• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Пікір 01 Ақпан, 2025

Экономикаға инвестиция қажет

41 рет
көрсетілді

Еліміз экономикалық даму үдерісінде оң мен сол соқпақтың бірін таңдауға тиіс жолайырыққа келіп тірелді. Бәрібір ауыр таң­дау жасау керектігін кейінгі 2–3 жылда айқын сезе баста­дық. Мемлекет басшысы да, сарапшылар да Үкіметтен батыл шешімдер мен шаралар талап етіп отыр. Кеңейтілген отырыста біздің енді қалай жүретініміз айқындалды.Ол жаңа қоғамдық келісімнің негізін құрайды деп айта аламыз.

Әрі қарай өте қарапайым түсіндіруге тура келеді. Қазіргі қалпымызбен жүре беруге болмайды. Себебі аз уақытта Грекия сияқты бюджеттік дағдарысқа шалдығамыз. Артынан инвести­циялар кетіп, өндірістер жабыла­ды да, жаппай жұмыссыздық белең алады. Неге? Түрлі салық­тық режімдер, басқа да жеңілдіктер аясында бюджетке салық жиналмайтын болған. Былтыр жиналғаны – 12,3 триллион теңге. Оның ішін­де қосылған құн салығы мүлде жұмыс істемеді. Ал дәл осы кезде бюджет шығындары 26 триллион теңгені құраған. Басым бөлігі – әлеуметтік шығындар. Егер оған тиісіп, қысқартатын болсақ, онда зейнет­ақы, шәкіртақы, бюджет қыз­мет­керлерінің жалақысын кесу қажет деген сөз. Сондықтан шығындарды кеспей, кірістерді арттыру моделі дұрыс деп танылды.

Үкімет сарапшылармен кеңесе отырып, фискалды режімді, оның ішінде қосылған құн салы­ғы режімін қатаңдатуды ұсынып отыр. ҚҚС 12-ден 20 пайызға артып, оған іліну шегі 15 миллион теңгеге төмендетілсе деген ұсыныс айтылды. Әрине, бұл нақты параметрлер емес, Парламент пен кәсіпкерлер палатасы­мен келіссөздер барысында осы­ның келісімді шешімі қабыл­данатыны анық. Біраз саудаласудан кейін ҚҚС 18 пайызға, іліну шегі 30 миллион теңге шамасында бекі­тілуі де мүмкін. Бұл бюджетке қосым­ша 6–7 триллион теңге әке­леді. Өтемақы ретінде жұмыс беру­шінің міндетті зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік салықты алып тас­тау идеясы көтерілді. Демек жал­ақы алып жүргендердің айлығы өседі.

Халық үшін не өзгереді? Тауар­лардың бағасы ҚҚС-ның өсуі­не пропорционалды қымбаттай­­ды. ҚҚС-нан кәсіпкерлер көп зардап шекпейді, себебі олар айыр­машылықты бағаға қоса салады. Жалақы алатын халықтың айлығы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік салықтың жойылуы есебінен өседі. Бұл айлық төлеп отырған кәсіпкерлерге де тиімді. Себебі еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеме шамамен 40 пайызды құрап келді.

Қымбатшылық тауар саты­лы­мының қысқаруына әкеледі. Осының ішіндегі көп тауар импорт болып шықса, онда эконо­микаға жаман емес. Нарықтағы айналымның қысқаруы ең алдымен инфляцияның бәсеңдеуіне себеп болады және біздің импорт/экспорт теңгерімінде профицитті ұстап отырады. Егер бюджеттің кіріс­і шығысына дең­гей­лес бола алса, онда Ұлттық қор қаржысын күнделікті ішіп-жемімізге пайдаланудан құтылып, оны экономикамызды өркендететін әлеуеті бар үлкен жобаларға бағыттай аламыз. Біз қазір тапқанымызды қазір жеп отырмыз және дамуға мүлде ақша қалмай отыр. Ал дамуға инвестиция құймайтын елдің ертеңгі жағдайы қиын.

Бұған Мемлекет басшысы  үлкен басымдық берді. Шыны керек, қатаң салық режімінде халық болып 1–2 жыл қиналамыз. Біз қиналып жатқанда мемлекеттік қаржы, бюджет жүйесі оңалып, өзін реттеп алады. Одан кейін, егер осы реформаларды ойдағыдай іске асыра алсақ, өмір сүру жеңіл болмақ. Басқа жол жоқ.

ҚҚС ішкі нарықта сатылатын тауарлар мен қызметтерге салынады. ҚҚС есебінде тұрған кәсіпкерлер оны ішкі нарықта өзі сататын бағаға бұрыннан бері қосады және оның қазіргі мөлшерлемесі – 12%. Тауардың өзіндік құны мен кәсіпкер маржасына қосылады. Кәсіпкер сататын тауарын көтерме 5 мың теңгеге сатып алды дейік. Үстіне 2 мың пайдасын қосты. 7 мың теңге. ҚҚС 12% қосты. 7 840 теңге ақырғы бағамен сатты. Енді ҚҚС 20% болды дейік. Онда баға 8 400 теңге болады. Кәсіпкер ұтылмайды. Тауар бағасы осы тауарды алатын адам үшін қымбаттайды.

Жалпы, қосылған құн салығын әлемнің 137 елі қолданады. Көпте­ген елде бұл – бюджетті толтыру­дың негізгі әдісі. Қазақстан қазір ҚҚС рейтингінде 70-орында. Біз ҚҚС төмен елдер санатындамыз, бірақ әлеуметтік жүктемеміз өте көп. Мұндай әлеуметтік жүк­теме­мен ҚҚС көп болуы керек немесе ҚҚС 12 пайызда қалса, онда әлеуметтік шығындарды кемі 6 трил­лион теңгеге қысқарту керек. Зейнет­керлер мен студенттердің, бюджет қызметкерлерінің табысын кесуге мемлекеттің қолы бара алмады.

 

Айбар Олжаев,

сарапшы