• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Тұлға 01 Ақпан, 2025

Сөзіне берік Сейфолла

310 рет
көрсетілді

Ертеректе Тобыл – Торғай өңірінде Шайынғазы Мұхамеджанов деген ақсақал болған. Елімізде ауыл шаруашылығы ісін ұйымдасты­рушы ұжым­шар басшыларының бірі еді ол кісі. Адалдығымен ел есінде қал­ған. Сол Ша­йын­ғазыны аудан басшылығы Пәленбай деген жерге барып артель, мойын­серік құрасын, адамдарды еңбекке жұмылдырасың деп аттан­ды­рады ғой.

Шайынғазы ат-арбасына бәйбішесі мен бар мүлкін салып алып, біраз жол жүріп, аталған жерге жетсе, көзіне тірі жан шалынбайды. «Келген жерім нақ осы ма еді» деп дағдарып біраз тұрып қалады. Амалсыз далаға қарап, «кім бар-ау» деп айғай салуға тура келеді. Сөйтсе, әр тұстан жер астынан адамдар қал­биып-қалбиып шығып келе жатқан көрінеді. Енді біраздан кейін Шайынғазының айналасына әжептәуір адам жиналады. Бәрі де жеркепеде тұрып жатыр екен. Өң­дері жүдеу, жүздері солғын. Шайын­ғазы­дан іштегі елдің жаңалығын естиді. Енді күш біріктіріп жұмыс істеу кере­гін, кешікпей егін салуға кірісетін­дерін, Шайынғазының осы істі ұйымдасты­руға жіберілген бастық екенін біледі.

«Сол жұмыстан бұрын сендер ең ал­дымен ертеңнен бастап, бастарыңа ла­­­шық болса да тамнан үй тұрғызуға кірі­сің­­дер. Еңселеріңді жерден көтеріңдер. Мы­на күйлерің күй емес екен» деп Ша­йын­ғазы бірден халықты жаңа іске жұ­мылды­рып, басқару тізгінін өз қолына алады.

Бірігіп іске кіріскен және жұмысты рет-ретімен қолға алған халық бір жазда еңсе көтеріп үлгереді. Бидай ұнынан нан пісіріп жейтін шамаға келеді. Азын-аулақ мал басы да өсе бастайды.

Келген жерінде жұмысты жақсы ұйым­дастырып, жолға қойған Шайын­ғазыны басшылық мұнда да көп тоқтат­пай­ды. Тағы бір жерге мойынсерік құ­ру­ға жібереді. Ат-арбасын жегіп, қа­сы­на бәйбішесін отырғызып, аудан­ бас­шы­лығының жаңа тапсырмасы бойынша тағы да жолға шыққан Шайынғазыны қоштасуға келген халық тоқтатады.

«Әй, Шайынғазы! Сен бәріміздің басымызды қостың, елді еңбекке жұмыл­дырдың. Соның арқасында еңсе тіктеген жайымыз бар. Сол еңбегіңнің өтеуіне мына жылқыны саған байладық», дейді бір үлкен ақсақал.

«Жоқ, менің жылқы алуға хақым жоқ. Оны өздерің игіліктеріңе жаратыңдар. Маған артық зат қажет емес» деген Шайынғазы әңгімені көп созбай божысын қағып қалып, аяңдап жолға түседі.

Ақсақалдың түзулігі сондай ке­йін ұжымшар, кеңшар құрылып, шаруа­шылықтар іріленген тұста ферма мең­геру­шісінен зейнетке шығып жатқан Ша­йынғазыға шаруашылық басшылары келіп, «бұрынғыдай осы ферманы басқара беріңіз, сіз бізге әлі қажетсіз» дегенде: «жоқ, болмайды, Үкімет маған ­­­зейнетақыны қосымша табыс тауып, ба­йысын деп беріп отырған жоқ, демалып, денсаулығын түзесін деп беріп отыр. Ендеше, Үкіметтікі дұрыс, сендердікі қате» деп зейнетке толысымен бір күнде артық жұмыс істемей, зейнеткерлі­­гі­не шығып кеткен көрінеді.

Осы ақсақалдың баласы Сейфолла Шайынғазымен «Егемен Қазақстан» газетінде ұзақ жыл бірге қызмет істе­дім. «Қыран ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді ғой халқымыз. Сейфол­ланың түзулігі де әкесінен кем емес. Кей­де сол түзулік былайғы халыққа қы­ңыр­лық секілді көрініп жататыны бар. Бірақ оған қыңқ деп жатқан Секең жоқ. Өз білгенімен жүреді. «Ел қалай дейді?» деген қағидат бұл кісіге мүлдем бұйырмаған.

Шетелдің қолға ұсталған арзан көлік­тері Астананы басып кеткен ана бір жылдары Секең «советтің» су жаңа «Нива» машинасын салоннан сатып алып мінді. Қызметтес біраз жігіттер сыр­тынан болсын Сейфолланы біраз ­сынады. «Сол ақшаға жарқыраған «ауди», «мерседестің» бірін алып міну­ге болады ғой. Тоңқ-тоңқ еткен «Нива­мен» қалада не істемек, ауылда тұрса бір сәрі» десті. Жұрттың осынау пікі­рін Секеңе айтып көрсек, «олары жалқау­дың сөзі ғой, біздің жеріміз бен жолы­мыз «ауди», «мерсе­деске» арналмаған. ­Оның үстіне қазақтың бүтінделмей жат­қан тіршілігі қаншама. Машина мін­ген екенсің қазақтың байтақ даласын көру керек, елге шығу керек, жолды-жол­сызбен жүру керек, тіршілік құру керек» деп өз айтқанынан бет бақтырмады.

Негізінен тереңірек ойласақ, Секең­дікі дұрыс. Экономикалық көзқарас тұрғысынан келсек, қазақтың таулы-тас­ты байтақ даласы джиптер мен пикап­тарға арналған. Егер халық еңбекшіл, әрекетшіл болса, біздің саясатымыз да осыған қарай аунар еді. Өйткені мына бос жатқан далада не жоқ дейсің. Неше түрлі емдік шөптер, жабайы жемістер... Өзен, көлдің балығын айтпағанның өзін­де, бұл дала басқа да қаншама игілікке тұнып тұр. Еңбекшіл елдің адамдары­ның екі көзі осыны көріп жанар еді. Егер осы далада қазақ емес, неміс, жапон, корей немесе қытай, тіпті өзімізбен көрші өзбек халқы өмір сүріп жатса, біздегі тіршіліктің сипаты өзгерер еді. Өкінішке қарай, біздің халық сол сипатты өзгертуге асығар емес. Біздің қазақтың басқа халықтардан бір артықшылығы – әрбір қазақ тиімді тірлік құрса, ауыл мен қаланың басын қоса алады. Егер ебін тапса қазіргі технологиялық жетісті­к­тер заманында қалада да, далада да шал­­қып өмір сүре алады. Бұл өсем деген ел үшін үлкен мүмкіндік. Әрине, оған саясаты­­мыз да сәйкес болуы керек. Осыны га­зет­­тің экономика бөлімінде ұзақ жыл бір­­ге қызмет еткен Сейфолла екеуміз бір­­ша­­ма жақсы білеміз.

Секеңнің тағы бір «қырсықтығы» ол зейнетке шыға салысымен ұзақ жыл өмір сүріп, өніп-өскен Астанасын тастап, өзінің туған өңірі Қостанайына көшті де кетті. «Жұрт Астанаға жете алмай жүрсе» деп тағы әңгіме қылғандай болдық. Бі­рақ біздің бұл «ақылымыз» Секең үшін қажетке жарай қоймайтындығын іштей шамалаймыз. Бұл жолы «қартайғанда үлкен қалада тұрып, қажеті жоқ» деген қағидатты ұстанды ма екен, ол жағын білмедік. Әйтеуір «Нивасын» өзгертіп, бір джипті мініп кеткенін білеміз.

Енді Секеңнің өмірбаянына назар аударсақ, көптеген замандасымыз секілді ол да еңбек жолын ауыл ша­руа­шылығынан бастаған екен. Осы салада 3 жыл еңбек етіп, одан соң 6 жыл орта мектепте еңбек сабағының мұға­лімі, интернатта тәрбиеші болады. 1985 жылы ҚазМУ-ды бітірген соң Қоста­­най облыстық «Коммунизм таңы» газеті­­­не жұмысқа тұрып, тілші, аға тілші бо­­лып істейді. 1990 жылы Торғай облысы екін­ші рет ашылғанда Арқалыққа ­ауысып облыстық «Торғай таңы» газеті­не пар­тия тұрмысы бөлімінің меңгеру­ші­сі болып орналасады. 1993 жылы Халық ақыны Қонысбай Әбілдің шақыруы­мен облыстық телевидениеге төраға­ның орынбасары болып барады.

1994 жылы облыс әкімі шақырып баспасөз қызметінің жетекшісі – баспасөз хатшысы болуды ұсынды. Мұнда екі жыл қызмет еткеннен кейін «Егемен Қазақстанның» Ақмола облысындағы меншікті тілшілігіне тағайындалады. 1999 жылы редакция Ақмолаға көшіп келген соң газет редакциясына шолушы деген лауазыммен штатқа алынады. Содан 2018 жылы зейнеткерлікке шыққан­ша шолушы, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметте­рін атқарды. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі­нің нәтижесінде «Құрмет» ордені­мен марапатталды. Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие бол­ды. Сол сияқты Журналистер олағының сый­лығына, мұнан кейін «Алтын қа­лам», «Нұр сұңқар» сыйлықтарына ие бол­ды. 6-7 кітабы жарық көрді. Президент­­тің, Премьер-министрдің алғысхатта­рын, 2015 жылы 60 жасқа толуына орай Қостанай облысы әкімінің құттық­тау хатын алды. Ақпарат министр­лігі тара­пы­нан «Ақпарат саласының үз­дігі» төс­белгісімен де марапатталды.

«Әкем Шайынғазы соғыс жылдарынан бастап ұжымшарда басқарма төрағасы қызметін атқарды. Сол кісінің тәрбиесі зор болды. Атамыз Мұхамеджан Қостанай – Көкшетау өңіріне танылған әнші болған. Шығарған әндері де бар. Кейбірін Қостанай филармониясы­ның әншілері орындайды. 2019 жылы Құрманғазы атындағы консервато­рия­ның бір студенті маған келіп, «сіз­дің атаңыз әнші болыпты, сол туралы дерек беріңіз» деп біраз деректерін жазып алып кетті. Оқытушысы Мұхамед­жан туралы диплом жұмысын жазуды тапсырыпты», дейді Секең өзінің туып-өскен ортасы мен шыққан тегі туралы. Осы орайда Сейфолланың адалдығы, тазалығымен ел есінде қалған мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Орал Мұхамеджановтың інісі екендігін айта кетсек артық болмас.

«Сұңғат, қарапайым тілмен жазар­сың. Асыра мақтайтындай қиратып тастаған ештеңеміз жоқ. Біреулер журналист болдық деп күпініп жатады. Сондайда олар соншалықты не жазып тастапты деп ойлаймын. Оқырман таң­ғаларлықтай, бүгінгінің шындығын айтып, болашақты болжайтындай мақа­ланы өзім көрмеппін. Бәріміздікі де сол баяғы қалыпты дүниелер ғой деймін. Тіпті шындықты да шырқыратып айта алған жоқпыз. Әйтеуір күні-түні қызмет істеп, адал еңбек еткенімді білемін. Бас­­қадай бір тындырып тастағаным еске түспейді. Біз өзімізді өзіміз мақтағанмен халық кімнің кім екенін біледі деп ойлаймын. Әйтеуір ертең тарих алдында ұятқа қалмасақ болды», дейді Секең өзі туралы.

Секеңнің тағы бір қыры – ақындығы. Ақындықты соңына түсіп, қуалап жаз­бағанымен көңілдің ілкі сәтінде шығарған өлеңдері де жаман емес. Нәзік лирика да кездеседі. Өлеңдерін ұнатып, қазақтың бір мықты ақыны жақсы пікір білдіріп, батасын да берген көрінеді. Екі-үш өлең кітабы – сол еңбектің жемісі. Ол өзінің «Қазақы қалып» атты бір өлеңінде:

«Қырын қырау шалмаған, сайын – ызғар,

Ата-баба сап берген дайын із бар.

Алаңдамай әріге, барға риза,

Жайбарақат күн кешкен жайымыз бар»,

деп заман өзгерсе де сана өзгере қойма­ған халқымыздың бейқамдығына ішкі қынжылысын танытқандай болады.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Сейфолланың екінші тынысы ашыла түс­кендей. Фейсбук әлеуметтік желісін­де қазақ халқы, оның арылуға тиіс кей­бір әдеттері туралы сыни пікірлерді жиі жазады. Онысы көпшілікке ұнайтын не­ме­се қышыған жерлеріне дөп тиетін бо­луы керек, Секеңнің жазғандарын коммен­тарий арқылы талқылауға қатыса­тын адам­дар қарасы біршама. Кейде олар­дың арасынан Қарақат Әбілдина секілді өнер жұлдыздарын да кездестіріп қа­лып жатамыз. Бірқатар адамдар «дұрыс айттыңыз» деп қолдау білдіріп, пікір қо­сып жатса, екінші біреулер «қазақ туралы аузыңнан бір дұрыс сөз шықпай­тын болды-ау» дегендей қатты күйіні­шін де жасырмай жеткізіп жатады. Осыған қа­рап Секеңнің жазғандары жұртты бей-жай қалдырмайтынын байқауға болады.

Сөйтіп жүріп Секең де міне, жетпіс­ке келген екен. Ұрпақ болса, өсіп келеді. Қоғамға лайықты қызмет етіп, өмірден өз орындарын тапқан екі ұл, бір қыздан көріп отырған немерелерінің алды азамат жасына жетіп үлгерді. Сейфолла аға­мыз бен Сәлима жеңгеміз солардың қы­зық-қуанышына шуақтай берсін деген тіле­гімізді білдіреміз.

 

Сұңғатолла ӘЛІПБАЙ,

Ақпарат саласының үздігі, «Егеменнің» ардагері