайды. Кеңестік жүйе кезінде бұлайша батыл жырлау арыстанның аузына барумен бірдей болатын. Ақын антына адал, халқына құрметті, қарапайым ғұмыр кешті. Туған жерін сүйді, бірақ жершілдікке, жерлестікке, руға бөлінген жоқ. Аталған өлеңде айтқандай:
«...Білмеймін бөлінуді, ру заңын,
Білемін бір Жайықта тұру заңын.
Ұлына Отан-Ана болса риза,
Мен оған өле-өлгенше ризамын!» –
деді содан.
Соншалық бай өмірбаяны бола тұра, Жұбан ақын өзі туралы том-томдап кітап жазып, мемуарлық дүние шығарып, уақыт кетірмеген адам. Бар ниеті халқына адал қызмет ету болды. Жастайынан жетімдік көріп, қиындық кешкен, бақытты балалығы болмаған, жалғыз анасының қанатының астында өскен ұл өмірдің ұлы жорығын бір ғана өлең-толғауға асқан шеберлікпен сыйғыза алған. Біз айтқалы отырған «Анкетама қосымша» өлеңіне ақынның бар ғұмыры сиып тұр деуге болады.
Биыл қазан айында Жұбан шайырдың туғанына 105 жыл толады. Дөңгелек дата болмаса да, ақынның атаулы күнін туған жері Ақжайық ауданы ауқымды іс-шаралармен атап өтуді жоспарлап отыр. Яғни ақынның атамекені үшін биыл «Жұбан жылы» деуге толық негіз бар деп есептеймін. Оған Жазушылар одағынан бастап, облыс, аудандардағы зиялы қауым, қаламгерлер атсалысса, құба-құп.
Туған топырағы ақынның әр жылғы мерейтойын өнегелі өткізіп келеді. Оның 80, 90, 100 жылдығына орай «Қазақтың Жұбаны» атты кітаптар жарық көрді. Бұл үрдіс амандық болса, алда да жалғасады деп ойлаймын.
Бүгінгі жас ұрпақ – еліміздің ертеңі. Олардың Жұбан ақын туралы терең білуі, мақтан етуі маңызды. Жас қауым Жұбан жырын жаттап өскені дұрыс. Ондай елжандылық қасиет дарыған өңірлер бар. Мысалы, Жымпитының кәрі-жасы Қадыр ақынның жырын кез келген ортада жатқа соғады. Мұқағалидың ауылы да солай. Бізге де осы үрдіс үлгі болса, кәне.
Дана Қадырдың өзі Жұбағаңның:
«...Асан боп туып қазақтар,
Өледі Асан қайғы боп...» –
деген егіз жолына таңғалумен өткенін өз аузынан естідік. «Апырай, осы ой маған қалай келмеді?» деген өкініш, тіпті қызғаныш та болды», деген еді Қадыр ақын. Осыдан-ақ Жұбанның арқалы ақын, жампоз жырау екені тайға таңба басқандай көрінеді.
Ақынның «Анкетама қосымша» өлеңінде бәрі бар. Тұтас бір дәуір бір өлеңге сиып кеткен. Бұл – ақын шеберлігі. Бұдан өзге қысқа да нұсқа өлеңмен жазылған өмірбаян көзімізге шалынған жоқ. Атышулы аштық жылы өмірге келген ұлдың «Ұлы жорығы» жырмен кестеленіп жүре береді. Анасы, жары, ұл-қызы туралы да бейнелеп, бағалап айтып өтеді. Әйтпесе ақынның аналарға арналған «Жесір тағдыры» атты кең құлашты, эпикалық поэмасы бар ғой. Бүгінде 95 жасқа толып отырған аяулы жары София туралы:
«...Жар да жоқ Софиямдай жер бетінде,
Жел болып бір тимеген ел бетіне.
Қуаныш, Қуандығын, Азаматын,
Ананың сусындатқан шербетіне!» – деп, бір-ақ шумақпен асыл жарының адамдық, аналық қасиетін танытып өтеді.
«...Үйлендік, үйлендік те тұра бердік,
Жоқ еді сынық ожау мұра дерлік...» – деп келетін жолдар болушы еді алдыңғы басылымдарда. Шамасы, қысқартуға түскен болуы керек. Туған жері Жыланды туралы да жылы шумақтармен баяндап өтеді. Бір сөзбен айтсақ, «Анкетама қосымша» атты ғұмырдариялық өлеңді түйсікпен түсініп, жадыға алып оқу керек. Оқылып жатса, тыңдау керек.
1990 жылы Жұбанның 70 жылдығы Қурайлысай ауылында республикалық дәрежеде аталып өтті. Сонда ауылдасы, майдандас досы, ақын, ғалым Сағынғали Сейітов «Жыландымен жүздескенде» атты өлеңін үлкен тебіреніспен көзіне жас алып тұрып оқып еді. Аз ғана үзінді келтіре кетейін:
«Біреулерге атың таңсық, Жыланды,
Біреулерге бесенеден ұнамды.
Бермен қара, бетіңді бұр, мен білсем,
Жылан емес, даңқыңды адам шығарды.
Өзіңде бір жылылық бар, Жыланды,
Өзіңде бір ұлылық бар, Жыланды.
Рахмет саған: тудың ақын ақиық,
Жаны жайсаң, жомарт жүрек Жұбанды.
Кешір мені! Кешіре гөр, Жыланды,
Мен қаншама болсам-дағы шыдамды,
Топырағыңа тиген шақта табаным,
Көзім мөлт-мөлт моншақ шықпен шыланды.
Шыланбады, ағыл-тегіл бұланды,
Серпе алмадым жанарымнан тұманды.
Кешір мені! Келе алмадым ертіп мен,
Дара дарын, дана ұлың Жұбанды!
Аз ба адамды опындырар шетін іс?
Өлеңтім-ау, сен де кешір: өтініш.
Жетпісіне жеткізе алмай Жұбанды,
Өзегімді өртеді ғой өкініш!»
Ақын осы өмірбаяндық өлеңінің басында жыраулық қиялына жол беріп, арманын айтады. Ас та төк той болғанын шалқыта жырлайды ғой. Сол қиялы, арманы сол кезде қиял болса да, бүгінде, шүкір, елі ардақтап, ақын атын асқақтата тойлап келе жатыр. Әлі де тойлай бермек. Қиын кезде Жыландыда болмаған той Жайығын жайлаған жайсаң елдің тойына айналғалы қашан.
Сағынтай БИСЕНҒАЛИЕВ,
ақын, Жазушылар одағының мүшесі