Қоғамдық орындардағы кезек мәселесі – тек уақытты жоғалту ғана емес, сонымен қатар адам психологиясына әсер ететін құбылыс. Көптеген өңірде азаматтар ауруханаға, мемлекеттік мекемеге, тіпті базар мен дүкенге барған кезде ұзақ уақыт кезек күтуге мәжбүр болады. Әсіресе медициналық мекемелер мен мемлекеттік қызмет көрсету орындарында кезек күту қалыпты жағдайға айналған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, кейінгі жылдары елімізде жалпы медициналық қызмет көрсету сапасы біршама артқан. Дегенмен үлкен қалалардағы емханаларда емделушілердің көптігінен, қабылдау уақыты жиі бұзылып, ұзартылып отырады. Емханалар ай сайын орта есеппен 2 000-ға жуық қабылдау жасайды. Бірақ кей дәрігерге қаралу үшін 2-3 апта күтуге тура келеді. Бұл әсіресе шұғыл медициналық көмекке мұқтаж науқастарға қиындық туғызады.
«Электронды үкімет» жүйесі енгізілгелі біршама уақыт өтсе де, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) да кезек мәселесі әлі де өзекті. ХҚКО-да күніне 10 000-нан астам адамға қызмет көрсетіледі. Алайда қызмет көрсету мерзімінің созылып кетуі мен жұмыс уақытының шектеулі болуы көптеген тұрғынның орынды наразылығын тудырып жатады.
ХҚКО-да бір қызмет көрсетуге орташа есеппен 15–20 минут уақыт кетеді. Көпшілік тұрғындар алдын ала онлайн брондау мүмкіндігін пайдаланбайды, бұл кезек мәселесін шешу мүмкіндігін қиындатады. Қызметкерлердің тапшылығы, бюрократиялық рәсімдердің күрделілігі ұзақ кезек күтуге мәжбүр етеді. Қоғамдық орындардағы кезек мәселесін шешу мақсатында бірнеше жаңа технология қолданылып келеді.
ІТ маманы, fullstack бағдарламалаушы Әбдіхалық Алпамыс бұл жөнінде: «ХҚКО мобильді қосымшасы арқылы алдын ала орын брондауға болады. Жоба қызмет сапасын арттыруға, уақыт шығындайтын кезекті жоюға көмектеседі. Сонымен қатар көлік жүргізу куәлігін алу үшін тапсырылатын емтиханға алдын ала онлайн брондауға мүмкіндік бар. Электронды кезек жүйелері де тиімділігін көрсетіп отыр. Мысалы, жүк тасымалдау саласына енгізілген «CarGoRuqsat» жүйесі өткізу бекеттеріндегі кептелістерді азайтып, көлік ағынын оңтайландыруға бағытталған. Алматы қаласында Citix компаниясы қалалық инфрақұрылым жөніндегі деректерді жинап, жолдардың жағдайын, жол белгілерін, басқа да инфрақұрылым элементтерін бақылап, қызметтердің тиімділігін арттыруға көмектесетін Shark құрылғысын енгізіп жатыр», дейді.
Мобильді қосымшалар мен онлайн платформаларды қолданудың басты пайдасы: біріншіден, уақытты үнемдейді, қызметтерді онлайн алу, алдын ала брондау арқылы адамдар уақытын тиімді пайдалана алады; екіншіден, кезекті азайтады, қызмет көрсету орындарындағы жүктемені төмендетеді; үшіншіден, ақпаратты қолжетімді етеді, қызметтер туралы ақпаратты қалаған уақытта, кез келген жерде алу мүмкіндігі артады.
Ә.Алпамыс келешекте кезек күту жүйесін оңтайландыратын тың технология енгізуді ұсынады. «Жасанды интеллект негізіндегі болжау жүйелері қызмет көрсету орындарындағы жүктемені алдын ала болжап, ресурстарды тиімді бөлуге мүмкіндік береді. Блокчейн технологиясы кезекке тұру үдерісінің ашықтығын арттырып, деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Интернет мәліметтері (IoT) сенсорлар арқылы нақты уақыт режімінде деректер жинап, кезек күту уақытын қысқартуға көмектеседі. Сонымен қатар ХҚКО мен салық органдары сияқты орындарда арнайы бейнематериалдар жасап, онлайн кезекке қалай тұру керектігін көрсету қажет. Бұл өз кезегінде халықтың уақытын үнемдейді, кезек мәселесін шешуге көмектеседі».
Қоғамдық орындардағы кезек мәселесі әлеуметтік теңсіздікке де әкеп соғуы ықтимал. Кезекке тұру кезінде кейбір азаматтар «таныс-біліс» арқылы немесе ерекше мәртебесі бар адамдардың көмегімен кезектен аттап кетеді.Мысалы, ірі мегаполистерде бірқатар қоғамдық орында, әсіресе медициналық мекемелерде, «кезекке тұрудың арнайы ережелері» бар екені жиі айтылады. Мұндай жағдай қоғамда келеңсіздік пен әділетсіздік сезімін өршітеді.
Қоғамдық орындардағы кезек мәселесін тиімді шешуде барлық тараптардың ынтымақтастығы, сондай-ақ заманауи технологиялар мен жүйелер көптеп енгізілуі қажет. Ең бастысы, бұл мәселені шешу барысында халықтың қажеттіліктері мен әлеуметтік теңсіздікті ескеретін әділетті жүйе қалыптастыру керек.
Аяулым БАЙЖАНОВА,
Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті