Бірінші атом электр стансасын салу туралы шешім еліміздің энергетикалық саясатының жаңа кезеңін ашады. Бұл бастама – елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтудың және көмірқышқыл газын қысқарту жөніндегі мақсаттарға қол жеткізудің негізгі тетігі. Сондай-ақ стратегиялық бағыт ретінде атом энергетикасын дамытудағы Үкіметтің байыпты ниетін растайды.
Қазір екінші және үшінші атом электр стансаларын салуға болатын ықтимал алаңдарға талдау жүргізіліп жатыр. Бұл қадам елдің электр энергиясына өсіп келе жатқан қажеттілігін және энергиямен жабдықтау көздерін әртараптандыру қажеттілігін ескере отырып, дер кезінде қабылданған қажетті шара болып есептеледі. Ең бастысы тұрақты энергия көзі арқылы экономиканың қалыпты дамуын қамтамасыз етеді. Бұл істе біз дамыған елдердің жол алған бағытына қарап ұмтылуымыз керек.
Электр энергиясын өндіру әдісі жасыл әрі тұрақты. Еуропада 2030 жылға қарай электр энергиясына сұраныс 50%-ға артпақ. ЕО электр энергиясына деген сұранысты қалай арзан, сенімді, қауіпсіз әрі экологиялық таза түрде қанағаттандыра алады? Бұл сұраққа Еуропа елдерінің атом энергетикасын дамыту идеясына қайта оралып, бұрын жабылған атом электр стансаларын қайта іске қосу жұмыстарын күшейту фактісі жауап болмақ. Адамзаттың электр энергиясына деген қажеттілігін арзан, сенімді, қауіпсіз және қоршаған ортаға зиянсыз қанағаттандыратын энергияның бір ғана түрі бар. Ол – ядролық энергия. Мұны еуропалықтар әлдеқашан мойындап қойған.
Қаңтарда жарияланған Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) «Ядролық энергияның жаңа дәуіріне апаратын жол» баяндамасына сәйкес ядролық энергетика жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке және декарбонизацияға қол жеткізуде маңызды рөл атқарады.
Айдын Бақдолатов,
Климаттың өзгеруі орталығының директоры