Ақтөбе қаласындағы №56 орта мектепте «Тұрмыстық қалдықтарға екінші өмір сыйла» атты байқау өтті. Оған облыс орталығындағы елу екі мектептің 8-11 сыныптарынан 90 оқушы қатысып, қалдықтардан жасаған бұйымдарын көрмеге қойды.
Олардың арасынан пластик құтылар, резеңке материалдар, қағаз қиындылары, сынған ағаш-бұтақтар, киімдер мен мата қиындыларынан күнделікті тұрмысқа қолданылатын бұйымдар ерекшеленді. Соның ішінде пластик қалдықтарынан жасалған гүл салатын құмыра, қалың матадан тігілген асүй қолғаптары мен төсеніштер, жас өскіндерге арналған ұяшықтар, кіреберіске жайылатын резеңке төсеніштер жұрттың назарын аударды.
Оқушыларының туындыларын тамашалауға келген Ақтөбе қаласындағы №40 орта мектептің биология пәні мұғалімі Фарида Сүйін осы жобаның өміршеңдігін атап өтті. Біріншіден, қолданыстан шығып қалған бұйымдарды қайта кәдеге жарату арқылы бала бойында экологиялық мәдениет қалыптасады. Екіншіден, тігіншілік, қолөнершілік, ұсталық өнерді меңгеруге деген құлшыныс тудырады. Үшіншіден, тұрмыстық бұйымды қолдан жасау арқылы қаржы үнемдеуге болатынына көз жеткізеді. Бұл әрі тәрбие, әрі мамандыққа баулу, әрі шеберлікті ояту, әрі табиғатқа деген жанашырлықтың көрінісі. Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасы ең үздік креативті жобаларды атап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Ақтөбе облысы