• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Сұхбат 04 Ақпан, 2025

Әсел Әбен: «Жасыл экономика» табиғатпен үйлесімдікте жүзеге асады

150 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлем экономикасында болып жатқан тарифтік тартыстар мен санкциялық текетірестер қалыпты жағдайға айналғанын атап айтты. Президенттің сөзінше, бұл үдерістің салдары жойқын болуы мүмкін. «Климатқа байланысты ұстанымдар да үлкен өзгеріске ұшырайтын болды. Мұндай жағдайда «жасыл энергетиканы» дамыту тәсілдерін қайта қарауға тура келеді. Бір жағынан, дәстүрлі қуат көздеріне деген сұраныс сақталады. Екінші жағынан, бұл мұнай, газ және көмір бағасының тұрақсыздығына әкеп соқтырады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы орайда Президент жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбенмен әңгімелесудің орайы келді.

– «Жасыл экономиканың» әлеуеті қай деңгейде?

– «Жасыл экономика» – табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтатын, әлеуметтік әл-ауқатты жақсартатын және экологиялық тепе-теңдікті сақтауды мақсат ететін экономиканың моделі. Ол әртүрлі экологиялық таза технологияларды қамтиды. Олардың ішінде энергия тиімділігі, жаңартылатын энергия көздері, ауыл және құрылыс сала­ла­рындағы инновацияға қатысты тех­нологиялар бар. «Жасыл экономи­ка» осы технологияларды енгізу арқы­лы экологиялық тұрақтылыққа, эко­­­но­микалық дамуға қол жеткізуді көз­дейді.

– Елдегі «жасыл энергетика» үлесін қалай бағалайсыз?

– Жүргізілген заңнамалық рефор­малар нәтижесінде бізде жаңар­тылатын энергетиканың дамуы едәуір жеделдеді. Бүгінде жаңғыр­ма­лы энергия көздері (ЖЭК) өндірген электр энергиясы үлесінің тұрақты өсуі байқалады. Ірі су электр стансаларды есепке алмағанда, электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК үлесі 2023 жылы 5,82%-ды құрады. Өндірілген энергия көлемі – 6,6 млрд кВт/сағ. Айта кетейік, 2014 жылдан бастап ЖЭК белгіленген қуаты 16 еседен астам – 178 МВт-тан және 2023 жылдың қорытындысы бойынша 2 868 МВт-қа дейін өсті. 2030 жылға қарай елімізде электр энергиясын өндіру құрылымындағы ЖЭК үлесін 15%-ға дейін, ал 2050 жылға қарай басқа баламалы энергия көздерін ескере отырып, 50%-ға дейін ұлғайту жоспарланған.

– Тиімді бастамалар мемлекет тарапынан тиісті деңгейдегі қолдауға ие болып жатыр ма?

– Елімізде бұл бағытта заң­на­ма­лық, қаржылық, техноло­гиялық және ақпараттық шаралар жүзеге асырылып жатыр. 2013 жылы қабылданған «Жасыл экономикаға» көшу тұжы­рым­­дамасы – елдегі негізгі страте­гиялық құжат. Ол табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, экологиялық технологияларды енгізуге және жа­ңартылатын энергияны дамытуға бағытталған.

Қаржылық қолдау субсидия, салық жеңілдіктері және «жасыл» обли­­­гация­лар арқылы жүзеге асы­­рылады. Мемлекет жаңарты­ла­­тын энергия көздерін дамыту үшін жеңілдетілген тарифтер бел­гі­леп, шағын және орта бизнес­тің экологиялық жобаларын қолдау үшін арнайы қорлар мен гранттар ұсынады. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарына, ин­новациялық жобаларға және «жасыл технологияларды» дамытуға мемлекеттік қаржы бөлінеді. Жаңар­тылатын энергия көздерін дамы­ту мақсатында мемлекет 2030 жылға қарай энергияның 30%-ын жаңар­­­ты­латын көздерден алу міндетін қойып отыр.

– Жаһандық жылыну мәселесі дүниежүзін алаңдатып отыр. Осы тұрғыда «жасыл экономика» әлгі түйткілдің «жыртығын» жамай ала ма?

– «Жасыл экономика» технологиялары жаһандық жылынумен күресте шешуші рөл атқарады. Олар парниктік газдар эмиссиясын азай­туға, экожүйелерді қалпына келтіруге және табиғи ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Алайда бұл технологияларды тиім­ді пайдалану үшін жаһандық деңгейде саясатты үйлестіру, қаржылық қолдау және ғылыми инновацияларды қолжетімді ету қажет. Мысалы, экономиканың барлық негізгі секторында энергия сыйымдылығын төмендету және энергияны пайдалану тиімділігін арттыру арқылы еліміздің тұ­рақты дамуына қол жеткізу ма­қ­­са­­тында 2023–2029 жылдарға арнал­ған тұжырымдама бекітілді. Бұл стратегиялық құжат бес негізгі бағыт­ты қамтиды: өнеркәсіп, энергетика, ғимараттар, көлік және халық. Осы секторлардың әрқайсысы шең­бе­рінде энергия сыйымдылығын төмендетуге және энергияны пайдалану тиімділігін жақсартуға ба­ғыт­­талған нақты индикаторлар белгі­ленген. Энергия тиімділігін арт­тыру және инфрақұрылымды жаңғырту энергия тұтынуды айтар­лықтай төмендетуге және CO2 шыға­рындыларын азайтуға мүм­­кіндік береді. Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, органикалық ауыл шаруашылығы дәстүрлі ауыл шаруашылығымен салыстырғанда азот тыңайтқыштары мен пести­цид­терді пайдаланудан бас тарту арқылы өңделген аумақтың гек­тарына парниктік газ шығарын­ды­ларын кем дегенде 25%-ға азайтуы мүмкін. Сондай-ақ топырақта көмірқышқыл газын ұстап тұру үшін атмосферада сіңіретін қарашіріктің жиналуына байланысты топырақ 10% көбірек СО2 сіңіреді.

–Алматыда «жасыл экономи­каға» көшу шараларының негізгі бағыт­тары қалай жүзеге асып жатыр?

– Қалада экологиялық көлікке көшу, жасыл аймақтарды кеңейту, энер­гия тиімділігін арттыру және қалдықтарды қайта өңдеу сияқты маңызды бастамалар қолға алынған. Дегенмен экологиялық мәселелерді толық шешу үшін бастамаларды белсенді жалғастыру және оған халықтың ұдайы қатысуы да маңыз­ды. Нақты жобаларды айтсақ, Ал­маты­ның жеке тұрғын үйлері бір­тіндеп көмірден газға көшіріліп жатыр. Мысалы, Наурызбай ауданы мен Алатау ауданындағы бірқатар үй осы жобаға қосылды. Бұл жылыту кезінде шығатын зиянды газдарды айтарлықтай азайтуға көмек­теседі.

Қаланың орталық жылу жүйе­ле­ріндегі ескі көмір қазандық­тары газға ауыстырылды. ЖЭО-2 көмірден газға көшу жобасын бастады. Жоба аяқталса, жылу электр орталығы арқылы қалада зиянды заттардың бөлінуін 37,3 тоннадан 2,7 тоннаға дейін азайтуға болады. Жоба 2026 жылы аяқталады. Сонымен қатар көшелерді жарық­тан­дыру жүйесі энергия үнемдейтін шамдарға ауыс­тырылды. Бұл электр энергиясын 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік берді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»