• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Тағзым 01 Ақпан, 2025

Мағауияның бәйтерегі

477 рет
көрсетілді

Тумыс-тағдыры тұрғысынан ғажап, ал шығармашылығы тұр­ғы­сынан азапты да ғажап фәнилік ғұмыр кешкен, әр шығар­ма­сы арқылы ұлт рухты жұртын сүйіндіріп, құл құлықты қор­қау да кекшіл топты күйіндіріп, мысымен басқан, алғашқы импе­риялық өктемдіктің тосқауылы мен солардың можантопай, тоң­мойын батыраштарының тосқауылына бетпе-бет келгеннен бастап, жиыр­ма жасында өзіне: «Мен ұлы қағанаттың ер ұлы, «ел қамын жеген Едігенің» тұқымымын, жасымаймын. Менің мемлекетім – Алтын орда, менің астанам – Сарайшық. Қ­а­ға­нат­тың қалпына келетін күні туады. Мен соның шетін кө­ру­­ге­ тиістімін. Сол үшін ештеңеден қаймықпаймын!», деген сенім­ді сертке ұста­ған, көз жұмарының алдында батыс өңір­дегі сызық­тан сырт қалған қазақ­тар­дың санын есептеп: «Үш жүз мыңға тарта екен. Демек, Алтын орданың шетін уығы шаңырағына шаншылатын заман сөзсіз туады», деп рух­тан­ған Мұхтар Мұқан­ұлы Мағауиннен де көз жазып, көңіл суытып алдық.

Етене танысып, қолтығына кіріп, өзімси араласқан елу бес жылдың сартабы бетке шығып, ойыңды сапырылыстырып тұрған осынау шақта, жанарының ұшығы мен жан жылуын сезіне отырып, тіршіліктегі бар тағдырлы тартыстарын ысырып қо­йып, оның – Мұхтар Мағауиннің, сирек кездесетін мінезі мен құбылысты тұлғасы қалай қалыптасты, қандай ортадан шық­ты, жазушылық қасиет қалай бітті? деген сұрақтарға жауап беретін ертеректе қағазға түскен жазбамды пайдалана отырып, жалпы халайыққа беймағлұм өмірінен мағлұмат беруді мақсат еттім. Бұл деректер оның шығармашылық өміріне ықыласты қауымның қажетін өтей алады – деп сенемін. Сонымен...

Бұрын айтуға ерсі көрінгенімен, оның тұла бойына жарасып өткен Тұлғалық тумысы бөлек еді. Енді Мұхтар Мағауиннің бұл болмысын жасырудың еш қисыны жоқ және сол сөзді еститін кемел жасқа, мағыналы мөлшерге жетіп, «Алаш ұранды әлеуметінің» қабырғасын қайыстыра салмағын салып, «мәңгілік кең көк аспанға» (Абай) рух болып ұшты да кетті. Шығармашылығын – зерттеу­ге, талдауға, әртүрлі өлшемдер мен көз­қарастардың екшеуіне салуға болар, бірақ, енді оны қазақ руханиятының кеңістігінен, көркем уақытынан, таным тарихатынан, қазақ қоғамының болмысынан ешқашанда алып тастай алмайсың. Өйткені ол өзі­нің әу бастағы қанына, тәніне, жанына сіңірген қасиеттердің барлығын сыртына шығарып үлгерді және шығармасы арқылы соны танып білуге мүмкіндік берді. Көркем ойлау жүйесімен, таным болмысымен, баяндау мәнерімен, Алаш рухты қоғамдық көзқарасымен, арынды мінезімен, мінезді пайымдауларымен қазақ ұлтының табиғи болмысымен сіңісіп, киелі құбылысына айналып кетті.

Ол өмірге де, әдебиетке де, ғылымға да, сондай бір алаңсыз және асқақ сеніммен қадам басты. Жасқанған да жоқ, жасыған да жоқ және тік көтерген кеудесін керіп тастап, кербез мақтанмен сөз өнерінің есігін ашты. Өмірдегі өнері де, өнер­дегі өмірі де соған лайық жағдай жасады. Еркелеп, еркін де батыл және сондай бір қайтпас қайсарлықпен, сеніммен, алым­дылықпен қадамын қарыштай аттады. Соған орай білімді де, білікті де, ұлттық рухты да бойына қаныға сіңіріп өсті. Сол мақсаты жолын­да қаймықпастан қасқая алға сүй­рей­тін биязыға тән өжет мінезге де ие бол­д­ы. Бар болмысын баршаның алдында ашық ұстады. Соған орай сәттілік те оның жанынан табылып, қолтығынан демеп отырды.

Себебі Мұхтар Мағауин өзі туралы ешқашанда: жетіммін, жетіспедім, жарлының жалғызымын, білімге кеш сусындадым, қиын балалық кештім, қала­дан алыс өсіп, оқуым кенже қалды, қазақ­тың салт-дәстүрі мен саятын, салбурынын кейін көрдім, атамыз сауатсыз болған екен, сөздің қасиетін кейін мектепке барғанда түсіндім, Алаштың азаттық идеясы, қазақтың хандық мемлекеті уни­верситеттегі ұстаздарымның арқа­сында мәлім болды – деген жоқ және олай деп айта да алмайтын. Оның өз тұс­тас­тарынан артықшылығы және «сенен» гөрі «мені» басым болғаны да, сол тумысынан біткен түгелдікте жатыр. Ол – өзін-өзі жаратып, өзін-өзі үнемі бабында ұстайтын, өзін-өзі демей көтермелейтін Мағауия атбегі жаратқан сылаң жүйрік Нарқызыл сияқты өмірдің емшегін арда еміп өсті. Бұл – мақтаныш та, мадақ та емес, Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің өміріне қатысты кәдімгі қарапайым ғана шындық. Және сол «менін» өзінің «Меніне» (роман-эссе) жалғастыру арқылы қорытындылап та берді.

Мен Мұхтар Мағауиннен бұрын Мағауия ақсақалды көрдім, ал Мағауия ақсақалдан бұрын елуінші жылдардың соңында, алпысыншы жылдардың басында исі Қазақстанды таңдандырған Нарқызыл бәйгенің атын естідім. Аңызға айналған қайран Нарқызылдың бағын байлаған, сөйтіп, өзінің бағын жандыруы үшін оның табанына құмшеге қағып жіберген біздің ауданның сойқанын да білетінмін. Мұны естігенде бүкіл Абай ауылы бір шіміркеніп қалып еді. Келер жазда әкем маған бәсіре тай таңдамақ болып Құр, Тай, Көксеңгір, Жәнібек жазығындағы жылқының үйірін аралады. Дөненді құнанға, құнанды тайға айырбастап, ақырында бір құла тайды жетектеп қайтты. Сөйтсем, аяғын сылтып басатын Нарқызылды бір көріп қайту үшін жылқышылардың қосына келген атбегі, саятшы Мағауия дегдар әкем Құдакелдіге: «Жалғыз ұлыңа ат таң­дай келіпсің. Ертең бір жаққа шыға қалса, қопаңдап отырмас үшін мына құла тайды ал. Бұтының астынан адам өтіп жатса қозғалмайтын, жүрістен де жаңылмайтын, нағыз мініс аты болады. Менің де жалғызым Алматыда. Бұл жай маған таныс», депті. Расында да, Құлатай сондай аяңшыл, мінісшіл, жуас ат болып өсті. Жүрісі де жайлы, өрістен жүгенсіз қақпаймен мініп келетін басбілгі болды. Кейін оның бұл мінезін көрген Нығымет ақсақал мен Борбас сияқты жыл­қышылар: «Бұл тайға Мағауия бап­кердің көзі түсіп еді», деп қимастық танытып жүрді. Алғашқы тырнақалды өлеңім де осы Құлатайға арналды. Бірақ кейін Нарқызылдың кебін құшты. Содан бастап Мағауия ақсақалдың аты шықса елеңдеп қалушы едім. Өмір бойы тазы мен бәйге ұстап, қиянда шет жайлаған, саяқ өскен адам. Шыңғыстың сыртынан табан аудырмаған зиялы дегдардың бірі.

Ал Шыңғыстың сырты – Сарыарқа­ның басы, Арқаның ең биік шоқысы Ақсо­раң­мен қапталдасып жатады. Қазір­дің өзінде құс пен аңнан өзге тіршілік иесі қыстамайтын құла дүз. Мағауия ақсақалды әлгі құла тайды басыртқы жасап жүргенде сыртынан көрдім. Жылқы­шылардың қосына сыпайылап келіп, сыпайы қалпында аттанып кетті. Сол Мағауияның немересі: бүкіл Қазақстанды аузына қаратқан ғалым, ұлтшыл жігіт, менен бір класс жоғары оқыған Дәменнің туған жездесі – деген сөзді күзде мектепке келгенде естідім. «Жұлдыздың» тігіндісін ақтарып отырып, «Кешқұрым» атты әңгімесін оқыдым. Ақын Төлеужан Ысмайыловтан жөн-жобасын ұғынып, тия­нақтап оқуға тырыстым. Газет-жур­налға шыққан жыраулар туралы мақа­ла­сының қиындылары әлі де тартпамда сақ­таулы. Кейін «Қобыз сарыны» қолға түсті. Одан соң «Тазының өлімі» хикаясы журналда жарияланды. Әңгімелері үр­діс шыға бастады. Маған «Әйел махаб­ба­ты», «Жаңылысу», «Күтпеген кездесу», «Ватерлоо өткелі» мен «Қияндағы қыс­тау», «Шаңқа» әңгімесі ерекше ұнап еді.

Алматыға алғаш келген жылы Мұхтар­­ Маға­­уин­нің жұлдызы жарқырап, атағы ша­рық­тап, бағы шалықтап тұр екен. Жұрт оны айтып тамсанады. Біз қысы­ла­мыз. Пәтерлес егде жігіт ағамызға бар­ған-бармағанымды күнде сұрап, бар­сақ сөзсіз оқуға түсетініме сендіріп, тай­сақ­та­ға­нымды ездікке санап жүрді. Төлеуғали Бозаев деген сыныптасым Қажытай Ілиясты таниды екен. Сол кісіні қара тартып екеуміз одаққа бардық. Әркімге таңырқай қараймыз. Шырамытамыз. Бір кезде Мағауин де көрінді. Үрдің үстіне ілінетін киімді мырзалықпен, таза киетін сырбаздың өзі екен. Тәкаппар да сияқты. Сияқты да емес. Бірақ соған пара-пар. Берген сәлемімізге басын изеп өте шықты. Мен жанарына қарап, өзім шырамытатын Мағауия дегдармен ұқсастық іздедім. Қиығының қылт еткен шалығы ұқсайды... Біз сол көзінің шалығын малданып қала бердік. Келесі жылы оқуға түсіп, дәріс тыңдап, одақтың да табалдырығын еркін аттай бастадық. Бір күні Мағауияның Нарқызылына мініп бәйгеге шапқан Несіпбек Айт: «Мұхтар менің ағам. Жүр, кіріп шығайық», деді.

Онда Мұхтар Мағауиннің жан оты да, бақыты да, атағы да өрлеп тұрған шағы. Болмысына қатты қызықтым. Кесіп, тіліп, Алашты аузына ала сөйлейтін қияқ мұртты жігіттің білмейтіні жоқ екен. «Біз үшінші курсқа көшкенде қайталап сабақ берген профессорымыз – Флобер мен Мопассанды аңыз етіп тағы да айта жөнелді. Ал мен ол кезде сол профессордың өзін оқытатын білімге ие едім», деп жағасын көтеріп бір желпініп қойды. Мағжанды аузына алды. Менің де ол кісінің есіміне құлағдар екенімді аңғар­ғанда басын изеп қойды да әңгімені басқаға аударып әкетті. «Е, осал тұсы осы екен ғой», деген ой келді. Содан қалайда: Мағауин білгенді білуге тиіспін, оның жыраулар туралы зерттеуінің өтеуін Алаш ардагерлерін білу арқылы теңестіре­­мін. Әр әңгімесіне жауап ретінде әңгіме, не өлең жазамын. Архивті ақтарамын – деп шештім.

Бұл ниетімді ұстазым, өзіміз «Ақ бас бура» атап кеткен профессор Қайыржан Бекхожиннің көмегімен жүзеге асырдым. Ұлттық кітапхананың сирек және арнайы қорындағы «Алашорда» мүшелері­нің барлық шығармасын оқып шыққан соң тағы да Несіпбекпен бірге Мұхтар Мағауинге барып: біз де бірдеңе білеміз – дегендей сыңай таныттым. Ол маған мүлде тылсым біраз нәрсені төкпелеп келе жатты да кілт тоқтай қалды. «Солай бала» – дегендей саусағымен столды шертті. Рас, білімім кенже екен. Содан әлгі «мәлімдемемді» сексенінші жылдардың басы-аяғында және тоқ­са­ныншы жылы тағы қайталадым. Ал тоқ­сан үшінші жылы М.Мағауиннің «Архив хикаясындағы» кейіпкері болып шық­қа­нымды өзіне ашық мойындауға тура келді.

Бозбала кезімнен Мұхтар Мағауинмен білім бәсекесіне түсіп, отыз жыл бойғы бақылаудан түйгендерім мынау.

Сонау арғы атасы – Жастабаннан бастап Мұхтар Мұқанұлының өзіне дейінгі тұқым-тұяғының тағдыры мен талант табиғатының тоғысын саралайтын болсақ, онда бұл тұқымнан қазақтың сөзін ұстайтын бір перзент қалайда шығуға тиісті екен. Өйткені «текті» деген ұғымның өзі қисынды-қисынсыз айтыла салған тіркес емес қой. Ұрпақ­тан-ұрпаққа сүзіліп келген сол қасиет киелі Мағауия дегдардың мәпелеуімен немересі Мұхтарға қонды. Ғылыми тілмен айтсақ, жоғарыдағы өнер адамдарын қасиеттендірген сегіз шартты атасы кіші Мұхтардың бойына ана сүтімен, ата тәрбиесімен қоса сіңірді. Сондай тәрбиені алған Мұхтар Мұқанұлының «Мұхтар Мағауин» болудан басқа жолы да қалмаған сияқты көрінеді маған.

 Шығармашылық көркем әлемнің қалыптасуына себепкер ең басты шарттың бірі – талант иесінің жөргегінен бастап ту­ған жерімен психологиялық тұрғыдан та­мыр­ласа білуіне байланысты екен. Себебі: пси­хологтердің зерттеуінше, әрбір өнер иесі өзінің бесікте жатқан кезіндегі табиғат құ­бы­лыстарын шығармаларын­да жиі су­рет­теуге құштар болады екен. Демек Фрейд­ті жиырма жасында жасырын оқы­ған Мұхтар Мағауиннің қазақ хандығы мен жы­раулар тұсындағы ер­кін­­дік рухы оның аң­­са­рына айналуы заңды. Оған дәлел – Мұх­­тар­­дың кіндігі кесілген Көпбейіттің (ха­лық аузында Көк­өзек, Көктүбек деп те ата­­ла­ды) қазақ тари­хын­дағы рухани ор­ны.

Бірінші: бұл Көктүбек – Шалкиіз бен Ақтанберді өмір сүрген ғасырдағы тылсым қалпын сақтаған. Дәл қазір де ол арадан өркениеттің белгісін әрең табасыз. Шыңғыс тауының сырт күнгейінен: таңғы мұнарда шығыстан – Тарбағатайдың, оңтүстіктен – Жоңғар Алатауының, кешкі қызыл шапақта батыстан – Ақсораң мен Ұлытаудың, солтүстіктен – Балқантау мен Қар­­қаралының самалы есетін және сұл­­басы рауандап қылаң беретін атойлы жон. Төрт құбыланы түгендеп отыратын осы жонға Абылайдың ордасы тігіліп, саға­насы салынған. Оның іздері сексенінші жылдардың аяғына дейін сақталып келді. Ал Бақтыдан басталып, сонау Қызыл­жар­ға тірелетін Көктүбектің жанынан өтетін «Хан жолының» («Абылай жолы» деп те аталады) қос табаны әлі де сайрап жатыр.

Хан жолының бойынан, хан ордасы­ның іргесінен қоныс алған Құрымбай би Құнанбаймен табақтас, Абаймен жағаттас болды. Сондықтан да Алаштың – Алаш кезіндегі жыраулар мен хандардың ке­лесі туралы әпсаналар Мұхтарға тумы­сынан таныс. Хан ордасын атақонысы еткен ұлан қазақтың толысқан мемлекет болғандығын, бодандыққа түскен ұлт­тың кіріптарлығын және бостандық тура­лы аңсардың ұлы сағынышын уызынан сіңіріп, әлдимен қоса емді. Рухы ер, тектік сенімі мықты, «хан ұлының несі жоқ, би ұлынан несі кем» деген азат оймен есейді.

Өзгені былай қойғанда, хан ордасының жұртында, хан жолының бойында, қара шалды қарашаңырақта туған Мұхтардың жыраулар әлемін тірілтуі – перзенттік аманатқа алған парызы еді.

Екінші, ол Абайдың жамбасы тиген, ақындық рухын оятқан топы­рақтың тура өзінде дүниеге келді. Ұлы ақын 1886 жылы Құрымбай­дың рұқсатымен Көпбейітті бір жаз жай­лап шығады. Сол Көпбейітке кел­генде ақындық арқасы ұстап, атақты:

«Жазды күн шілде болғанда,

Көкорай, шалғын, бәйшешек,

Ұзара жетіп толғанда», –

деп басталатын өлеңін жазады және сол­ күн­нен бастап өз өлеңіне өзі ие бо­ла­­ды.

Сөйтіп, «сөз түзеледі». Абайдың ба­­та­­­­­сын алған Құрымбай ұл сүйеді. Атын ақынның сүйікті ұлының есіміне орай­­ластырып Мағауия деп қояды. 1904 жылы Абай Көпбейіттен тура 28 ша­қы­рым жердегі Балашақпақта дү­ние­­ден қайт­қанда 15 жастағы Мағауия бауы­­рым­дап барып көрісіп, көңіл айтқан. Сол жыл­дан бастап дүниеден баз кешкен Шәке­рім Шақпаққа тошала (саятқора) сал­­дырып, Шыңғыстың сыртында жалғыз ме­­кен­­дейді. Бақыршысына кілең керей жігіт­­терін ұстаған Шәкерімнің аң қарай шы­ғып қонал­қаға түсетін жалғыз қыстауы да сол Көп­бейіт­тегі Құрымбайдың қыс­тауы.

Дағанды (Көкөзек) елінің төрінде, атақты Жәнібек жазығының құйқалы қорығында отырған Мағауияның бойын­дағы саятшылық пен атбегілік, мырзалық, кірпияздық, қысқа да ойлы сөз сөйлеу мәнері Шәкерім ғұламаның қасында көп жүргендіктен де оған жұғысты болса керек. Алаш-Алаш болғаннан бастап Абайға дейінгі тарихты Шәкерім қажыдан көкірегіне тоқып өсті. Заманның сырын ерте түсінді. Оған себеп: «Алашорданың» төбе биі болған Шәкерім мен «Алаш» партиясының атқару комитетінің мүшесі Тұрағұл Абайұлының аулына 1919-1920 жылдары Әлихан Бөкейхан мен Мір­жа­қып­ Дулатұлының келіп қоныс тебуі. Мұхтар Әуезов пен Кәмила Мағауия­­қызының тойы сол Бақанаста өтті.

Мағауия ақсақал қазақ көсемдерінің келесінің ішінде жүрді. Сырын алдырмас үшін қалың ел қоныстанған сартап жұрттан бойын аулақ ұстады. Абай айтқандай, «қызыл желді уыстайтын» Бегеш шешен мен Уәйіс әншінің қасиеті дарыған Мағауия жалғыз ұлы Мұқанды заманына сайлап оқытты. Ұлы әскерге алынып, соңынан «халық жауы» болып кеткенде, көкіректегі барлық арманды немересі Мұхтарға сарқа айтты, көкірегіне құйды. Төрт атадан бері жалғыз ұлмен жалғасып келе жатқан үрімнің ұшы Мұхтар Әуезовтің құрметіне орай атын қойған немересі Мұхтардың «тілекпен туған» бала болатындығы да сондықтан.

Өзге құрбылары оныншы класта оқыған «Абай» романын Мұхтар атасына дауыстап оқып беріп жүріп баста­уыш класты тауысты. Жыр мен қиссаны жаттап өсті. Соны түйсінетін зерде берді. «Жалғыз ұлы бардың шығар – шық­пас жаны бар» – дегізбеді. Атасын да, әке­сін де, өзін де, «Мен бармын» – деген сеніммен еңселі етті. Қазақтар мұндай тәрбие алған адамды: «Іштен оқып туған» – дейді. Оның өз қатарластарынан білім-ғылым жөнінен ілгері тұрғандығы – сол Мағауия дегдардың арқасы.

Міне, осы үш тылсымды табиғи негіз – хан ордасының, Абай мен Шәкерім­нің, «Алашорда» мемлекетінің рухы – Мұхтар­дың ішкі рухани әлемін қалып­тастыр­ды. Ал ұлы ақындардың тәлімін алған Мағауия дегдарсыз, Мұхтар­дың да, жалпы қазақ елінің де рухына бір қасиет жетпей қалатындай сияқты көрі­неді маған. Сондықтан мақа­ланың атын­ «Ма­ғауия бәйтерегі» деп атауды жөн сана­дым. Өйткені жазушы Мұхтар Маға­уин­нің көкірегіне «Қобыз сары­ны­ның» үнін құйған, «Алдаспан» жырау­лар­­ға аң­сарын оятқан, «Тазының өлімі» мен «Шаһан шерді» қиялына сіңір­ген, «Ала­сапырандағы» ордалық рухты қоз­ға­ған сол адам. Мұхтар сол Мағауия діл­мар­дың саясында тамырланып, тарихи рухтың шы­рынын бойына сіңіре бой көтерді.

Қазір қазақтың тектік қорындағы қою мәйекті тұқымдардың талайы іріп, сұйы­лып кетті. Ата жолын рухына айнал­дырған перзент азайды. Рухани жиделібайсында туып, ұрпағын рухани қуаңшылыққа ұшыратқан тұқым-тұяндарда жеткілікті. Жоғарыдағы қуатты әрі шағымды ішкі әлемнің нәзік құбылысын түсінетіндей кіші Мұхтарға табиғат жете берді. Ол жазымыш сыйлаған үш бақытын – атаның аманатын, бойына берген талантын және – Бақытын (жары) аялай білді. Қолына қонған бақ құсын үркітіп алған жоқ. Бір көргенде-ақ ғашық болып, екінші арнайы іздеп барғанда: «Сені менен артық ешқандай жігіт бақытты ете алмайды. Сондықтан да осы бетте менімен бірге Алматыға жүр. Тойды, тура бір айдан соң жасаймыз», деген сертіне жетті. Әдет­тегі алғау сөздің арасында Мұхаңның өзіне әзіл-шынын араластыра отырып: Дүниеде жары мен баласын Мағауиндей аялап, құшағы мен бауырына басқан жігіт жоқ. Сондай-ақ жары мен балаларының қызығын көріп, солардың жан жылуына бөленген еркек және жоқ – деуші едім. Бұл, шындық. Оны жазушының кейінгі жиырма жылдағы шетін өмірі дәлелдеп берді. Олар бір-бірін жалғызсыратқан жоқ, бір-бірін жалғыз қалдырған жоқ. Бақыт. Шын бақыт – осы.

Ол өзін-өзі тәрбиеледі, талант пси­хо­логиясына үңілді. Бұл – қазақ қа­лам­герлеріне тосын мінез. Соның нәтижесінде қазақ рухани әлемінің Мұхтар Мағауині дәрежесіне көтерілді.

Егер де жазушының талант психологиясы мен көркемдік әлеміне жүгінсек, оның мына қасиеттері қанық байқалады.

Бірінші: ол өз талантын құрметтей және бағытын анықтай білді. Төңірегін түгел шолып үйренген қыр баласы ретінде сегіз қиырға қатар көз сүзбей, жалғыз-ақ көкжиекті мақсат етті. Талантын ұлты үшін ең мүдделі, өзінен басқа адам істей алмайтындай мақсатқа бағыттады.

Екінші: алған бағытынан бетін бұр­майтын қайсарлық пен намысына, ұшқыр ақылына қылау түсірмеді. Өзін-өзі үнемі қайраумен, баптаумен болды. Бойын­дағы бар болмысы тек қана жазушылық ­кәсіпке жұмсалды.

Бұдан өзге М.Мағауиннің үлкен ­уа­йы­мы болмады десем – шындыққа қиянат емес. Ақырында оның таланты алмас бұрғыға айналып, өзі ескерткен жапон жазушыларының кейіпкері сияқты темір тауды тесіп шықты.

Үшінші: тумысынан бастап рухын адамға да, заманға да, тақырыпқа да тәуелді еткен жоқ. Үндемей қалған, ішінен тынған, шабуылға шықпаған сәттері болған шығар. Бірақ орнында тұралап не бұғып қалмады, тып-тыныш қалпында өзінің көкжиегіне қарай адымдай берді. Мысын ешкімге бастырмады.

Төртінші: өзіне, мақсатына, елінің еркіндік алатынына күмәнсіз сенді. «Әуелі – Алла, одан кейін Алаштың рухы, одан кейін ата-бабамның аруағы, одан кейін – менің өзімнің еңбегім мұратқа жеткізеді», – деп ойлай жүріп өзі де жетілді, тәңірі тілегіне жеткізді.

Ол жетімдік пен жетімсіздік көрген жоқ, жалғыздық көріп өсті. Шүкір төрт ұл, екі қыз, он шақты немерелі ордабасы болып отыр. Мақаланың атын «Мағауияның бәй­терегі» деп қойғанымның бір астары да осын­да жатыр.

 Ол – Мұхтар Мағауин, төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры тұтас, Үрімді үрлеп, Қы­рым­ды жайлап, «Азаулының Ыстанбұл­дан несі кем, Алаштың Мағауиясының Мұх­­тарының, хан ұлында несі жоқ, би ұлы­нан несі кем!», деп тұрған дегдар ша­ғын­да бақиға аттанды. Иә, бәйтеректер де құ­лайды. Бірақ адамның бәйтерегінің ар­тын­да – арман, ағаштың бәйтерегінің ар­тын­да – орман қалады. Бәйтеректеріміз аман болсын. Қиямет қайымға дейінгі кө­­мес­­кі өмірде Хақ иесі алдына жарығын тү­сі­­ріп, бейіштегі қызығын ұзағынан сүйін­­дірсін.

 

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

жазушы