• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Басылым 06 Ақпан, 2025

Сабақтастық сарыны

110 рет
көрсетілді

Жақында К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде филология ғылымдарының докторы, «Еуразиялық ғылым және өнер хабаршысы» журналының ғылыми редакторы Риза Әлмұханның «Фольклор мен кәсіби өнердің сабақтастығы» атты жаңа монографиясының таныстырылымы өтті.

Астанадағы Өнер универ­си­­тетінде көп сала бо­йын­ша маман даярланады. Білім орда­сының осы ерекшелігін ескере отырып, фольклортанушы жаңа монографиясын пәнаралық байланысқа арнап жазған. Зерттеуде бейнелеу өнері, театр және кино туындыларындағы фольк­лорлық сюжеттер мен түсініктердің қолда­нысы талданған.

Зерттеу жұмысы университет­тің Ғылыми кеңе­сінде талқыланып, толықтай мақұлданған. Жаңа зерт­теуді таныстыруға арналған іс-шараны уни­вер­ситет ректорының міндетін атқарушы, өнер­тану кан­дидаты, профессор Р.Нұртаза ашып, автор­­дың ғылымдағы жолын атап өтті. Таныс­тыры­­лым барысында өнертану кандидаты, ЖАК қауым­­дастырылған про­фессоры, Қазақ ұлттық өнер уни­верситеті, өнертану кафедрасы­ның профес­соры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Мұқы­шева, өнертану кандидаты, ҚазҰӨУ профес­соры, Қазақстан Суретші­лер одағы­ның мүшесі А.Асыл­бекова, көркем­өнер факультетінің деканы, Қазақ­стан Суретшілер одағының мүшесі, ­Мә­де­ниет саласының үз­дігі А.Смағұлов, өнертану ка­фед­ра­сы­ның доценті, PhD, театр­танушы Н.Ес­­кендіров және кітапха­­на басшысы Ғ.Бөкей пікірлерін ортаға салды.

Кинотанушы Н.Мұқышева жаңа еңбектің құн­дылығы – пәнаралық байланысқа құрылғанына, қазақ фильм­дерімен қатар фольклорға қа­ты­сы бар ше­телдік туындылар да ғы­лыми талдауға алын­ға­нына, сонымен бірге өнер саласы бойынша білім бе­ре­­тін оқу орындарына қажет екеніне баса назар аударды.

Ал Суретшілер ода­ғы­ның мүшесі А.Асылбекова: – «Автор зерттеу жұмысында кес­кіндеме, графика, мүсін, сәндік-қол­данбалы өнер салаларын ескеріп, қазақ бейнелеу өнеріне еңбек сіңір­ген аға буын өкілдерінен бастап қазір­гі замандағы суретшілердің еңбек­теріндегі фольклормен байланысты қамтыған. Сол сияқты автор Ежелгі Грекия, Рим, Батыс, Шығыс фольклоры мен мифологиясын­дағы образдар мен символдардан мысалдар келтіре отырып, көпте­ген шетелдік және отан­дық фольклортанушы, өнертанушы ғалым­дар­дың еңбектерін зерттеп, олар­­­дың ой-пікірлерін де алға тарту арқы­лы салыс­тыра-салғасты­рып, оқыр­м­а­нын қызық­тыратыны сөзсіз. ­Осы тұр­ғы­дан алғанда, зерттеу жұмысы­нан көп құнды мағлұмат алуға болады», – деді.

Суретші А.Смағұлов: – «Қазақ фольклоры еліміздің қай өңірінде болсын, өзіндік нұсқасы қалып­тасқан неше ғасырлық тарихы бар бағытта­ры ауқымды өнер салаларынан құрал­ған. Сол бағыт­тардың бірі – бейнелеу өнері. Ежелгі тас дәуірінен саралап қарайтын болсақ, тас беттеріне бедерленіп салынған графикалық суреттердің жоғары деңгейде орын­далғанын көре аламыз, киіз үй, оның жабдықтары, қару-жарақ, зер­­герлік өнер, ағашты өңдеу, ат-әбзел саймандары, құл­пытастар, тағы да көптеген жәдігерлер оған куә. Риза Тасқынғалиқызының осындай үлкен еңбегі салт-дәстүрімізді ұлық­тап, фольклоры­мызды кәсіби деңгейде көрсетуіміздің бір жолын көр­сеткендей сезімде болдым. Осы бастама халық өнері мен бейнелеу өнеріндегі ұштастықты қаймағын бұзбай, болашағымызға жеткізіп, ұлттық деңгейде қалыптасады деп ойлаймын. Бұл монография өнер оқу орындарының студенттері мен магистранттарына, жалпы оқырманға беретін мәліметтері мол еңбек екеніне қуаныштымын, – деді.

Театртанушы Н.Ескендіров әріп­­тестерінің пікірлерін қолдай отырып: «Өнердің барлық саласының түп тамыры фольклорда, соңғы кез­­­де кейбір режиссерлер еркіндік екен деп, халықтық мұраны өрескел бұзу­­шылық орын алып жатқанын зерт­­теуші орынды көрсете білген», деп, ең­­бекте өнер тарихына қатысты көп мағ­­лұмат барын, талдаулардың жан-жақ­­тылығы және фольклорлық негіз­­ді оқытуда қажетті еңбек екенін айтты.

Пікір білдірушілер «Фольклор мен кәсіби өнердің сабақтастығы» атты монографияны білім беру үде­рісіне енгізу қажеттігін бірауыздан қол­дады.

Бұл іс-шараға тек оқытушылар ғана емес, студенттер, ма­гистранттар, докторанттар да қаты­сып, автордың оларға жаңа еңбегін сыйға тартуы тосын сый болды.

Кітапхана қызметкерлері зерт­теушінің ғылым­дағы еңбектерінен көрме ұйымдастырды.

 

Ақмарал БАЙҚУАТОВА,

К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті ғылым бөлімінің аға ғылыми қызметкері