• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Пікір 05 Қаңтар, 2025

Қордаланған мәселелер пафоссыз шешімін тауып келеді

104 рет
көрсетілді

Президентіміздің жаңа жылды елдің бүгіні мен ертеңі туралы ой-толғамдарымен бастауы тағы бір саяси дәстүрімізге айналды. Мемлекет басшысы биыл да өзінің ауқымды сұхбатында өткен жылды қорытындылап, алдағы кезеңге нақты межелерді белгілеп берді. Ең бастысы, Президент сұхбатында ішкі және халықаралық күн тәртібі төңірегіндегі халықты толғандыратын ең өзекті мәселелерге нақты әрі толыққанды жауап берілді.

Жаңа саяси жылды қоғаммен ашық әңгімеден бастау – Қасым-Жомарт Кемелұлынының өзіне тән айрықша ұстанымы. Халықпен мұндай форматта тілдесу жұртшылықты жұмылдырып, елде жүріп жатқан үдерістерді түсінуге, қоғамдық пікірталасқа сеп болады. Бұл – Президенттің елдегі маңызды өзгерістердің бәрі тек халықпен бірлесе жүзеге асырылуға тиіс деген берік позициясының тағы бір айқын айғағы.

Өткенге көз жүгіртсек, біз Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіндегі былтырғы сұхбатында айтыл­ған, мемлекеттік аппарат пен қоғам алдына қойылған мақсат-міндеттер толық орындалғанын көреміз. Демек, сұхбатты мемлекетіміздің бір жылға межеленген нақты даму жоспары, Президенттің Әділетті Қазақстан құру жолындағы ауқымды бағытының құрамдас бөлігі деп айтуға болады.

Өткен жыл Қазақстанды өзгерістерге бастаған тағы бір елеулі кезеңге айналды. Ол іргелі істер мен айтулы оқиға­ларға толы болды. Рекордтық мөл­шерде астық жиналды. Бір жылда мил­­лиондаған шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мыңдаған шақы­рым жол салынып, жөнделді. Тұр­ғындарымыздың шаңырағына жай­лылық пен жылу қайта ұялады. Мүшкіл күйге түскен инженерлік-комму­налдық инфрақұрылым жаңа­рып-жаңғыртылды. Жылдар бойы қордаланған мәселелер ешқандай пафос пен көзбояушылықсыз, қалыпты жұмыс жағдайында шешімін тапқанын айта кеткен жөн. Ең бастысы, мұның бәрі бүкіл елде азаматтардың тұрмысы едәуір түзелгенін көрсетеді.

Сонымен қатар сыртқы және ішкі сын-қатерлерге қарамастан, халқымыздың әлеуметтік жағдайы мен көңіл күйі жақ­сарып келеді. Пре­зидентіміздің «Ұлт­тық қор – балалар­ға» бағдарламасы іске қосылды. Жұрт­шылықтың әлеумет­тік әділдік жөнін­дегі талап-тілегіне тү­бегейлі жауап берілді. Заңсыз шыға­рылған капиталды қайтару туралы Мем­лекет басшысының тапсырмасымен қабылданған заңның арқасында миллиардтаған қаржы қыс­қа мерзімде елге қайтарылды. Ол қа­ражатқа бүкіл елде мектептер, ба­лабақшалар, ауруханалар мен спорт нысан­дары салынып жатыр. Осы күрде­лі іс әрі қарай да жалғасын табады.

Бұған қоса жетекші шетелдік оқу орындарының филиалдары ашылып, ғылымды қаржыландыру көлемі артып келеді. Осының барлығы елімізде адам мен оның жан-жақты дамуы басты назарда екенін аңғартады.

Біз азаматтарымыздың ой-санасы біртіндеп өзгеріп келе жатқанын көріп оты­р­мыз. Мәселен, былтырғы ала­пат су тасқынына төтеп беруі хал­қы­­мыздың ұйымшылдығы мен жұ­ды­­рықтай жұмылуының жарқын үлгі­сі­­не айналды. Ең қиын сәттерде ұйы­са білу – ұлтымызға тән ерекше қасиет. Өткен көктемде дәл солай бірі­ге алдық. Жұртшылық жоғарыдан еш­қан­дай пәрмен күтпестен, тілсіз жау­мен жанқиярлықпен күресті. Олар тек өз үй-жайын ғана қорғап қой­май, жақындарына қолұшын созып, басқа өңірлерге де көмекке барды. Волонтерлер қозғалысы бүкіл елді қамтыды. Президент өз сұхбатында айтқандай, біз қарғын суды аз уақытта ауыздықтадық. Оған қоса зардап шеккен нысандарды қалпына келтіріп, тіпті жаңасын салып үлгердік.

Өткен жылы халықаралық деңгейде де көп жетістікке қол жетті. Әлемдік ахуал түбегейлі әрі қарқынды өзгеріп жатқанда біздің ел өзін халықаралық қоғамдастықтың беделді де жауапты мүшесі ретінде көрсете алды. Бүгінде дұрыс жолға қойылған сыртқы саясат кез келген елдің табысты және тұрақты дамуының шешуші әрі негізгі факторы екені анық. Ал мемлекеттің көш басында тәжірибелі саясаткер, білікті дипломат тұрғанда ол ел әлемдік диалогтің жаңа ұстанымдары қалыптасатын және іске асырылатын мекенге айналады.

Президентіміздің өзге тілдерді терең меңгергені, басқа елдердің мәдениетін жақсы білетіні, ой-өрісінің кеңдігі оның кез келген кездесуде биіктен көрініп, ұлттық мүддемізді сәтті, табанды түрде қорғауына септігін тигізетінін көріп жүрміз.

Жуырда ғана Мемлекет басшысы нағыз дипломатиялық қадам жасады. Әзербайжан әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауына байланысты туындаған күрделі жағдай мен сыртқы қысымға қарамастан, Пре­зидент тергеу амалдарының шынайы­лығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін қара жәшікті құлаған әуе кемесін жасаған елге, яғни Бразилияға жіберіп, бірден-бір дұрыс шешім қабылдады. Мұндай шешім мүдделі тараптардың бәрінің көңілінен шығып, Қазақстанның негізгі мәселелердегі табандылығы мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге паш етті.

Былтыр еліміз біраз беделді халық­аралық ұйымға төрағалық етіп, бір­қатар саммит пен форумның ұйым­дас­­тырылуына ұйытқы болды. Пре­зи­дент ел ішінде де, шетелдерде де ең жо­ғары деңгейде көптеген кездесу өткіз­ді. Олардың бәрі бейбітшілік пен қауіп­сіздіктің, барлық салада мемлекетіміздің ілгері басуының кепіліне айналды. Мемлекет басшысы­ның әр шетелдік сапары, халықаралық форумдардағы әрбір сөйлеген сөзі жаңа келісімдер мен уағдаластықтарға жол ашып, елімізге деген сенімді арттыра түседі.

Президент өз сұхбатында Қазақ­станның Ресей, Қытай, АҚШ, түркі әлемі елдерімен өзара қарым-қатынасының келешегіне егжей-тегжейлі тоқталды. Барлық мемлекетпен арада ауқымды жоспарларымыз бар, ешқайсысымен түсініспеушілік жоқ. Бұған көп ел қол жеткізе алмай отыр. Осының бәрінің артында Президентіміздің күнделікті атқарып жатқан орасан зор еңбегі тұр.

Елге жаңа инвестициялар, технологиялар тартылып, өндірістер бой көте­ріп жатыр. Қазақстан әлемдік сау­да нарығындағы өрісін кеңейте түсу­де. Мұның барлығы еліміздің бақуат­тылығына әсерін тигізеді. Қазақстан 2024 жылы жаңа жобаларға 15,7 млрд доллар тікелей инвестиция тартты. Ол – былтырғыдан 88 пайыз жоғары. Бұл – Орталық Азия өңірі елдеріндегі ең жоғары көрсеткіш. Осы ретте тікелей шетелдік инвестицияның шамамен үштен екі бөлігі біздің елімізге тиесілі.

Мемлекет басшысы өз сұхбатында биліктің барлық тармағының жұмы­сы­на жан-жақты тоқталды. Парламент қыз­метіне оң баға берді. Бұл депутат­тар­­ға тың күш-жігер беріп, ел игілігі жо­­лын­­­дағы жұмысқа бізді жұмылдыра түседі.

Қазіргі таңда Парламент алдында үлкен міндеттер тұр. Атап айтқанда, төрт құжатты – Салық, Құрылыс, Су кодекстері мен Цифрлық кодексті жаңа­дан қабылдау.

Ауқымды әрі келешегі зор тақырып­тың бірі – жасанды интеллектіні дамыту. Депутаттар осы инновациялық са­ладағы қарым-қатынасты жаңаша қа­лыптастыратын, оның ел игілігі үшін прогрессивті дамуына жан-жақ­ты жағдай жасайтын заң жобасына баста­машылық етті. Жұмыс тобына бү­гінде Astana Hub-та жұмыс істей­тін жетекші ІТ компаниялардан маман-са­рапшылар кірді. Мәжілісте әзірленіп жатқан осы заң жобасының жақын арада таныстырылымы өтеді деп ойлаймын.

Осы орайда елімізде озық зерттеу­лерді экономикаға енгізу тәжірибесі бар. Кезінде майнерлердің жұмысына құқық­тық тұрғыдан жағдай жасалды. Қазіргі уақытта Астана халықаралық қар­жы орталығы базасында крипта-биржа табысты жұмыс істеп, бюджетке тұрақ­ты түрде миллиардтаған салық түсіп жатыр.

Әр заң жобасы жаңа жағдайлар мен қоғамның сұранысын ескере отырып, өзі реттейтін салалардағы құқықтық қа­тынастарды қайта жандандыруға тиіс. Мемлекет дамуына тың серпін бе­руі керек. Бұл – депутаттардың ха­лық пен Президент алдындағы зор жауап­кершілігі. Осы ретте Мем­ле­кет бас­шысы жан-жақты насихат­тап жүр­ген «Заң мен тәртіп» қағидаты жағ­дайында Парламенттен шыға­тын әр құқықтық құжаттың құнды­лығы мен маңызы артып келеді. Сон­дықтан депутаттар азаматтық және сарапшылық қоғамдастықпен әріптес­тікке заңнаманы жетілдірудің барлық деңгейінде ерекше көңіл бөледі.

Қазір елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптасып келе жатқанын көріп отырмыз. Ашықтық пен пікір алуандығы жаңа саяси сипаттарға айналды. Алты саяси партиядан, бір мандатты округтерден сайланған депутаттар өз сайлау­шыларымен күнделікті байланыста. Олардың талап-тілегін Парламент мінберінен жеткізуде.

Осылайша, қоғамда қызу талқыға түскен бірыңғай уақыт белдеуі мәселесін депутаттар жұмысқа алды. «Amanat» пар­­тиясының Парламенттегі фракциясы аталған мәселені Үкімет мүшелерімен, сарапшылармен, өңір өкілдерімен бірге екі рет қарады. Үкімет алдына сағат бел­деуі ауысуының тұрғындар өмірі мен ел экономикасына әсерін анықтау бо­йынша жоспарланған барлық зерттеуді биылғы наурызға дейін жүргізу міндеті қойылды. Президент айтқандай, соның негізінде Парламент Үкіметпен бірге байыпты шешім қабылдайды. Бұл Мемлекет басшысы айқындаған «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» формуласы нақ­ты жұмыс істейтінін және өзін-өзі ақта­ғанын айқын көрсетеді.

Сұхбатында Президент болашақ жас буынның келбетін айшықтап берді. Түптеп келгенде, реформаларымыз сол өскелең ұрпақтың қамы үшін жүргізіліп жатыр. Бұл – барлық мемлекеттің стра­тегиялық ресурсы. Қазір біздің елде Отанымыздың өркендеуіне зор үле­сін қосып отырған шын патриот жас­тар бар екенін мойындауымыз керек. Мәселен, «Жастар рухы» жастар қанаты Президенттің айтқан сөздеріне әрдайым алғашқылардың бірі болып үн қосады. Осылайша, бұл ұйым «Таза Қазақстан» акциясының негізгі қозғаушы күшіне айналып, волонтерлық қозғалыс бүкіл ел бойынша қанат жайды.

Сонымен қатар Президентіміз айтқандай, жастармен үнемі жұмыс істеу қажет. Соның ішінде жастар арасында дұрыс бағдар қалыптастыру үшін Мемлекет басшысы осы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Ел бойынша еңбек адамының мәртебесін арттыруға, еңбексүйгіштік пен кәсіпқойлық құн­ды­лықтарын ілгерілетуге бағыттал­ған ауқымды жұмыс қолға алынды.

Президентіміз сұхбатында мерзі­­­мінен бұрын сайлау өткізу ықтимал­дығы, парламенттік республика құру, БҰҰ-дағы жұмыс туралы әртүрлі алып-қашпа әңгімелерге нақты әрі тура жауап берді. Бұл сұрақтарға нүкте қойылды десе де болады. Мемлекет басшысы өзінің таяу жылдарда елді дамытуға арналған айқын жоспары бар екенін және оны кезең-кезеңімен іске асыратынын тағы да растады.

Бұл – азаматтардың талап-тілегінен және елдің мүддесінен туындайтын, әбден ойластырылған стратегия. Рефор­малардың нәтижесін біз күн сайын кө­ріп отырмыз. Биліктің барлық тарма­ғы то­лыққанды жұмыс атқарып, алға қойыл­­ған міндеттерді бірге орындап жатыр.

Қоғам мен саяси институттар арасында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына негізделген өзара байланыстың нақты жүйесі қалыптасты. Біз жұртшылықпен жиі жүздесіп тұрамыз. Қазір де депутаттар өңірлерді аралап жүр. Президент бастап берген өзгерістердің тек «кабинет ішінде қалып қоятын» емес, азаматтардың сұранысымен біте-қайнасатын өміршең істер, нақты жауаптар екенін көпшілік түсіне бастады. Оны көріп отырмыз.

Сондықтан әлеуметтік зерттеулер Президентке және оның саясатына деген сенім деңгейі 80 пайыздан жоғары екенін көрсетіп отыр. Қоғамымыз жедел өзгеріп жатыр. Жұрт мемлекеттік ше­шімдер қабылдау ісіне араласуда. Аза­маттардың саяси сауаты артып ке­ле­ді. Ал мұның бәрі – қазіргі жағдай­да елдің табысты дамуының берік кепілі.

Сұхбатпен танысқанда Қасым-Жомарт Кемелұлының құжаттармен мұқият жұмыс жүргізетініне тағы да көзім жетті. Оның қасында қызмет еткен кездері Президенттің талапшыл екенін, әсіресе өзіне қатаң талап қоятынын көрдім. Ол өзінің мәтініне өте тиянақты, ұқыпты қарайды. Әрбір құжаттың, өзінің сөйлейтін сөзінің мазмұны мен ондағы негізгі ойларды өзі қалыптайды. Әрине, бұл кей кездері біздің жұмысымызды жеңілдететін. Өйткені аппарат алдында нақты, түсінікті міндеттер қойылатын еді. Бірақ сонымен бірге Президенттің жоғары талабына сай болу үшін бізге үнемі өз-өзімізді жетілдіру қажеттігін де түсінетінбіз.

Қорыта айтқанда, Мемлекет бас­шы­сының жаңа жылды халықпен тілдесу­ден бастау, өз пайымдарын, ой-толға­ныстарын ортаға салу дәстүрі Президентімізді халықпен одан әрі жақындастыра түсіп, азаматтардың жүре­гіне сенім мен тыныштық ұялата­ды. Нәтижесінде, бұл баршамызды елдің болашақ дамуы жолындағы игі мақсат­тар төңірегінде топтастырады.

 

Ерлан ҚОШАНОВ,

Парламент Мәжілісінің төрағасы