Бұл сайыс бұрынғы жарыстан өзгерек. Өйткені елімізде алғаш рет оқушылар арасында республикалық «AI Olymp» атты жасанды интеллект олимпиадасы ұйымдастырылмақ.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев және Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжаттағы басты жаңалық – «AI Olymp» білімпаздар бәсекесі.
Аталған олимпиада жасанды интеллект және бағдарламалау, математика, деректерді талдау сынды тақырыптарға қызығушылық танытатын талантты оқушыларды анықтап, оларды қолдауға, сондай-ақ дара дарындарды халықаралық жасанды интеллект олимпиадасына дайындауға бағытталған.
«Бұл сайысты біз «Generative Nation» бастамасы аясында ұйымдастырып отырмыз. Жас өнертапқыштарды қолдау әрі олардың идеяларын іске асыру – біздің міндетіміз», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев.
Жиын барысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «AI Olymp» сайысын өткізу – дарынды оқушыларымыздың әлеуетін ашуға және жоғары білікті мамандарды дайындауға стратегиялық қадам екенін атап өтті.
Айта кетейік, олимпиада көктем айында өтеді. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған оқушылар ең әуелі бағдарламалау, математика және машиналық оқыту тапсырмаларын шешетін онлайн іріктеу кезеңіне қатысады. Содан соң ең үздік 40 қатысушы машиналық оқыту алгоритмдері, деректерді талдау және жасанды интеллектіге қатысты практикалық тапсырмаларды шешетін финалдық кезеңге шақырылады. Кіл мықтылардан іріктелген ең үздік оқушылар ұлттық құраманың атынан Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында өтетін халықаралық жасанды интеллект олимпиадасына (IOAI) жолдама алады.
Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусиннің айтуынша, IOAI Халықаралық олимпиадасы биыл 2-9 тамыз аралығында өтеді.